Парламенттегі ерлер "көп әйел алғысы" келеді, әйелдер "көп күйеуге тигісі келеді" (сұхбат)

/uploads/thumbnail/20170708175207528_small.jpg

arykbai agybai

Арықбай Ағыбаев, Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жоғары мектеп Ұлттық академиясының және ҚР Заң ғылымдары академиясының академигі

Әңгімені қазақ даласындағы заң жүйесінің ежелгі үлгілерінен бастасақ

— Қазақта ежелгі заманда әдет – ғұрып заңдары болған. «Есім ханның ескі жолы», «Қасым ханның қасқа жолы» деген сияқты үздік заң үлгілері сол кездегі ел ішіндегі ынтымақ – бірліктің бір негізі екендігін тарих растайды. Қазақтың әдет – ғұрып заңдарын басшылыққа ала отырып қоғам, мемлекет арасындағы барлық мәселелер шешіліп отырған. Әдет-ғұрып заңдары халықтың өзінің белсенділігінен пайда болған. Заңды бұзғандарға билердің шешімі ешқандай күштеусіз орындалған. Билер не айтса, адамдар соны орындаған. Сондықтан қазақ даласында бірде – бір түрме, полиция болмаған. Заңды орындататын орган жоқ, билер барлық дауды шешіп отырған. Ауыл биі, Төбе би деген сияқты билердің бірнеше түрі болған. Билер құрылтайында ірі – ірі мәселелер талқыланған.

ХІХ ғасырдың соңына қарай отаршылдық дәуірмен бірге царизмнің идеясын басшылыққа алған заңдар қазақ даласына енгізіле бастады. Бірақ соның өзінде қазақтың әдет – ғұрып заңдары Қазан төңкерісіне дейін өз күшінде болды. Ол заңдар әліге дейін маңызды. Қазірдің өзінде тиімді жақтарын пайдалануға болады. Жақында Билер соты туралы халықаралық конференция өтті. Билер тәжірибесіндегі әділдік, мінсіз тазалық, шыншылдыққа негізделген принциптерін қазір де қолдануымыз керек деген мәселелер көтерілді. Кейбір ғалымдар ауылда би сайлайық деген ұсыныстар да айтып жүр.

Елімізде би сайлап алған ауылдар да бар ғой?

— Қазір заң ғылымының салаларында жан-жақты зерттеулер жүргізілуде. Бұрынғы қазақ даласында әдет – ғұрып заңдары ауызша түрде ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын. Қазір ауылда билер сайланса, ұлтжандылыққа тәрбиелеу, заңды құрметтеу сияқты тұрғындарға моральдық жағынан тәрбиеші ретінде қызмет істеп жатқан шығар. Ал заңнамалық шешім шығару құзіреті заңда көрсетілмеген. Ауылда дау туса биі ақыл айтып, кеңес бере алады. Ал даудың шешімі, т.б. тек соттар арқылы жүзеге асады. Бізде ауыл билері туралы заң жоқ. Ондай заңды жасап, қабылдау да оңай емес.

Заңды қабылдаудың қажеттілігі алдымен ғылымда зерттеледі. Заң шығарудың бастамасы Конституция бойынша депутаттарға және Үкіметке берілген. Жоғары сот та жаңа заңды шығаруда бастамашылық тізгінді ұстау керек. Халыққа қызмет істеп жатқан жақсы заңдар да бар, шикі заңдар да аз емес. Мәселен, кезінде «Жер туралы» Заң асығыс жасалды. Қабылдағаннан кейін бірнеше рет өзгеріске түсті. Бір айдың ішінде жеті рет өзгертіліпті. Халықтың әлеуметтік жағдайы жақсаруда, шет елден келгендер де жер алғысы келеді, жергілікті тұрғындарға да жер керек. Оның үстіне өнеркәсіп өркендеп, құрылыс қарқындап жатқан уақытта жер мәселесі шиеленісіп кетті. Ал заңның олқылықтары көп еді. Бұл заңдарды қабылдағандағы кемшіліктермен байланысты.

Қалай ойлайсыз, Қазақстанда заң шығару процесі жетілген бе?

