Митома Эйтароу: Ол заман мен бұл заман...

/uploads/thumbnail/20170708175521681_small.jpg

Митома Эйтароу:

Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің Бас кеңесшісі:

Митома сан, Сіздің туған жеріңіз Фукуока Күншығыстағы білім-ғылымның құты дарыған, қойнауы ырысты берекелі аймақ. Әңгімені атамекен ауылдан бастасақ.

—Кюсюдің таулы ауылында 1947 жылы дүниеге келіппін. Соғыстан кейінгі жүдеу тұрмыс, алақандай жерге шыққан бір уыс күріштің өзіне шүкіршілік еткен шаруалар, жалаңаяқ жүгіріп жүрген балалар — алпыс жыл бұрынғы ауыл көрінісі ұмытылмайды. Электр жарығынсыз, сабақты білте шаммен оқитынбыз. Таудың тар соқпағымен мектепке жаяу баратынбыз. Ол заманда автокөлік қайдан болсын? Қар қалың жауғанда, жаңбырлы күндері мектеп жабық болатын. Он бес жасқа дейін орта мектепте осылайша оқыдық. Жоғары мектепте (10-11 сынып) оқуын жалғағандар өте аз болды. Орта мектепті бітірген балалардың басым бөлігі бірден жұмысқа кірісті. Бірен-сараны болмаса университетте оқудан гөрі ел жағдайын жақсарту үшін еңбек жолына түскендер көп еді. Соғыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіруге жұмыла кіріскен кез. «Ауылшаруашылық жерлерін босату» туралы заң шыққанда жер иелері ортақ экономика үшін өзіне тиесілі аумақты қарсылықсыз берді. Қандай шаруа кездессе де білек сыбанып кірісетін.

Сізді нағашы атаңыз тәрбиеледі ғой. Келін түсіріп, қыз ұзатып дегендей, өзіңіз де ақсақал жасына келдіңіз. Сол заманның қарияларымен өзіңізді іштей салыстырасыз ба?

— Иә, атам мен әжем тоқсан жылдық ғұмыр сүріп, ұрпақтарының қызығын көріп озды. Атам ІІ дүниежүзілік соғысқа дейін бір ауылдың жер иесі болған. Әжем көрші шаһардағы дәрігердің қызы екен. Әжеміз жеті қыз туыпты. Анам мұрагер есебінде болған. Өзің білесің, жапон отбасында үлкен ұл шаңырақты ұстап қалуы керек. Текті де жалғастырушы ұл. Жапон аты-жөніндегі тек (фамилия) ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тарихы тереңнен басталатын рулық атау болып табылады. Егер отбасында ұл болмаса, онда күйеу бала осы әулеттің тегін иелену салты сақталған. Әулетімізде ұл болмағандықтан мың жылдан бергі Митома аты өшпес үшін әкем ұл ретінде қабылданған.

Атам нулы алқапты аралағанда мені ертіп жүретін. Өсімдіктер туралы әңгімелеп, криптометрия орманындағы ағаштардың өсу барысын бақылайтынбыз. Табиғатты аялау, жерге деген сүйіспеншілік ұғымдарын атамнан үйрендім. Мектепке бармаған кезім еді. Ойнап жүріп шикі сосиска жеп қойыппын. Үйде әжемнен басқа ешкім жоқ. Ішім қатты ауырған соң жерге жата қалып домаладым. Ауырғаны күшейіп барады. Әжем тәлтіректей басып қасыма келді. Жейдемді түріп, алақанымен ішімді сипады. Ішімнің бұрап ауырғаны бірден басылды. Осылайша, ешқандай дәрі ішпей, айығып кеттім. Әженің алақаны шипалы деген рас-ау.

Ол кезде елу деген ақсақал жасы болатын. Өзін кемеліне келген қария сезініп, немере тәрбиесіне үлкен көңіл бөлетін. Қазір сексен беске келгенде ғана әже, жетпіс тоғызға толғанда шал саналатын заман ғой. Бұрынғының алпыстағы ақсақалы мен қазіргінің осы жастағы шалын салыстыру мүмкін емес. Әженің де функциясы өзгерген. Қазіргі әжелердің арасында немере тәрбиесінен гөрі өзінің сүйікті ісімен айналысатындар көп. Бұған бала санының аздығы да әсер етуі мүмкін. Қазіргі ата-әжелер өзін әлдеқайда жас сезінеді.

