Қазақстанның халықаралық нарықтағы бәсекелестігі туралы жиі айтамыз. Бірақ біз қай орында келеміз? Бәсекелестіктің ішіне не кіреді?
Қалай айтқанда да, жаһандық бәсекелестікке төтеп беру маңызды. Дегенмен, экономикадағы жыл сайынғы өсімнің өзі тұрақты емес қой. Үнемі өзгеріп отырады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі былтырғы нәтижемен салыстырғанда, 12 фактор бойынша өсім бар екенін мәлім етті. Нақты дерекке жүгінер болсақ, ол қандай өсім? Бұл орайда министр Тимур Сүлейменов инфрақұрылым мен қаржыландыру жүйесі. институттар, тауарлар мен еңбек нарығы саласы бойынша өсімнің артқанын жария етті. Айта кетейік, бұл орайда нәтижелі тағы бір көрсеткіш бар. Ұлттық экономика министрінің дерегіне сенсек, 140 мемлекеттің ішінен Қазақстан акционерлердің құқығы, құқықтық базаның тұтастығы, электр желісімен қамтамасыз ету салалары бойынша көш бастаған. Жеке кәсіп ашу мүмкіндігі бойынша 7, ал мүдделер арасындағы тартыс пен дау-дамайды шешу тұрғысында Қазақстан он бірінші орында тұр. Ал алғашқы төрттікте АҚШ, Сингапур, Германия және Швейцария мемлекеттері тұрғанын айта кеткен жөн.
Ескерте кетейік, Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметіне сенсек, әлем бойынша жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі 114 көрсеткішпен түзілетін көрінеді. Ал оған шамамен жыл сайын 140-тан астам ел қатысады. Тіпті біз айтып отырған сол 140 елдің санатына кірмей қалған мемлекеттер де болады. Демек, жаһандық бәсекелестікте олардың даму индексі өте төмен деген сөз.
Алайда бізге әлі де басқа да нәтижелер бойынша алға жылжу керек. Оған сенім де бар, мүмкіндіктер де мол. Ал 2018 жылдың соңындағы жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша шыққан қорытынды нәтижеге көз салсақ, Қазақстан 140 елдің ішінде биыл 59 орында тұр. Демек, мұның өзі үкіметтің халықтың әл-ауқаты мен тұрмысын көтеру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстарының нәтижелілігін көрсетеді.
Еркін Қалдан