Көптен бері саяси трибуналар мен БАҚ беттерінен жасырын қалып жүрген экс-премьер-министр Әкежан Қажыгелдинді елге қайтару туралы Қазақстан Үкіметі сөз ете бастады. Бұл туралы Nur.kz сайты және КазТАГ агенттігі қазіргі билік басындағы "НұрОтан" партиясына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Билік басында жүрген кейбір азаматтардың айтуынша, Әкежан Мағжанұлын елге қайтаратын уақыт жеткен. Алайда, Қажыгелдинге кешірім жасап, Қазақстанға қайтару үшін бірқатар Конституциялық кедергілер болуы мүмкін, делінген ақпарат көздерінде.
Әрине, экс-премьер-министрге рақымшылық жасалғанымен, елге қайтаруда кедергілер жоқ емес. Өз кезегінде марқұм Рахат Әлиев дәл, осы а Қажыгелдин мырзаның ізіне шам алып түсіп, сыртынан сот процесі жүріп, 10 жылғы бас бостандығынан айыру туралы шешім де шығарған болатын.
Әзірге, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен таралып үлгермеген. Сондай-ақ, Қажыгелдиннің елге қайтарылуы туралы ақпараттың рас-өтірігі анықталуда. Десе де, Қажыгелдин мырзаның өзі де бұл диалогқа қарсы еместігін білдірген-мыс. Сонымен, біз де саяси болжам жасап көрелік.
Әкежан Мағжанұлының бар айыптаулары Қазақстанда күшін жойғанымен, ол оның территория аумағындағы қауіпсіздігін толық қамтамасыз ете ала ма? Әрине, Қазақстанға қайтару, кешірім-рақымшылық жасау туралы шешім шығып жатса, Қажыгелдин бірінші кезекте халықаралық ұйымдарға арқа сүйейтіні рас-ақ.
Қажыгелдин мырзаны танисыз ба?
Әкежан Мағжанұлы Қыжыгелдин 1952 жылы бұрынғы Семей облысы Жарма ауданында дүниеге келген. Н.К.Крупсий атындағы Семей педогогикалық институтын аяқтаған. Экономика ғылымдарының докторы. Әкежан Мағжанұлы 1993-1994 жылдары ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 1994-1997 жылдары Үкіметті басқару ісі жүктеліп, өз ісін абыроймен аяқтайды. 1998 жылы Президенттік кеңесшісі лауазымына дейін көтерілген Әкежан Қажыгелдин сол жылдың қазан айында Президенттікке үміткерлер қатарынан табылады. 1998-2001 жылдары РХҚП төрағасы, ДПО мүшесі болады. 1999 жылы Әкежан Қажыгелдинге халықаралық іздеу жарияланады. 2001 жылы бұрынғы премьер-министрге «қызметтік мәнсабын асыра пайдаланды, жүздеген миллиард доллар пара алды, мемлекетке шығын келтірді, салық төлеуден бас тартты, заңсыз қару-жарақ ісімен айналысты» деген бірқатар айып тағылып, 10 жылға темір торға тоғытылады.
Интерполдың бас хатшысының шешімі бойынша Қажыгелдин туралы барлық мәліметтер жойылады. Алайда Қажыгелдин күні бүгінге дейін халықаралық іздеу жарияланғандар тізімінде тұр. 2002 жылдың 11 шілдесінде Еуропа парламенті Әкежанға тағылған айыптарды негізсіз деп тауып, оған "Азаттық паспортын" табыстайды. Бұл Еуропа парламентінің саяси қудалауға ұшыраған қоғам қайраткерлері мен саясаткерлерге берілетін құрмет еді. Осылайша Әкежан Қажыгелдин мырза Еуро парламенттің 15 елі мақұлдаған № 27 "Азаттық паспортының" иегері атанады.
Ал Қазақстанға қызмет етуге қайта мүмкіндік берілетін болса, Қажыгелдин қандай қызметке баруы мүмкін?
Әміржан Қосанов, РНПК партиясындағы Қажыгелдиннің бұрынғы орынбасары:
- Шынымен Қажыгелдинге кешірім жасалады ма? Ол мәселе тек қана Елбасының құзырында. Қажыгелдинге қарсы науқанға мұрындық болған адамның бірі Рахат Әлиев еді ғой. Оның бет-пердесі ашылып, сол кездегі талай жайсаңдарға қандай кедергі жасағаны аян боп жатыр емес пе? Сондықтан моральдық тұрғыдан кешірім жасалуы емес, оны толықтай ақтау туралы мәселе қозғалуы керек деп ойлаймын. Және де мәселе жалғыз Қажыгелдинде емес, әлиевщинадан жапа шеккен басқа да лайқты тұлғалар бар. Олар да елге қайтуы тиіс, ел ішінде жүріп сотталғандары толықтай ақталуы тиіс! Ол қандай қызмет атқаруы мүмкін? Кезінде, 42 жасында Үкімет басқарып, ел экономикасын постсоветтік дағдарыстан шығара алған тұлға кез келген қызметке лайық болар. Ең бастысы – өзінің білімі мен тәжірибесін мемлекет мүддесіне жұмсаса, құба-құп болар еді ғой. Оның беделін түсіруге ат салысқан адамдардың қандай күйде қалғанын біліп жатырмыз ғой. Ел ішінде оның жақтастары баршылық деп ойлаймын. Мәселен, кезінде елдің демократиялық дамуына өз үлесін қосты. Ол өзі өз алдына бөлек бір әңгіме. Сонымен бірге билік ішінде де оны қолдаушылар жетіп жатыр.Шынын айту керек, оның оралуына қарсы күштер де жоқ емес, әсіресе, олигархтар арасында олар баршылық. Сол жағын да ескеруіміз керек. Оның елге оралуымен бірге Қазақстанда не өзгерістер болуы мүмкін? Қажыгелдин келе сап, елді, қоғамды әп-сәтте өзгерте салады деу артық болар. Көп нәрсе өзгермесе де, белгілі бір жаңалықтардың нышаны пайда болары сөзсіз деп ойлаймын. Мәселен, оның экономиканы басқарып, қиын-қыстау кездерде ауыр болса да батыл шешімдер қабылдай білуі біздің біраз шенеуніктерге сабақ болар еді. Өз басым Қажыгелдин секілді тұлғаның елге қайтып келуін мемлекетіміздің әділеттік жолына түскендігінің бір көрінісі деп қабылдар едім.
Мақсат Жақау, саясаттанушы:
- Меніңше, егер шынайы ситуациямен байланыстырсақ, мұны утопиялық мәселе деп қабылдау керек. Бұл меніңше, Алиев тірі ме деген сұрақпен пара-пар. Сондықтан бұл мәселенің перспективасы жоқ деп есептеймін. Ал алдын-ала болжамдарға келетін болсақ, болжамды жасатуға мүдделі топ жасауға тырысады, мұның қаншалықты қажеттілігін солардан сұрау керек.Ал, мұндай саяси режимде болжамды жасатудың өзі де нәтижесіз екендігі айдын анық.
Нұрзат Тоғжан