Ал мен бағар едім... Жаныма ұлымды ертіп алар едім. Өркениеттен, аласұрған адамдарға үн қосқан техника гүрілінен қашып, тылсым табиғат құшағына тығылар едім. Таң атысымен күн шықпай шопан кеше тұсаған атын іздеп шығады. Ат тұсаулы болса да бір орнында тұрмайды әрине, дөң асып жайылар. Таңғы салқында денең түршіксе де, таңғы шықпен дымданған көдені кешіп аяғың су болса да атыңды барып ұстауға тиіссің. Ұлыма айтар едім: -Қорғандағы бір отар қозылы қой сенің түске дейін ұйықтағың келген еркелігіңіді көтермейді, сенің табиғат алдында, тіршілік алдында жауапкершілігің бар, сен табиғаттың бір бөлшегісің, ер азаматсың. Ұйқыңды қи, атыңды жүгенде, біз мына ұйқыдан оянған ұлы даланың ұрпағымыз. Иә, бағзы замандардан бері. Дала адамдарымыз. Күн ысымай жайылып қалғысы келген, төбені айнала жоңдары қылтыңдаған қойларды нұсқар ем: - Әне қарашы, қой жануары да жанында ойнақтаған қозыларын емізу үшін қорек жинап жүр, бұл тіршілік сабақтастығы, табиғат заңы. Анау көкжиегінде сағым көлбеңдеген сар далаға қара, еріне басып дөңгеленген қаңбақты көрдің бе, оны Ер Төстік найзасымен тоқтатып жөн сұраған, ана аспанға шырқ көтеріліп бір орында іліне ән салған құс бозторғай деп аталады. Салмақты да, салиқалы кең дала сәл қозғалып белгісіз бір әуенмен теңселіп тұрғанын байқадың ба балам. Бұл көрініс әрбір дала перзентін толғандыруы тиіс. Иә, байға жалданып мен қой бағар едім, жаныма баламды ертіп алар едім. Ол ұлыма үлкен сабақ болар еді.
Мені бұл ойға жетелеп әкелген Тобық Жармағамбетовтың «Отамалы» әңгімесі. Осыған дейін бұл жазушының шығармасымен қалай таныс болмағаныма таң қалдым. Жоқ мен таныс едім. «Артта кейбір жерлерде қарайып қалып жатқан құмалақтарды жел әуелі бытыратып алады да, кейін қармен көмеді» жазушы салған бұл көрініс қыр баласының бәріне таныс. Ертегідей боп басталған шығарма басынан ақ сізді балалық шаққа, сол бала кездегідей таза табиғат аясына жетелей жөнеледі. Аңыз желісімен құрылған әңгіме классик жазушылардың үлгісінде беріліпті. М. Әуезовтың «Қорғансыздың күні» әңгімесінде аңызды «оларға білдіретін заманның шежіресі дәурені өтіп кедейлік басқан көңілсіз салқын өмірге түскен кәрілер болатын», ал С.Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасында аңызды:
«Талай сыр ертегіні ел айтады,
Ызындап таудан соққан жел айтады.
Сырласып сыбырласқан жапырақтар,
Күндіз – түн күңіренген көл айтады»
Бұл әңгімеде «Сондағы соққан долы жел солтүстіктегі мәңгі мұз тауларының арасында ұмыт болып қалған аңызды сары далағы қайта айдап әкеледі» - екен. Әңгімеден сөз өнері шеберлерінің үндестігі молынан байқалуы заңды ма дедім. Мағжан ақын шығармаларындағы жаны бар бірде күлегеш, бірде қату жел образы естеріңізде шығар – «Қуат кеміп, қажыған соң, жүйрік жел Өксіп-өксіп жылағандай болады.» Жазушы әңгімесіндегі Мағжан жырлаған желдің сіңлісі жөнінде қазақ әдебиеті үнсіз қалыпты. Соған қарамастан «Отамалы» әңгімесіндегі желдің сұрқы тіпті қорқынышты, туысқандығына сенбеске шараңыз қалмас: «Жел енді қара тілдерін жалақтатып, Отамалының тізесін, бетін шекпенін, етігінің қонышын жалап келеді. Қазір өзі би, өзі құдай. Сонысына масаттанғандай кейде сықылықтап күледі. Сосын ашу шақырып, барпылдап ала жөнеледі.»
Шығармаға аңыз желісі арқау болғандықтан ба, жазушы қолданған тіл қысқа, көбінесе жай сөйлемдер, фольклорға яки ауыз екі сөйлеу тіліне жақын, ұғымға жеңіл. Жалпы әңгімеден авторды көрмейсіз, ол табиғаттың жанды суретінің артына жасырынған. Табиғат аясы бояуы қанық қозғалыстағы суретпен ғана сипатталса нанымсыз болар еді. Оған өзіне тән табиғи дыбыс қажет. Шығармада оқырманын түршіктірер дыбыстар бар. Оқып көріңіз: «Сол кезде маңай бұралқы иттің ұлығанындай, біресе тағы мысықтың мауыққанындай, біресе су өгіздің ыңыранғанындай дыбыстарға толып кетеді»,«Жердің өкпесіне садақтың оғы тигендей ыңыранып жатыр», «Қамыстар дүрілдеп тұр» Жазушының теңеу мен шендестіру шеберлігі таңдандырды. «Дала шырағы төңкеріліп түсті» шопанның соққысынан аунап түскен қасқырды бұлай суреттегенді бұрын кездестірмеп едік. Әңгімедегі жазушының өзіне ғана тән сөз қолданысын да байқадық. «Қойлардың құйрығы ғана қомақталады», «Отамалы жүгіргіштеп қайрып жүр». Кенеттен соққан табиғат құбылысын қазақтар «Бес қонақ» немесе «Отамалы» деп аңыз қылса, жазушы қиялында ол әңгімеге айналыпты. Табиғат апатымен арпалысып қоймен ыққан жалғыз басты Отамалы тіршілік үшін күреседі, жазушы қазақы ұғымға, дала адамына етене таныс «обал» түсінігін жете аша білген.
Сіз қой бағар ма едіңіз? Оған құлқыңыз болмаса, дала адамы екендігіңізді есіңізге түсіргіңіз келсе «Отамалы» әңгімесін оқыңыз. Өкінбейсіз. «Отамалы» әңгімесі табиғат апатынан сескенбей, тіршілік үшін жанұшыра күрескен дала адамдарына, Шопан атаға сөзбен қойылған ескерткіш.
Нұрлан Балқаш. Оқытушы