"Қамшы" ақпарат порталы – еркін ой алаңы. Ақтау қаласында тұратын Мәмбеткәрім Қожырбайұлы есімді авторымыздан "Путинге жауап" атты көлемді мақала келіп түсті. Көз алдарыңыздағы мақаланың қысқартылған нұсқасы. Ал, толық мақаланы мына жерден оқи аласыздар.
Соңғы ғасырларда Алласын ұмытып, Атасынан безген кейбір көршілеріміздің «безбүйрек» ұлдары қазақ даласына көз алартумен келеді.
1961 жылы КПСС Орталық Комитетінің Бас секретары Н.Хрущев Қазақстанды бөлшектеу мақсатында еліміздің Солтүстігіндегі бес облысты Ресейге, Шымкентті Өзбекістанға, Маңғыстауды Түркменістанға беру жөнінде мәселе көтерді. Алайда, ол сол кездегі Қаз ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Жұмабек Ташеновтың ССРО Конституциясын басшылыққа алып, Қазақ жерінің ешкімге берілмейтінін айтып қасқайып қарсы тұрған қарсылығына тап болды. Кектенген Хрущев екі айға да жеткізбей Ж.Ташеновты орнынан алып Шымкентке облыстық Атқару Комитетінің орынбасары етіп жіберді. Ел үшін, жер үшін мансабынан баз кешкен Ж.Ташеновтың бұл ерлігі ел арасында аса жоғары бағалануда, үкіметтің қаулысынсыз-ақ оған бүкіл Қазақ халқы «Халық батыры» деген атақ берді. Бір өкініштісі, Қазақстан билігінің бұл атақты Мемлекеттік деңгейде мойындап, бекітуге шамалары жетпей келеді.
Хрущевтен кейін бұл әңгімені М.Горбачев пен А.Солженицын бықсытты. А. Солженицынның «Бiз Ресейдiң көсегесін қалай көгертеміз?» деген публицистикалық толғауында «Балтық жағалауындағы үш, Кавказдық үш, орта азиялық төрт, егер шынымен Романдарға бүйрегі бұрылып тұрса, Молдавияны және дені қазақтардан құралатын оңтүстік-батыс Қазақстанды («көріпкел» мұнда Шымкент, Қызылорда, Атырауды меңзеп отыр – М.Қ.) өз бетімен коя беріп», «орыстілді төрт мемлекеттен (РФ, Украина, Белоруссия және орталық батыс, солтүстік Қазақстан) құралатын «Славян одағын құру» платформасын ұсынды.
А.Солженицын 1992 жылы күзде Н.Говорухин екеуі өткізген телесұхбаты кезінде, Қазақстан туралы сөз болғанда: «Не деп тұрсың, Қазақстан деген орыстілді халық емес пе? «Түптің-түбінде бәрібір біртұтас ұлт болып кетеміз деп үміттенген коммунистердің мылжыңдығынан ел болып, үлкен территорияға ие болып қалғаны болмаса… Қазақтың малының тұяғы басқан жердің бәрі неге қазақтікі болмақ?» – деген еді. Бұл сарын Ресей саясаткерлері мен қайсыбір тарихшы, журналистерінің аузынан әлі күнге түспей келеді. Солженицын мақаласының негізгі түйінінде: «Малороссов дейсің бе, Велико-Россов, мейлі Белороссов» дейсің бе, бәрібір бұл төрттік түптің-түбінде «Русь», «Российский Союз» аталады», – деп кесіп-пішіп айтқан болатын.
Ол аталған жазбасында КСРО құрамындағы: украин, беларусь, басқа да үлкенді-кішілі халықтарды Ресейсіз күн көре алмайтындар деген сыңайда бағалады.
Ал осы Солженицынды кім дейтін болсақ, орыс жазушысы Г. Климов ол жайлы былай депті (кейбір үзіндіні түпнұсқа күйінде беріп отырмыз): «Мотором, приводяшим в движение творческий процесс полуеврея Солженицына, очевидно, является психическая болезнь – «Комплекс мессии» или же «Мания реформаторства» («Красная кабала»). Одан кейін: «...Его отец был евреем-выкрестом, из Исаака стал Исаем, и вот таким образом получился Александр Исаевич Солженицын», – деді. «Исаевичтің» атасы Семен Ефимович, әкесі Исаак Семенович, шешесі Таисия Захаровна Щербак та еврей-выкрест (өзге дінге енуші) екен».
Ол АҚШ Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) тапсырысымен, шет елдерді аралай «ән салып» жүріп, КСРО-ға қарсы өзінің жазғаны, өзгеге жаздыртқаны бар – жиыны 1500 шамалы кітап шығартқан.
Қысқасы, ол жариясыз миллионер болып, 1976-жылы Американың Вермонты қаласында тұрақтаған. Шындығында, ол сол заманның тілімен айтқанда, өз еліне қарсы жан аямай күрескендіктен, бар өмірін түрме мен айдауда өткізген. Ол Кеңестік Одақ үшін аса қауіпті қылмыскер болатын. Алайда, Ресей сол Солженицынды Одақ ыдыраған бойда елге шақырып иығына «шапан» жауып, үлкен құрмет көрсетті.
Ресейдің, орыс халқының жалғыз жанашырынша сайрап жүрген әлгі... «шешем – орыс, әкем – заңгер» дейтін жерлесіміз В. Жириновский және қазаққа қарсы басқа шуылдақтар да сол «дядяларынан» үлгі алды (жерлесіміздің шын аты-жөні – Владимир Вольфович Эйдельштейн. Ол әкесінің «Вольф Исакович» екенін де жасырып, «Вольф Андреевич» деп жазыпты).
