Әлем поэзиясының жауһарлары

/uploads/thumbnail/20170708174131501_small.jpg

Поэзия адам рухының бостандыққа ұмтылуы. Өлең өзін өлімге байлап, ақынға ой еркіндігін сыйлайды. Иосиф Бродский О.Е.Мандельштам жөнінде жазған мақаласында осындай ойды меңзеген. (Ардақ Нұрғазыұлы. «Қазақтың модернистік поэзиясы») осындай ой желісі негізінде сіздерге шетел ақындарынан

Qamshy.kz

парталы бір топ өлең ұсынып отыр.

Friedrich_Schiller_by_Ludovike_Simanowiz

Фридрих Шиллер немістің ұлттық мәдениетіне үлкен үлес қосқан. Дүние жүзі әдебиетінің классиктері қатарынан көрнекті орын алатын ақын, драматург Фридрих Шиллердің шығармаларын әлем халқы ең таңдаулы мәдениет мұрасының қорына қосып бағалайды.  

ГҮЛДЕР

Шашырап шыққан күннің перзенттері, Әсем гүл қызыл ала өрнектері, Махаббат, сұлулықтың белгісі деп, Сіздерді көп болды әлем тербеткелі. Сақина өрнегі боп флораның, Көркіндей келесіңдер бұл араның. Бірақта ойланыңдар, толғаныңдар, Жайнаған жас сұлулары гүл алаңның. Жылаңдар: өмірдің сырт сұлулығы, Құя алмас жандарыңа сірә бәрін. Бұлбұлдан, торғайдан соң өрістеп үн, Шығады сіздер жайлы шерлі іштен мұң. Жапырақтарыңызда тербетіліп, Ұйықтайды қалғып қызы періштенің. Сіздердің тәждеріңіз елден ерек, Диана қызын сиқыр күйге бөлеп. Жіберді айналдырып көбелектің Жасаулы кілеміне бір керемет. Жылаңыз, жас төгіңіз, күн баласы, Белгілі көңіліңнің мұң – наласы. Сіздерден алыс кетіп аулақ жаққа, Алшақтап махаббаттың тұр арасы. Бірақ та айрылысу, қайғы – мұңды, Қарсы алам жимай ешбір айылымды. Қадырлы досым, Нанни! Бұл саусақтар Сый тоқыр өзіңе арнап қайырымды. Жырымды, жүрегімді, өмірімді, Сыр толы, нәзік күйлі көңілімді, Мен сізге тапсырамын аманат қып, Өсиет, ең ақырғы сенімімді. Табасың бұл сөзімнен не керекті, Осы бір алақандай еле бетті. Ең күшті тәңірден ұшыратпас Көресің құпия бір кереметті.  

ТІЛЕК

Ашыл, сайдың тұманы! Тара, түнек мұнары. Құшармын қайдан арманды, Қанарма жанның құмары? Жалындап гүлмен лаулайтын, Қызыл төбе көремін. Қанатым қайда самғайтын, Басында сол бір төбенің? Көңілің қалар жеңілдеп, Үнімен сырлы шектердің. Соғады қоңыр жел үрлеп, Лебі боп нұрлы көктемнің. Сол жерде жеміс жарқылдап, Ағашты тұрар алтындап. Дөңесте, жазық көгалда, Соқпайды боран аңқылдап. О, сұлулық, мас қылдың! Керемет көктем сол жерде Жұтқандай исін жас гүлдің, Тулайды жүрек кеудеңде. Ұшамын сонда... қиял құр! Өтетін жолым жоқ менің. Алдымда асу қия тұр, Арқыратып көк селін. Қайық тұр... бастар қайда адам, Жөнелдің... сында білек бұл. Желкені қанат байлаған, Ескегі найза бір өткір. Сен жүрекке тәуекел, Құдайға сенбе не керек. Керемет болса тәу етер, Жол басшың сол бір керемет.  

ЖОЛАУШЫ

Соңына еріп үміттің, Кеттім балғын шағымда; Үйімді де ұміттім, Жан қалған жоқ жадымда. Тым жұпыны киімім, Жас баладай көңілім. Айдады алыс иірім, Үмітім тек серігім. Көрінбеді жол алыс, Деді маған бір дауыс: «Тарт шығысты бетке алып! Тұрар сенің жолыңда, Жер жұмағы не керек, Қасиетті орынға Тап боласың керемет». Таң кешімен жалғанды, Кеш ауысты таңменен. Іздеп сол бір арманды Кетті менен әл – дәрмен. Шыңыраулар сұстиып, Шың жоталы тау тұрды. Салдым көпір күш жиып, Өр тасқындар арқылы. Көрдім кенет шығысқа, Тартқан өзен көк ала. Тербетіліп ағысқа, Тұр бір қайық жағада. Үмітпенен, қауіппен, Кештім өзен тереңін. Бақытымды тауып мен Алатындай көремін! Мұхиттан бір белгісіз, Шықты менің қайығым. Алдым тұман көргісіз, Күтем кімнен қайырым? Аспан мен жер мәңгілік, Қауышпайтын секілді. Кетті бақыт дал қылып, Күйге салып не түрлы. Өлеңдерді аударған: С. Мәуленов

