Әлемде қылқалам шеберлерінің қаншама қайталанбас туындылары бар. Олардың арасында құны миллиард долларға дейін баратын картиналар мен құнына баға жетпес ғажап дүниелер де жетерлік. Ал кейбір бояу мен қылқалам арқылы қиялындағы бейнені қағазға түсірген суретшілерді тек бір ғана туындысы арқылы әлем таниды. Дегенмен, тарих және өнер саласында ғылыми дәрежеңіз болмаса, адамзат тарихындағы танымал суретшілер мен олардың айрықша қолтаңбасын бір көргеннен ажырату қиынға соғады. Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырманға картиналар арқылы олардың әйгілі авторларын оңай ажыратуға көмек болатын жеңіл, көңілді әрі қызықты кеңестерді ұсынады. Бұл детальдар – автордың барлық туындысына тəн негізгі ерекшеліктер.
Питер Пауль Рубенс – атақты голландиялық суретші, дипломат, коллекционер. Бүгінде әлемнің әр түкпіріндегі музейлер мен галлереяларда оның 3000-нан астам туындысы бар. Бірақ, қаншама суреттің ішінен Рубенстің картинасын қалай ажыратуға болады? Ол үшін мынандай детальға мән беріңіз. Егер суретте бір қарағаннан-ақ ерлер тіпті, әйелдердің мінсіз сымбатқа мән бермейтіні анық байқалып тұрса, толық денелі әрі жалаңаш бірнеше адам қатар бейнеленсе, Рубенстің қолтаңбасы екеніне күмәніңіз болмасын.
Питер Брейгель – нидерландық суретші. Оның туындылары Нидерланд ренессансының шыңына айналған. Питер Брейгельге Старший яғни, Үлкені деген атау тегіне қосып айтылады. Себебі, оның үлкен ұлының да есімі Питер Брейгель (Кіші), сонымен қоса, кіші ұлы Ян Брейгель де атақты суретшілер. Пейзаж бен жанрлық үлгілердің шебері Үлкен Питер Брейгельдің картиналарында әдетте, шағын қалашықтың тұрғындары түгелдей орталық алаңға жиналғандай әсер қалдырады. Сол жиынды төбесінен қарап тұрып бейнелегендей көрінетін Брейгельдің туындысында адамдар өте ұсақ, көп әрі олар қарбалас тіршілікпен айналысып жатқандай...
Голландияның тағы бір атақты суретшісі Иероним Босхтың да картиналары Питер Брейгельге ұқсас келеді. Дегенмен, Босхтың суреттеріндегі өте көп кішкентай адамдар көбінесе шағын қалашықта емес, белгісіз жазық далада немесе қарауытқан жер астында жиналатын сияқты. Оған қоса, олар шынайы өмірден алыстау түсініксіз заттар мен біртүрлі ғимараттардың жанында бейнеленеді.
Рембрандт Харменс ван Рейн – есімінің өзі бір шығармаға татитын голландиялық живопись өнерінің алтын дәуірінде өмір сүрген жарық пен көлеңке үйлесімін бейнелеудің ұлы шебер суретшісі. Оның туындыларының басым бөлігі - портреттер. Ал портреттердегі бейненің кейіпкерлері үйсіз-күйсіз жүрген адам сияқты көрінсе әрі оларды шам жарығымен қарап тұрып салғандай әсер қалдырса, оның авторы атақты Рембрандт екенін біле жүріңіз.
Егер картинада шыныққан шымыр денелі ер адамдар қарапайым үй шаруасындағы әйелдердің жанында үйлесім тауып тұрса, онда оның авторы – Микеланджело ди Лодовико ди Леонардо ди Буонарроти немесе жай ғана атақты италиялық суретші Микеланджело екенін ұмытпаңыз.
Картинаның кейіпкерлерін би үйрену сабағында немесе балериналар өнер көрсетіп тұрғанда бейнелеген – Францияның атақты қылқалам шебері Дега. Оның толық есімі – Илер-Жермен-Эдгар де Га. Ақсүйектер отбасында дүниеге келген ол мінсіз бейнелер мен суреттегі қимылдарды тірі етіп көрсету үшін көп еңбектенген. Оның осы перфекционизмге деген құштарлығының арқасында Дега көшіріп салған атақты суретшілердің картиналарын түпнұсқадан ажырату қиынға соққан.
Испан ренессансының өкілі, атақты суретші, мүсінші-архитектор Эль Греконың картиналарында ұқыпты киінген сақал-мұрты қойылған, бет-бейнесі тік ер адамдар бейнеленеді. Сондай-ақ, оның картиналарынан қолтаңбасы ретінде грек әріптерімен жазылған өзінің негізгі есімін, яғни Доменикос Теотокопулос деген сөзді байқауға болады.
Ян ван Эйк – ХІІ ғасырда өмір сүрген портрет салудың шебері, жүзден астам картинаның авторы. Бір қызығы, оның суреттерін ажырату өте оңай болуы мүмкін. Себебі, портреттердегі мейлі ер адам болсын, мейлі әйел адамның болсын, түрі қазіргі Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге қатты ұқсайды.
Ең атақты әрі есімі ең ұзақ қылқалам шеберлерінің бірі – Пабло Диего Хосе Франсиско де Паула Хуан Непомусено Мария де лос Ремедиос Сиприано де ла Сантисима Тринидад Мартир Патрисио Руис немесе жай ғана Пикассо. Театр суретшісі, керамика шебері әрі дизайнер Пабло Пикассоның туындыларында адамның бет-жүзі өте күрделі өзгеріске ұшырағандай көрінеді. Оның үстіне түрлі-түсті бейнелер. Пикассо картиналарында адамның көзі, мұрны, аузы әдеттегіден бөлек, өзгеше орналасқан.
Ал егер атақты музейлерден құны миллион долларлық бір қарағанда Excel бағдарламасымен орындалған секілді түрлі-түсті текшелер, төртбұрышты геометриялық пішіндермен салынған картина көрсеңіз, оның авторы –Питер Корнелис Мондриан. Оның барынша абстракциялық қолтаңбасы бейнелеу өнерінің өзіндік сырын өзгеше бейнелеудің бір көрінісі іспеттес.
Әрине, мұны өнертану сабағы деуге келмес. Дегенмен, өнер туындыларын оңай ажыратуға арналған барынша қызықты әрі жеңіл кеңес деуге әбден болады.
Оставить комментарий