Дүниеқоңыз (Жапон ертегісі)

/uploads/thumbnail/20170708175207292_small.jpg

(Жапонияның Чюгоку аймағының ертегісі)

Ертеде бір кедей бала болыпты. Жалғыз анасы ғана бар екен. Бірде баланың анасы қатты науқастанып қалады. Дәрі сатып алуға ақшасы болмай амалы таусылған бала Гондзоу деген ағайынына қарыз сұрауға барады. Ол бір ашкөз һәм сараң біреу екен. Гондзоу сұрағанын бермек түгілі «Сен сияқтыға берер ақшам жоқ. Шешең тірі қала ма, ол да күмәнді. Өлетін кісі өледі ғой. Мен ештеңе істей алмаймын» деп, қайтарып жібереді. Еңсесі түскен аш бала қайтар жолда әлі кетіп, бір ағаштың түбіне жатып, ұйқыға кетеді. Бір кезде біреу иығынан түрткендей болады. Оянып кетіп қараса көз алдында титтей жұлдыз дір-дір етіп тұр. Құлағының түбінен біреу сыбырлғандай. Қараса дәл қасында ақ сақалды қария отыр екен.

— Балам, анаң ауруынан айығып кету үшін саған бір зат сыйлайын деп отырмын. Мына жалғыз тал гэтаны (жапондардың ағаштан жасалатын аяқ киімі) ала ғой. Бұл жай гэта емес, байлық әкелетін ерекше зат. Гэтаны кисең болды, құлайсың. Құлаған жеріңнен алтын шығады. Бірақ байқа, гэтаны көп пайдаланушы болма. Адам байлыққа құныққан сайын бойы аласарып, кішірейе беретінін ұмытпа.

Осының бәрін түсінде көріп тұрғандай күй кешкен бала есін жиғанша қария ғайып болыпты. Бала гэтаны кигенде тік тұра алмай құлайды. Орнынан тұрып құлаған жеріне қарап еді, жалт-жұлт еткен ақша жатыр. Есі шыға қуанған бала дәрі сатушыға жүгіреді. Дәрігерді үйіне шақырады. Жол-жөнекей дорба-дорба азық-түлік сатып алады. Анасын емдетіп, ғажайып гэтаның арқасында жоқшылықты да ұмытады.

Ағайыны Гондзоу «шешесі өлсе, үйін сатып жіберіп, ақша қылайын» деп ойлап, баланың үйіне барыпты. Сөйтсе, бала шешесі екеуі мәз-мейрам тіршілік кешіп жатыр екен. «Бұлар жақсы тұрмысқа қалай жете қалды?» деп таң қалады Гандзоу. Бала гэтаның сырын бүкпей айтып береді. Гондзоу гэтаны тексеремін деп алып кетеді.

Гондзоу үйінің есік-терезесін бекітіп, бөлмесінің ортасына үлкен қапты аузын ашып қояды да гэтаны киеді. Құлап тұрған жерінен ақша шыға береді. «Гэта, ақша бер, ақша, ақша» деп аузы дамыл таппайды. Қап толса да Гондзоуға аз көрінеді. Ол құлап тұрған сайын ақша бұрынғысынан да көп шығады. Ақшаның көлемі ұлғая-ұлғая үйдің төбесіне жетеді. Сол кезде үйі зәулім сарайға айналып кетіпті дейді.

Гондзоудың «ақша өндірісі» тоқтамайды. Ақшасы көбейген сайын дүниеқоңыздың денесі кішірейе береді.

Кеш батқанда гэтасын алуға бала келеді. «Гондзоу көке, Гондзоу көке!» деп, қанша айғайласа да, далаға ешкім шықпайды. Үйдің есік-терезесі тастай берік. Ішінен сықырлаған ақшаның дыбысы ғана естіледі. Бала есікті бұзып ашқанда ішінен бұрқыраған ақша сау етіп сыртқа төгіледі. Осыншалық көп болар ма? Гандзоу үйінің бөлмелері де көбейіп кетіпті. Бала ең үлкен бөлмеге кіргенде жарқырай үйілген алтын ақшаларды көреді. Таудай ақшаның төбесінде кішкентай қоңыз аунап жатыр.

Содан бері ауыл сыртындағы қоқыстарда гондзоу деген қоңыз пайда болыпты дейді.

Жапон тілінен аударған Шарафат Жылқыбаева

Связанные Статьи