— Кеңес кезінде заңдардың жобасы баспасөз беттерінде жарияланып, халық оны талқылап, пікірлерін Заң шығаратын органға жолдайтын. Жоғарғы Кеңес халықтың ұсыныс – пікірлерімен санасатын. Заң содан соң қабылданатын. Қазіргі заңдардың жобасы баспасөзде жарияланбайды. Парламент сараптамаға өзі жіберіп, өзі талқылайды. Халық заң қабылданып, мәтіні баспасөзге шыққанға дейін бәрінен бейхабар күйде отырады. Заңды қабылдау мәселесін жетілдіру керек. Жетілдіру дегеніміз не? Алдымен, заң жобасы баспасөзде жариялануы керек. Халықтың пікіріне құлақ асу қажет. Екіншіден, Заң жобаларын дайындайтын ғылыми зерттеу институты жоқ. Шет мемлекеттерде Парламенттің жанында осындай мекемелер жұмыс істейді. Заңның тетіктерін, қажеттілігін, дүние жүзіндегі осы сияқты заңдарды зерттей отырып, жоба жасаумен айналысады. Заңның сапасы сонда жақсарады. Депутаттың бәрі заңгер емес. Бірнеше депутат қана жұмыс істегені болмаса заңның бәрін Үкімет жасауда. Әр министрлік өз заңын ұсынуда. Әр министрлік өз мүддесін алдымен алға тартады. Ал заң барша халыққа ортақ болу керек. Сондықтан заң жобаларын дайындаумен айналысатын арнайы ғылыми мекеме керек.

Біздің Парламентті әртүрлі мамандық иелерінің басы қосылған, халықтық Парламент деп атаған дұрыс. Заң шығару жұмысын жетілдіру үшін қосымша әлгіндей мекеме керек. Бұндай мекеме, мәселен Ресейде бар. Ол елде заң қабылданбас бұрын арнайы институтта зерттеледі. Егер Заң жобаларын дайындайтын мекеме құрылса депутаттарға үлкен көмек болар еді.

Егер сіз айтып отырғандай мекеме құрылса, Парламент немен айналысады?

— Мен айтып отырған ғылыми институт заң жобаларын зерттеу, дайындау, депутаттарға заңдылық көмек көрсету ісі, заң қабылдаудыің процедураларын сақтау, т.б. айналады. Ол институт дүниежүзілік тәжірибені зерттеп отыру керек. Ал заңды шығару құзыреті Парламентте қалады.

Халықтың сотқа деген сенімділігі төмендеп кеткен жоқ па?

— Соттың жұмысы жылдан жылға күшейіп барады. Кеңес кезінде халық өз мәселесінің шешімін әкімшілік органдардан, Партиядан күтеді. Қазіргі уақытта кез–келген мәселе сот арқылы шешіледі. Соттың саны, судьялар көбейіп келеді. Халық сотқа неге сенбесін? Үйде отырып сенімсіздік білдіруге болмайды. Арыз – шағымын алып, сотқа барсын. Соттың шешімі дұрыс болмай жатса, жоғары органдарға жүгінсін. БАҚ да көмекке келеді. Соттардың съезінде бұл мәселе сөз болған. Соттар кейде өте қиын мәселелерді шешеді. Ол туралы БАҚ – да айтылмағандықтан халық білмейді. Соттың тек кемшілігін жазу белең алған. Әділ шешім шығарып, елдің ризашылығын алып жатқан сот туралы баспасөзде көп жарияланбайды. Баяғы Төле билер сияқты өлім аузында тұрған адамның дауын шешіп, шатақты жойып жіберіп, екі араны татуластырып жіберетін сот процестері болып жатады. Сондай нәрселер туралы БАҚ айтпайды, жазбайды.

Бұған кім кінәлі?

— Бұл — сот пен БАҚ арасындағы байланыстың әлсіздігі. Соттың баспасөз қызметі жұмыс істейді. Ол БАҚ – мен тығыз байланыс жасап отыруы керек. Жалпы соттардың баспасөз қызметінің жұмысы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Шешімін тауып жатқан ауыр істер, сотқа қандай мәселелер бойынша жүгінуге болатындығын халыққа хабарлап, мәлімдеп отыру керек. Ел ішінде дау туса кімге жүгінерін білмейтін жағдайлар бар. Осының бәрі халықтың құқықтық сауатының нашарлығынан.

