Орта мектептің жағдайын жақсарту үшін алдымен оқулықтарды түзеп аласақ. Оқушы оқитындай, миына тоқитындай қылсақ. Әйтпесе, аты дардай ғалымдардың қаламынан туған оқулықтардан шатпырақ ойларды көптеп кездестіруге болады. Сөлсіз сөйлемдерді оқушы ұға алмайды, мұғалім ұқтырам деп әлек болады. Оқушылар 1990 жылдары сапасыз оқулықты парақтағанда дүмше сөйлемдерге, сауатсыз сөздерге күле отырып, ызаланса, сол күй әлі жалғасуда. Кейде «мына кітапты шынымен де осы кісі жазды ма?» деп ойлауға тура келеді. Өйткені, профессор, академик дегендей кәдімгідей ғылыми дәрежесі бар тұлғалардың жазған оқулығы арқылы мектеп оқушысының ой – санасына қажетті білімді жеткізе алмауы, әрине күлкілі жағдай.
1990 жылдары орта мектептерде жаппай пайдаланылған 8 - сыныптың «Биология» оқулығында «адамның қолына шыққан шаш» тәрізді тіркестерден көз сүрініп еді. Бұл оқулық 2000 жылдары да оқытылды. Биологиялық терминдерді орыс тілінен сауатсыз түрде аударып, оқулық дайындағанда, сол «еңбекті» ешқандай мекеменің тексермегені ғой. Жиырма жыл бұрынғыны сөз етіп отырған себебіміз, мектеп оқулықтарына қатысты проблемалар түзелудің орнына үдеп барады...
Жалпы, оқулықтардың көбісі неліктен екі–үш жыл сайын қайта басылып, мазмұны өзгертіле береді? Себебі, оқулық авторларының сол кездегі идеологияның ығына жығылып, кітапты шынайы ақпараттармен емес, бұрмаланған мәліметтермен толтыруында болса керек. Атағына шүбә келтірмейтін авторлар өздерінің шалағай әрекеттерімен мыңдаған оқушының санасына кері әсер етіп, қазақ ұлты туралы теріс ұғым қалыптастырғанын мойындай ма? Мәселен, кезінде тәуелсіздікті алған соң баспадан жарық көрген «Қазақ әдебиеті» оқулығында қазақтың ақын–жазушыларының жүдеу суреттелгені жасырын емес. Оқулықтың қай бетін ашсаңыз да, «кедей шаруаның семьясында дүниеге келіп, байларға қарсы күрескен ақын» шыға келеді. Сол оқулықты жазған Ғылым академиясындағы ғалымдар әкесі бай болған қаламгерді де кедей еткісі келгені ақиқат. Кедейлерден құралған «Қазақ әдебиетін» Кеңес өкіметі кезін былай қойғанда, тәуелсіздік жылдарында да қазақ мектептері пайдаланып келді. Әлі де оқып жатыр. Ал «Орыс әдебиеті» оқулығының мазмұны әлдеқайда бай екенін салыстыра қараған адам бірден байқайды.
Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бір профессоры: «Дәріс оқу кезінде студенттерге «М.Әуезов, С.Сейфуллин, М.Мұқанов сияқты жазушыларды білесіңдер ме? Қазақ тіліндегі романдарды оқыдыңдар ма?» — деп, сұрақ қойсам, бірде біреуі қазақ ақын – жазушыларын білмейтін болып шықты. Студенттердің барлығы қазақ бола тұра М.Әуезовты білмейтініне жаным күйді. Гәп, бір сарынды мазмұндағы оқулық пен әдебиетті дұрыс оқыта алмаған мұғалімде болса керек».
Оқулықтарды дайындауға атүсті қарауға болмайтынын әркім – ақ білсе де, іші шикі кітаптар айналымда жүр. Олардың арасында сананы улайтын материалдар аз емес. Оқулықтың сапасына кім жауапты деген сұраққа, әрине «оқулық атворы» дейсіз. Біреу жазды, Білім және ғылым министрлігі бекітті де, оқулық мектептерге тарап кетті. Сауатсыз дүние қалай бекітілді, ол жағы құпия.