Percy_Bysshe_Shelley_by_Alfred_Clint_crop

Перси Биши Шелли ағылшынның ұлы ақыны. 1972 жылы 4 тамызда ауқатты отбасында дүниеге келген. Отыз жасында опат болған ақынның көзқарасында, оның жырларында Байрон лебі еседі. Ол да халықтың сарқылмас күшіне, оның сәулетті болашағына шексіз сенген ақын. Ұлы ақын шығармашылығының өн бойында адамның сұлулығы, жеңілмес рухы, ертеңгі нұрлы болашағы, сол жолдағы бітіспес күресі паш етілген.  

ИНДИЯ СЕРЕНАДАСЫ

  Түсіме ендің сен жаңа, Ояна кеттім ойға ала. Хош исті айнала, Жұлдыздар жүзген жай ғана. Түсіме еніп ұйыттың, Аңғара алмай қалды жан. Ашылды кеп, сүйіктім, Терезең тап алдымнан. Желдей әлсіз шарлаған, Саялы алқап ығында. Гүлдей сезім қалмаған, Құлағын түрмей бұлбұлға. Бейне түстей өмірсіз, Алдында өткір көзіңнің. Өліп барам көңілсіз, Кең кеудеңде өзіңнің. Тұрғыз мені, бер көмек, Сезімім жоқ, халым жоқ. Оян – дағы жедел дет, Себеле нұр жауын боп. Салқын маған бұл маңда, Соққан жүрек қабынып. Өз кеудеңе құларда, Кетер жүрек жарылып. Аударған: С. Мәуленов  

МЭРИ УОЛЛСТОНКРАФТ ГОДВИНГЕ

  1 Жанарым жастан бұлдырап, Тұрса да, қалдым сыр бермей. Көзімді бұрдым тұнжырап, Ойыңды сенің білгендей. Ынтызар оты көзіңнен, Жарық етпей қалай безінем. 2 Маңдайдың соры бес елі, Жегідей жеймін өзімді. Уайымның жеңіп кеселі, Жүрегім мұңнан езілді. Үмітсіз халым – жасқаған, Жасырам оны басқадан. 3 Ешкімде көңіл бөлген жоқ, Өзіңмен өзің едің сен. Жылдар да өтті керуен боп, Махаббатым боп келдің сен. Пейліңмен бір сәт емдедің, Сонан соң азап – көргенім. 4 Тірілттің мені қайтадан, Мейірімің төгіп үн бердің. Базары мүлде тарқаған, Жайнады солған гүлдерім. Ерніңе ернім тамсанды, Көзіңнен іштім кәусарды. Бақытты сірә болмаспыз, Байлаулы қолым, жолым да. Бір ғұмыр кеше алмаспыз, Оңым да дұшпан, солым да. Нар сөзді қайдан табайын, Бұғаудың бұзар талайын! 5 Үркексің, нәзік, әсемсің, Тірлік жоқ сенсіз, ғашықпын. Мен үшін шырын, әселсің, Сертіңе сенің асықпын. Жанасың өзің от болып, Қарайсың бе екенсің жек көріп?! Аударған: Ж. Қыдыров  

1819 ЖЫЛҒЫ АНГЛИЯ

  Король – топас, бостандықтың қас жауы, Алжыған қырт тәжді киген басына. Шаһзада да сол тұқымнан – лас жаны, Іріп – шіріп біткен жетпей жасына. Ел – жұртыңды билейтұғын – сүліктер, Күндіз – түні бал қаныңды сорады. Көз ашқаннан аштыққа боп кіріптар, Бар – жоғыңды тоқ жүргендер тонады. Әскер деген – кісі өлтіргіш хас надан, Алтынға құл болып заңың жаралған. Шіркеулерде сиынады ақшаға, Парламентте баяғыда – ақ жоқ адам, Бәрі осының – Англлия дер едім, Алыс болмас азаттықта келер күн. Аударған: Ж. Қыдыров  

ЖИҺАНГЕЗДЕР

  Айтшы маған, жарық жұлдыз, сырыңды, Айтшы маған, қайда тарттың, шыныңды. Қара аспанда кірпік қақпай жанасың, Ұйқы қайда, қай кез шырым аласың? Айтшы маған, бозарған Ай, тегінде, Неғып жұрсың елсіз аспан шөлінде. Тыным алар бір сәтті іздеп, мәңгілік, Жүргенің бе жадап – жүдеп қаңғырып? Жиһанкездей сен – тағатсыз жел едің, Көк түтіндей бір бұрқ етіп жөнедің. Жөніңді айтшы, не қуалап жүрсің сен, Қандай мұң бар көкейіңде, кімсің сен? Аударған: Ж. Қыдыров   Дайындаған: Қуанәлі Алмасбекұлы

Связанные Статьи