Заң шеңберінде коррупциямен күрес жүріп жатыр. Бірақ кейде саясатқа айналдырып, «мына мекемеде коррупция» дегендей, дерексіз жалаң сөзбен ақпарат тарату кездеседі. Құр айғаймен «коррупция» деп ұрандатқанмен, халыққа теріс тәрбие береміз. Халыққа «ісің оң, бәрін заңмен шеш» дегенді айту керек. Ашықтық, жариялық қажет. Егер пара талап етіліп, қызмет бабын пайдаланып қиянат жасаса сол туралы хабарлайтын арнайы органдар бар. Конституцияда «Үкім шығарып заңды күшіне енбейінше, ешкімді де кінәлі деп санауға болмайды» делінген. Кейде сәл сыбыс шықса, БАҚ бұрқыратып әкетеді. Үкім күшіне енген соң барып, сол қылмыс туралы жазуға болады. Әйтпесе ол біреуден нақақ жапқан жаласы болуы мүмкін. Елді шулатып, дүрліктірген «коррупционердің» ақырында заңсыз қамалғаны анықталып, кінәсіз адам болып шыққан жағдайлар өте көп.

Қазақстандағы криминалистиканың хал – ахуалы қандай?

— Криминалистика — қылмыстың ашылуын зерттейтін ғылым. Арнайы зертхана, тәсілдері, құралдары болады. Бізде бұл сала бойынша жұмыс істеп жатқан ғалымдар бар. Бірақ аз. Криминалистерді арнайы даярлайтын оқу орнын ашу керек. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, т.б. құқық қорғау органдарында криминалистиканың орны үлкен. Қазіргі криминалистер мен бұрынғы криминалистерді салыстыруға болмайды. Криминалистер ғылым-біліммен қаруланып, дүниежүзілік тәжірибелерді қолданып жұмыс істеу керек.

Қазақстан көп дінді, озық ойлы мемлекет деп, дүние жүзіндегі ең үздік заңдарды жасатуға тырысамыз. Бірақ ұлттық мемлекетке сай заңдарды да негізге алу керек еді. Конституцияда ең қымбат қазына — адам делінген. Ал біз жетім балаларды шет ел асырудамыз. Конституциямыз не дейді, ал біз не істеп отырмыз? Қазақ қай заманда баласын жат жұртқа беріп еді? Бір рудың баласы жетім қалса ел «бәлен ру баласын жетім етіпті» деп, сол руға таңба болатын. Қазір Қазақстанда бір жылда 4-5 мың бала шетелдіктердің қолында кетеді. Сол баланы асырап алатындар өз еліміздің адамдарынан – ақ шығады ғой. Өз еліміздің азаматына дұрыс жағдай жасалса, сол жетім баланы бағып – қағуға шамасы жетеді. Ал Англия, Америка, т.б. елдерге кеткен балалар кейін орала ма? Бала асырап алу халықаралық келісім деңгейінде болғанмен, қазақ ұл – қызы қандай ортаға тап болады?

Ол кейін ержеткен соң өз еліне ренжуі мүмкін ғой, «мені неге шет елге саттыңдар?» деп. Бұл да ұлттық менталитетке қатысты мәселе. Заң шығаруда ұлттық менталитет ескерілу керек. Қазақ даласында жесір әйел, жетім бала болмаған. Біреу қиын жағдайға тап болса, асар салып, жәрдем берген. Қазақ деген елдің сақталып қалғандығы өзінің ұлттық әдет – ғұрпын, сана – сезімін лайламай ұстағандығында. Қандай қиын – қыстау күн туса да бір – біріне көмек беріп, демеп отырған, үлкенді құрметтеп, кішіге ізетпен қараған. Жерін бірлігінің арқасында қорғаған ел едік қой. Сондай дәстүрлеріміз ұмытылып барады. Ұлттық идея, ұлтжандылық мәселесін биік деңгейге көтеру керек.

Парламентте көтерілген «Неке және отбасы» туралы заңға өзгерістер енгізу, дәлірек айтсақ, көп әйел алу жөніндегі пікірлерге көзқарасыңыз?

— Парламентте біреулер «көп әйел алайық» десе, әйелдер «көп күйеуге тиейік» деді. Бұл заман ағымына сәйкес келмейді. Бұрынғы кодексте екі әйел алу қылмыс болып саналатын. Қазір ол жоқ.

Ал бірнеше әйел алған азаматтарды заңдастыру керек пе, жоқ па? Меніңше бұны заңдастыру қиын. Әйел де, еркек те көне қоймас. Көп әйел алудың дәуірінен өтіп кеткенбіз. Егер бала асырап аламын, өз отбасымның келісімімен басқа әйелге қамқорлық жасаймын десек, болады. Бұның бәрі отбасының ішінде шешілетін мәселе. Жалпы, депутаттар көп әйел алуға қатысты заңды қабылдай алмайды. Қабылдағысы келсе де қабылдай алмайды.

Сұхбаттасқан Шарафат Жылқыбаева

Связанные Статьи