«Оқушы оқымай қалса да бәрібір» деген принциптің белең алғандығын жасыруға болмайды. Өйткені, құзырлы мекемелер жауапкершілік дегенді кейінге ысырған сыңайлы. Қазақ мектептеріндегі оқулық атаулы сауатсыз жазылған деген сөз емес. Дегенмен, ұстаздар жағы кейбір баспалар шығарған оқулықтарға көңілі толмайтынын баспасөзде ашық айтып та жүр. Бірақ оқулықтарға ұстаздың да, оқушының да көңілі толатын кез туар емес.
Мәселен, 2004 жылы жарық көрген 8 - сыныпқа арналған «Биология» оқулығының деңгейі төмен екендігі кезінде газет бетінде жазылды. Оқулықта қажетті деген материалдар аз берілген. Ал 2005 жылы баспадан шыққан 9 - сыныпқа арналған оқулықтың мәтіндері түсініксіз. Кейбір оқулықтардың тілі түсініксіз екенін де жиі-жиі айтылып жүр.
Биология пәнінің оқулықтарында терминдер дұрыс аударылмаған. Кейбір аударылмайтын ғылыми терминдер қазақ тіліне аударылғанда мүлдем түсініксіз сөздер пайда болған. Жалпы, биология бойынша халықаралық деңгейде қолданылатын терминдерді түгел аударудың қажеті қанша?
Кейінгі жылдары еліміздегі білім жүйесінде оқулықтарды жыл сайын ауыстыратын әдет белең алды. Әртүрлі баспадан шыққан оқулықтардың бағдарламаға енгізілуінде жүйе болмаған соң ретсіздік орын алған. Оқулық деген ойыншық емес қой. Оқулықтарды жыл сайын ауыстыру мұғалімдерге де оқушыларға да қиындық тудырады. Мұғалімдер жыл сайын жоспар жазуға мәжбүр. Ол оқулық оқушыға ұғынықты болса бір жөн. Ғалымдар еңбек жазғанда тәжірибелі мұғалімдермен кеңесу керек. Өйткені, баланың ой – танымын мұғалімнен артық кім біледі?
Мектеп оқулығына қатысты тағы бір мәселе, ЖОО-да оқытылатын материалдардың енгізілуіне қатысты. Қоғамдық – гуманитарлық бағыттағы оқулықтардың материалдары өте көлемді. Мұғалімдер бір сабақта кейде 4-5 параграфтан өтуге мәжбүр болады. Әр параграфтан соң он шақты есеп берілген. Есептердің барлығын шығаруға уақыт жетпейді. Ал оқулықтарға қосымша берілуге тиіс есептер мен жаттығулар жинағы тапшы. Мектеп оқулығына ЖОО -да оқытылатын материалдарды енгізу дұрыс емес деген пікірдің айтылғанына да жиырма жыл болды. Қаржы бөлінсе де, оқу жылы басталғанда оқулықтардың тапшы болуының себебі неде деген сұрақтың да жауабы табылмай отыр.
Оқулық жазатын адам мектепте жұмыс істеген, ұстаздық тәжірибесі бар маман болуы керек. Қазіргі оқулықтардың көбінесе аударма екендігін жасыруға болмайды. Әсіресе қазақ мектептері төл авторларымыз жазған сауатты оқулықтарға зәру. Ағылшын тілі оқулықтарындағы кейбір ағылшын сөздерінің аудармасы дұрыс берілмеген. Оқушылар керекті сөздерді іздеу үшін үлкен сөздікке жүгінуге мәжбүр. «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы» оқулықтарын бір жүйеге келтіру керектігін мұғалімдер жиі айтуда. Оқулықтардың сапасының төмен болуы тапсырыстың асығыс орындалуынан ба, әлде басқа да себептері бар ма?
Дамыған мемлекеттерде мектепке қажетті оқу материалдары мектеп мұғалімдері мен ғалымдардың кеңесі арқылы дайындалады. Бізде ше? Оқулық жырының бітер түрі жоқ. Білімнің қазынасы болуға тиіс оқулықтардың құрылымын жетілдіріп, мазмұнын байыту қажет. Оқушы мен мұғалімнің көңілі толмайтын оқулық кімге керек?
Шарафат Жылқыбаева