Атам өте еңбекқор адам еді. Күріш, көкөніс, жеміс-жидек, шайға дейін өзі өсірді. Құрманың үш-төрт түрі, каштан, өрік пен сумомо, юсура сияқты алхоры түрлері, бива жемісі, жабайы зәйтүн, құлпынай, анар, шабдалы, алмұрт, тұт ағашы жайқалған бақта мен керемет байлықтың ортасында жүргендей сезінетінмін. Сан-алуан гүлдердің жұпар иісі, уылжыған жемістер расында табиғаттың байлығы емес пе? Бір өкініштісі ол үй кейін өртеніп кетті де, астық қоймасы ғана қалды. Өзім 1976 жылдан бері шет елдерде жұмыс істеймін. Бала күнгі көрші досым әлі де өз үйінде тұрып жатыр. Ауылға барғанда бүлдіршін кезімізді еске түсіріп, мауқымызды басамыз. Бала қандай ортада өссе соның әсері есейгенде байқалады. Шет елде жүрсем де ағаш отырғызғанды, бау-бақша күткенді ұнатамын.

Сол заманның балаларының психологиясы да басқаша болған-ау сірә?

Иә, соғыстан кейін туғандар материалдық тұрғыда жұпыны ортада өстік. Елдің тұрмысы 1970 жылдарға аяқ басқанда жақсарды ғой. Қазіргі жас ұрпақ материалдық тұрғыдан молшылықта өмір сүріп жатыр. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз заттық тұрғыдан ештеңеден тапшылық көрмейді, бай десек те болады. Бірақ елу-алпыс жыл бұрынғы балалар кедей болса да рухани бай болатын. Ол заманның баласы мен бұл заманның баласын психологиялық тұрғыдан салыстырсақ, үлкен қайшылықты көреміз. Өйткені, біз өскен қоғам мамыражай болатын. Үрей жоқ еді. Ол заманның баласы жалғыз ойнамайтын. Бір ауылдың балалары бірге туған бауырдай болатын. Бір-біріне деген адалдық, сенім, шынайы достық олардың өсу ортасын кеңейтіп тұратын. Қазір дәстүрлі отбасылық жүйесі бұзылған. Қоғамдық тұтастық сетінеп, бөлшектеніп кеткен. Отбасы да, адам да қоғамнан бөлініп, алшақтап барады. Үлкен әулет ұғымы ұмытылып барады. Әке-шешесі және баласынан тұратын шағын отбасының жеке бөлініп кетуі бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселе болып отыр. Бұл туыстық қарым-қатынастың үзілуіне әкелді. Бүгінгі ұрпақ заттық тапшылықты көрмесе де бәсекелестік ортада «тірі қалу» жолында қым-қуыт қиындықтарға кездесуде. Сұмдық үрейлі кезеңде өмір сүріп жатқандығы айқын. Ақпараттар тасқыны құрдымға батыруда. Рас, адам еркін, мүмкіндіктері де кең, бірақ дүние тарылып барады.

«Көпті көргеннен сұра» дейді емес пе? Қай ел сізге ерекше әсер етті?

— Ең алғаш 1976 жылы Замбияға бардым. Он екі жыл бұрын Англияның құрсауынан босап, африкалық социализм жолына түскен ел. Игеретін жері де әжептеуір болғандықтан өзін-өзі толық қамтамасыз етуді мақсат еткен. Қаржылық құлдырауға байланысты өндірісті дамыту ісі жоғары нәтижеге жеткізе қоймады. Англияға барып, халықаралық қатынастар саласында біраз қызмет еттім. 1985 жылы Орталық Америкадағы Коста-Рикадан қызмет бабымен Тайландқа бардым. Экономикасы ауыл шаруашылығына, оның ішінде күріш өсіруге негізделген Тай елі соңғы кезде өндіріске көңіл бөліп, ASEAN (Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттерінің Одағы) құрамындағы ең беделді мемлекетке айналды. Тайландта ақкөңіл, кішіпейіл, мейірімді адамдар көп кездесті. Көптеген достар тауып, туысымдай араласып кеттім. Табиғи бағы жайқалған Танзанияның, ең кедей елдердің қатарындағы Непалдың да дәмін таттым. Балаларымның бірі Англияда, бірі Коста-Рикада, кішісі Тайланда туды.

Алатаудың баурайындағы Алматы да маған ерекше әсер етті. Көшпенді өмірді басынан ұзақ өткерген қазақ халқы маған жомарт, кеңпейіл боп көрінді. Мен орыс тілін оқымағанмын, қазақ тілін де білмеймін. Тілін меңгерсем, халық туралы көбірек білер едім деп ойлаймын.

Жапонияның мәдениет күнінде Алатау туралы жапонның әдеби тілінде сөз сөйлеп едіңіз. «Таңғы Алатауға қарап тұрып мың жыл бұрынғы Хэйан дәуіріндегі Сэйшйоунагон ақынның «Макураносоуши» кітабындағы көктем көрінісі есіме түсті» дей келе, көне жырдың қазіргі жапон тіліндегі мағынасын талдай отырып, көпшілікті ұлы тауға тағзым етуге шақырдыңыз.

