Біздің саусақтарымыз әртүрлі ғой, біреуі ұзын, біреуі қысқа. Бас бармақ сәл кішілеу, балалы үйрек одан ұзын, ең үлкені ортан терек деген сияқты. Өзіңіз ойлаңызшы, енді осы саусақтарды теңестіріп тастасақ не болады? Қолымыз шаруаға икемделмей, ыңғайсыздық тумай ма? Бізге ненің пайдалы, ненің зиян екенін білетін Алла Тағала, тіпті, саусақтарымызға дейін көркем, әрі өзімізге ыңғайлы етіп жаратып берді емес пе? Сол сияқты Алла тағала өмірде әр адамның өз орнын айқындап берген. Үйдегі әкенің орны, ананың міндеті, баланың қызметі, ата мен әженің дәрежесі деген сияқты. Бұлар өз орнында тұрғанда ғана, отбасында үйлесімділік пен тыныштық, береке болады. Мысалы, бір кәсіпорынға бір кісі келіп, "бүгіннен бастап бәрің тең құқыққа ие болдыңдар. Бұл жерде ешкім басшы емес. Әркім өзі би, өзі қожа" десе, не болады? Ол жердің жұмысы көп ұзамай-ақ тоқтап, кәсібі құрдымға кетеді. Сондықтан қай кезде де мына нәрсені ұмытпағанымыз абзал:
"Еркек басқарып, ал әйел бағынып бақытты болады"
Осы қарапайым ғана формула - көп ұрыстың алдын алатын негізгі кілт. Әйел – сезімнің адамы. Эмоцияға беріліп, қате шешім жасап қоюы, асығыстық танытып шалыс басуы мүмкін. Ал Алла еркекке сезімталдықтан гөрі салқынқандылық, нұрлы ақыл берген.
Иә, әйел адам ерінен гөрі ақылдырақ болуы ықтимал. Ері білмей тұрған кейбір жайттарды әйелі біліп тұруы мүмкін. Бірақ бәрібір Алла Тағала еркектің шешіміне береке беріп қойған.
Сондықтан ерлі-зайыптылар әр істі ақылдасып, өзара кеңесіп жасаса, жемісін де дәл солай бірге көрері анық.
«Асыл арна» инстаграм парақшасынан алынды
Оставить комментарий