Ресей шовинизмінің бір мүйізін ұстап жүретін осы Жириновский қазақтарды әлсін-әлсін мазақ етумен келеді:
- Қазақстан тәуелсіздік алып, Көк байрағын көкке желбіреткенде, Жириновский ашу-ызадан жарылардай болып Қазақтың көк байрағын отқа өртеді.
- «Қазақстан деген ел адамзат тарихында болмаған. Мына өзбектерде ең болмаса Үргеніш, Бұхара секілді қалалар болды. Хандық болды. Ал оңтүстік–Сібірде ештеңе болған жоқ. Бұл Сталиннің ойдан шығарған қиялы. Қазақтарда не мемлекет, не жер болған емес. Қазақстанның солтүстік облыстарының барлығы дерлік орыстың жері».
- Кейінірек, Жириновский қазақтың қара домбырасын «екі ішек, бір таяқ» деп мазақ етті. Тақыр далада ертеден кеш, не тұшымды сөзі жоқ, қазақтың аңыраған әнінен басқаға жарамайтын қу таяқ деп залдағы жұртты мәз қылды. «Қазақ тілі деген не өзі? Жазба әдебиеті болмаған ұлтта қайдағы тіл?» деп тілдеді.
- Қазақтар туралы мазақ сөздері интернеттің ермегіне айналды. «Олар» дейді видео роликтің бір тұсында, (бізді, қазақтарды айтады), «бабалары жабайы, қыдырымпаз, көшеді де жүреді, тұрақты мекендері жоқ, қолдарындағы ағаштарын (домбыра) сабалап, өздері айтып, өздері мәз халықтың бүгінгі ұрпақтары солар... Мәдениеттен жұрдай» деп мысқылдады.
- Қазақтарға жаппаған жаласы, артпаған кінәсі жоқ. Ұмытпасам Ресейдің Президеттік сайлауына түсіп жатқан кезі болса керек, Қазақстандағы орыстардың «қиын» жағдайын ашына айтып «Жатақханаларда, мәдени орындарда т.б. көптеген жерлерде орыс ұлтына қысым жасалуда. Орыс мүддесі Қазақстанда аяқ асты етіліп жатыр», - деп байбалам салып өзеуреп, екі иығын жұлып жеді.
- В. Жириновский тек қана жалғыз қазақтарға тиісіп отырған жоқ. Тарпаңдығын көрсетіп, «ноқтаға» басын сұққысы келмеген Украинаға қарата айтқан мына бір сөзіне назар аудармай көріңіз. «Балақайлар, ойындарың қанған болар. Бірдеңеге ұрынып қалмай тұрғанда тезірек үйге қайтыңдар. Әлі де кеш емес, еркеліктеріңді кешіреміз» деп соқты.
- Қырғызстанда қырғын болып жатқанда: «Бұлар өз беттерімен (оның ішінде бізде бармыз) ел бола алмайды деп мен айтқалы қашан. Күні ертең бәрі де келеді қыңсылап. Соғыс өртін өршітпеу үшін Қырғыздарды тез арада Ресейдің автономиясы етуіміз керек» деп өзеуреді.
- «Демек, олар жерін беруге дайын. Шындығында, Қырғызстанда пайдалы қазбалар ғана емес, басқа да нәрселер бар... Су ресурстарын пайдалануға болады. Егер олар ешнәрсе бергісі келмесе... Ыстық көлді берсін», – деп мәлімдеді. Оның сөзінше сайлау науқаны кезінде Қырғызстан президенттігіне кейбір үміткерлер алдын ала Ресейге «тұтас облысты» беремін деп (егер Ресей тарапы билікке келуге көмектессе) уәде еткен көрінеді.
«Ит үреді, керуен көшеді» десек те, оның айтып жүргендері жанды жаралайтын өте ауыр сөздер!!! Қарап тұрсаң оған бәрін айтуға құқық берілгендей. Ал бізден біреу шығып айтып көрсінші тап осылай. Ұлт араздығын қоздырушы ұлтшыл, фашист, террорист атанып, құйрығына қалжауыр байланып, әлдеқашан «зынданға» тасталған болар еді. Жириновский болса аузына не келсе соны оттап, ақпанда құтырған адуынды бурадай көбігі көкке шапшып әлі жүр.
Қырғызстан Парламенті РФ Мемлекеттік думасының депутаты, вице спикері, РЛДП көшбасшысы Владимир Жириновскийді «нон грата» тұлғасы деп жариялап, елдің Сыртқы істер министрлігіне оны республика аумағына кіргізбеу туралы мәселе қойды. Жоғарғы Кеңеш депутаттары мәжілісте ұсынысты қолдап қаулы қабылдады.
Айта кетейік, бұдан бұрын Латвия мен Украина да Владимир Жириновскийді «нон грата» тұлғасы деп жариялаған болатын.
Тарихқа шегініс жасасақ, Алаш Орда арыстарын түгелдей қырғынға ұшыратып, қолдан қасақана аштық ұйымдастырып, қазақ даласын қанға бояған Голощекин де ебрей болатын. Осы қырғында Қазақ елі өзінің үштен екі бөлігінен айрылды, яғни алты миллион адамнан, бар жоғы бір миллион тоғыз жүз мыңдай адам қалған. Қазақстан тәуелсіз ел болды дегенде, ашу-ызадан жарылардай болып Қазақтың Көк байрағын отқа өртеген мына Жириновский де ебрей. Осылардың бәрі кездейсоқтық болуы мүмкін бе? деген сұрақтың өз-өзінен туындап тұрғаны анық.
Мәмбеткәрім Қожырбайұлы, Ақтау қаласы