ЮНЕСКО қазақ тілін жойылып кету қаупі бар тілдердің қатарына енгізген деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. Осыған қатысты қоғам белсендісі Руслан Түсіпбеков ЮНЕСКО-дан қазақ тілін қауіпсіз тілдер қатарына енгізуді сұрап, өтініш білдірді.
"Жойылып кету қаупі бар тіл тек тұрмыстық жағдайда ғана қолданылады. Ал білім саласында яғни мектептер мен ЖОО-да қолданылмаған тіл жойылып кету қаупі бар тілдердің қатарына енгізіледі. Қазір жойылу қаупі бар тілдердің қатарына қазақ тілінен бөлек белорус, башқұрт және чуваш тілі бар.
Иә, белорус тілінің жағдайы түсінікті. Белоруссия елінде тұрғындардың көпшілігі ана тілін біледі, алайда студенттердің 98 пайызы орыс тілінде білім алады. Сонымен бірге оқушылардың көпшілігі орыс мектептерінде оқиды.
Қазақ тілін беларус тілімен салыстыру ақылға қонбайды. Себебі Қазақстанда өзге ұлт өкілдерін қатар есептегеннің өзінде оқушылардың 75 пайызы қазақ тілінде білім алады. Ал қазақтардың қазақ мектебінде білім алу көрсеткіші 90 пайызға тең.
Еліміздегі оқу орындарында да осындай жағдай. Жалпы есегенде 70 пайыз студенттер қазақ тілінде білім алса, қазақ тілінде білім алатын қазақ студенттерінің таза көрсеткіші 85 пайызға жуықтайды.
Тағы бір айта кетерлігі, беларус тілінде сөйлейтіндердің саны 6 млн адамға жуықтаса, қазақ тілінде 15 млн.
Бірақ ең бастысы Тәуелсіздік алғаннан кейінгі аз ғана уақытта қазақ тілі қарыштап дамыды. Қазақстандағы қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны 2 есеге өсті және әлі де өсу үстінде.
Ал қазақ тілін башқұрт немесе чуваш тілімен салыстыру мүлдем дұрыс емес. Қазіргі уақытта өкінішке орай башқұрттар мен чуваштар өз тәуелсіздігін алған жоқ.
Сол себепті ЮНЕСКО, қазақ тілін жойлып кету қаупі бар тілдердің қатарынан алып, қауіпсіз тілдер қатарына қосуды өтінемін", деп жазады Руслан Түсіпбеков өзінің фейсбук парақшасына.