— Алматы тұрғындары Алатауға Күн нұрының қалай түскенін көре ме, Күн шыққанда Көктөбеге қарай ма? деген сауал қызықтырады. Алматыда қызмет еткен аз уақытта бұл тау туралы көп ой түйдім. Күнде таңертең Алатауға түскен Күн шапағын қызықтайтынмын. Сэйшйоунагонның «Таңғы көктем. Ағарған тау беті арайланып, күлгін бұлт қалықтайды» деген бейнелі сөздері мен үшін Алатауды суреттегендей еді. Көктемде Көктөбе жақтан Күн ерте шығады. Таң ата оянып, шығып келе жатқан Күнге қарап тұрып, Алатауға иіліп сәлем берген кезде осы жыр еске түсті.

Сіз алқалы жиындарда көбінесе әдеби тілде сөйлейсіз. Көркем шығармаларды көп оқитын боларсыз?

— Мен оқитын жазшылар көп. Соның арасында Шиба Рйоутароудың прозасы ерекше. Тарихты барлық жазушы жазады. Бірақ Шиба Рйоутароу ел тарихына басқаша қарайтын. Ол 1923 жылы Осакада туған, маңғол тілінің маманы болған. Газетте журналист болған кезінде әңгіме жазуды бастаған деседі. Шиба Рйоутароу прозасында ежелгі Сэңгоку дәуірінен бастап, бакуфудың соңғы кезеңі, ХІХ ғасырдағы Мэйдзиге дейін қамтылған. Қаламгердің сапарнамелік эсселері жапон оқырманына күш-қайрат сыйлайтындай көрінеді. Ол сөзді төгілтіп, тасқындатып жазатын. Шығыс Осакадағы қаламгердің мұражайына алғаш барғанда жазушының кітап қорының байлығына, жазбаша материалдардың көптігіне таң қалғанмын. 1996 жылы көзі жұмылғанша қаламын тастамаған, өнімді жазушылардың бірі болған.

Сіз туған ауыл Сугавара Мичидзанэдей ұлы ғұлама-ақындардың ізі қалған жер. Кез-келген жапонның хайку шығаратын қабілеті бар. Өзіңіз көркем сөзбен шұғылданасыз ба?

— Әңгіме, повесть жазған емеспін. Бала кезде хайку, танка шығарғаным бар. Жазу жолына түспесек те, анда-санда өлең өрнектейміз. Қағазда сақталмаса да ескі компьютерлерімнің жадында қалды-ау, сірә. Өзімді шығармашылық адамы санап, өлеңдерімді жинамаппын. Ел ағасы жасына жеткенде өлең ғып өрнектейтін ойлар келеді екен. Шабытты сәттерде көкейге келген жолдарды ұялы телефоныма жазатын болдым. Балалалар ержетіп үйлі баранды болды. Қай елде жүрсем де қасымда тек әйелім болғандықтан оқырманым да сол кісі. Хайкулерді Масакоға оқытамын. Жақсы ма, нашар ма, оны өзінен сұрарсың.

Рас, Кюсюдің Фукуока префектурасындағы Дадзайфу шаһары ежелгі Нара астана болған заманда ұлыларды дүниеге әкелген өлке. Өлеңдері «Манъйошю» антологиясына енген министр Оотомонотабито, Яманоуэноокура сияқты ақындардың танка жырлары тасқа таңбаланған. Айтпақшы, 1300 жыл бұрын «Манъйошюдің» 4500 жырын жинақтап, бастырып шығарған Оотомоноякамочи біздің арғы атамыз Оотомонотабитоның туған ұлы, ақын, әдебиет сыншысы болған. Ақын аталарымыздың 1300 жыл бұрынғы тасқа қашалған өлеңдерін көріп өскендіктен бе, өлең жазғымыз келіп тұрады. Туған жердің қадір-қасиетін ұқтырған, кешегі ұлылардың өмір өткелдерін өнеге тұтуға үйреткен, елдің ежелгісін танытқан да осы ауыл ғой.

Жапон тарихындағы қиын кезең деп қай уақытты айтар едіңіз?

— Өткенге көз жүгіртсек өңкей қиын кезеңді көреміз. ХІҮ-ХҮІІ ғасырдағы Сэңгоку дәуірі, ХІХ ғасырдағы Мэйдзи рестоврациясы, 1940 жылдардағы жойқын соғыс, одан кейінгі экономиканы қалпына келтіру кезеңі — ешқашан оңай болған емес. Дүниеге келгенге дейінгі халық өмірін кітаптан оқып, әртүрлі деректер арқылы білдік. Ал 1950 жылдан, яғни үш жасымнан бергі қоғам санамда жаңғырып тұр. Өзің куә болған көріністер миыңда жатталып қалады емес пе? Соғыстан кейін жапонның қай ауылында болсын азық тапшы болды. Өрт шарпыған аралдарға соғыстан қайтқандар орналасып жатты. Екі кимоносы болса бірін тамаққа айырбастаған кісілер де болды ауылымызда. Ел 1950 жылдардың соңына дейін осындай тапшылықта өмір сүрді. Өндірісі дамыған ел боламыз деген мүдде бүкіл халықтың ниетінен туған еді.

Экономиканың қарқындап алға басқаны дүниежүзіне 1964 жылғы Токио олимпиадасы арқылы көрінді. Жапония ауыртпалықты жеңіп, дамудың даңғылына түскенін осы олимпиада арқылы дәлелдеді. Жоғары жылдамдықты поездарға арналған теміржол салынып, гидроэлектр стансалары іске қосылды. Ірі өндіріс ошақтары ашылды. Ел экономикасын дамыту межелі деңгейге жеткен 1970 жылдардан бастап Жапония дамушы елдерге көмек көрсете бастады. Бұл іс бүгінге дейін жалғасуда. Азия мен Африканың ондаған еліне қаржылық көмек тұрақты түрде көрсетілуде.

Қазіргі кезеңді де жеңіл өмір деуге болмас. Жалпы ХХІ ғасыр буырқанысты жаһандануды әкелді. Өндірістік реформалар жасау, Еуропамен, Америкамен жарысу оңайға соқпады. Бұл кезеңде табиғи байлығы болмаған Жапония адам капиталын дамытуға көңіл бөлді. Дамудың жоғары сатысына көтерілу үшін адам капиталының маңызы зор.

Кейінгі 20 жылда әлем халықтары ақпараттық қоғамға бірақ тоғытылды. Жойқын жылдамдықпен кетіп бара жатқан әлемдік қауымдастыққа ілесе білудің өз қиындығы бар. Дүниежүзінде жаһанданудың торына түспеген ұлт бар ма? Барлығы нарықтық экономиканың арқасында бәсеке әлеміне кіріп кеткен. Бұл шекара мен шектеуі болмайтын әлем. Дүниежүзіндегі дискриминация, бай мен кедейдің алшақтығы осы үрдістен байқалады.

Жапон ғалымы Янагида Кунио фольклортану, лингивстика, социология, әдебиеттану, тарих салаларында көптеген еңбектер жазған ғұлама. Ғалым ретінде Әлкей Марғұланға ұқсастығы көп. Екеуі де бір-бір институтқа жүк болардай дүние қалдырды ғой. Қазір Жапонияда Янагида Кунио сияқты тұлғалар неге кездеспейді?

— Рас, ХІХ ғасырдағы Мэйдзи дәуірінде жапон ғылымына, руханиятына орасан үлес қосқан, кемел білімді, бүкіл қажыр-қайратын елі үшін еңбек етуден аямаған ұлы ғалым болды. Янагида Кунио жапон фольклортануының негізін қалаған, аңыз-ертегілерін жүйелеп, бастырған.

Диалектологияны да жүйелеп кеткен.

— Иә, әр өңірдің көнерген сөздерін жинап, диалектология картасын жасаған. Мен ғалымның «Тоономоногатари» деген кітабын оқығанмын. Рас, Янагида Кунио сияқты ғалымдар бүгінде аз. Қазір бәрі жеке саламен айналысып кеткен. Бұндай ірі тұлғалар дүниежүзінде аз да болса бар деп ойлаймын.

Жастарға айтар сыныңыз бар ма?

— Қазіргі жас ұрпақ бейбітшілік заманда өмір сүріп жатқанмен, ақпараттық тасқынның астында қалған. Таңдау мәселесіне келгенде нені алып, нені қою керектігін білмейді. Көпшілігі болашаққа біртүрлі күмәнмен қарайтын сияқты. Барлығы жастардың қолында десек те, өз қоғамын өзі түзеуге, белгілі бір мәселені шешуге келгенде қуат-күші аз. Бұл бір ғана ұлттың жастарына қатысты емес, дүниежүзіне ортақ жағдай болар. Қай мемлекетке барсақ та, ұлтына, діліне, тіліне қатыссыз қоғамдық кеңістіктің ортақ екендігін сезесің. Мен өз ауылымда отырып, отбасымның, ұлтымның мәселесін ойласам, басқа елдегі бір ауылда біреу дәл осы мәселе туралы толғанады. Адамзаттың шындығы жасырын емес. «Біздің қоғам» дегеніміздің өзі Адамзат қоғамы емес пе?

Әңгімелескен Шарафат Жылқыбаева

Связанные Статьи