Жер жаралғалы желмен жарысқан жүйрік жылқылар мекендепті. Осыдан жеті мың жыл бұрын қазақтың арғы ата-бабалары жабайы жылқыны қолға үйретіпті. Сөйтіп, жер бетінде жылқының үстіне ең алғашқы болып қазақтар мінген екен. Олар ауыздық, өмілдірік, жүген, ер-тоқым, үзеңгі секілді ат әбзелдерін жасапты. Қазір біз киіп жүрген шалбарды да ең алғаш ойлап тапқан қазақтың ата-бабалары болыпты. Өйткені, ұзын шалбар кимесе, атқа отырғанда аяғына қажайды екен. Қазақтар өте текті, жауынгер халық болыпты. Сол себепті жылқылар біздің ата-бабаларымызға қызмет көрсеткенді жақсы көріпті.
Бір күні дүние жүзінде аттар көрмесі болып, ұлан-асыр той-думан болыпты. Ат шаптырым жиынға әр елдің адамдары өздерінің ең жақсы аттарымен келіпті. Олар жылқыларын желіге байлап, өздері сайық-сайран құрыпты. Аттар алдына қойған жем-шөпті жеп, су ішіпті. Тек қазақтың жылқысы ғана алдына әкелген шөпті жемей, арпаны ғана талғажау етіпті. Сөйтіп, әбден зеріккен аттар бір-бірімен танысып, әркім өзінің жақсы қасиеттерін айтып, мақтана бастапты.
- Мен қысқа қашықтыққа жылдам шаба алатын жүйрікпін, - деп желпініпті сүліктей қара ағылшын жылқысы.
- Ал мен қыста шана, жазда арбаға жегуге таптырмас, күші мығым жылқымын, - депті орыстың жирен жылқысы.
- Біз құм үстінде жүруге таптырмаймыз. Біздің тұқым әлемге әйгілі, - депті қараторы араб жылқысы. Осылайша, әр елдің жылқысы өзін ерекше қасиеттерін айтып, дауласыпты. Содан кейін әлем елдерінің жылқылары үндемей тұрған қазақ жылқысына қарап:
- Сен қай елден келдің? Неге үндемейсің? – деп сұрапты жылқылар.
- Мен – өзі момын, өзі ержүрек қазақ деген жылқысымын. Тарпаң деген атым бар. Қазақтарда үлкендер сөйлегенде жасы кішілер әдеп сақтап, тыныш отырады. Мен сіздерден жас болған соң үндемедім, - дейді қазақ жылқысы.
- Қызық екен, - дейді орыс жылқысы. – Ал, алдында тұрған шөпті неге жемедің?
- Бұл шөптің үстін жабайы доңыз таптап, ластап кетіпті. Содан кейін бір талын да ауызға алмадым, - дейді. Сонда басқа жылқылар таң қалып, басын шайқап:
- Біз бағанадан бері өзіміздің ерекше қасиеттерімізді айттық. Ал сенде қандай қасиет бар? – деп сұрайды.
- Сіздер айтқан жылқының желмен жарысқан жүйрігі де, салт мініске арналғаны да, ер-азаматқа соғыста серік болған арынды аттың бойындағы бар қасиет біздің тұқымда бар. Бәйгеге қосатын жүйріктерді – тұлпар, арғымақ, сәйгүлік, ал ауыр жүк артуға арналғаны - қазанат, еті мен сүті үшін өсіретін жылқылар жабы деп аталады.
Жер жүзінің әр түкпір-түкпірінен келген жылқылар қазақ жылқысының жас та болса ақылды екенін байқап:
- Сонда біздің бір-бірімізден қандай айырмашылығымыз бар? – дейді.
- Оны анықтау оп-оңай, - дейді қазақ жылқысы. Әрине, бәріміздің түсімізге, күшімізге, бойымызға, дене-бітімімізге байланысты айырмашылық туғаннан бар. Мысалы, тау жылқылары тауда жақсы жүреді, ал шөлдің жылқылары құмның үстінде оңай жүреді. Бірақ адамдарды бір-бірінен ақыл, білім, мінез, қайрат арқылы үстем болатыны секілді, жылқыларда айырмашылық бар. Ол тектілік деп аталады.
- Тектілік деген не? – деп жылқылар шулап қоя береді.
- Тектілік деген - жеті атаңды білу.
- Ал, жеті ата – деген не?
- Жеті атаны білу деген - сенің өткен аталарының есімін, олардың тіршілік иелері үшін атқарған істерін білу, қан тазалығын сақтау.
- Тарпаң, сен жеті атаңды білесің бе? Білсең, бізге айтып берші, – деп қызыға сұрайды жылқылар.
- Әрине, білемін. Қазақтың жылқысының бәрі жеті атасын біледі, - дейді қазақ жылқысы. – Менің атам – Құлынбай, оның әкесі Ержабағы, оның әкесі - Тайжетпес, содан кейін – Желқұнан, бесінші атам – Сардөнен, алтыншы атам – Нәнсәурік, жетінші атам – Бестібек, сегізінші атам – Сақаайғыр, тоғызышы атам – Хастұлпар, - дей бергенде жылқылар шуылдап:
- Қой, жетеді, сен аталарыңның атын таң атқанша айтатын түрің бар ғой, - деп әрең тоқтатады.
- Сонда тектілік не үшін қажет? Бізге соны айтшы, - дейді әлемнің бес құрлығынан келген ақ, сары, жирен, көк, боз түсті жылқылар Тарпаңға қарап.
- Біз адамзат өркениетінен бері тектілікті сақтап келеміз. Қазақтар арғы ата-бабалары Арийлер, содан кейін Сақтар мен Ғұндар біздің сүтімізден – кәделі әрі киелі сусын қымыз дайындайды. Қымызы адамның бойына күш-қуат береді. Арийлер қос доғалақты арбаны ойлап тауып, менің арғы атам – Ұшқыр тұлпарларды қос қостан арбаға жегіп, сар далада сағымша жүйіткіген.
Бұл сөзге әр елдің жылқылары таң-тамаша қалып, шұрқырасып, басын шұлғи бастайды.
- Ой, сен қазақтардың тарихын жақсы білесің ғой, - дейді Эстон жылқысы.
- Қазақтармен бірге жүрген соң ата-бабамның тарихы да бір тарих болып кетті ғой. Сақтар Алтай мен Дунайға дейінгі аралықта кең байтақ аймақта үйір-үйір жылқы өсіріп, ат құлағында ойнауды өнер дәрежесіне көтерді. Сол үшін менің арғымақ-аталарым қазақтардың көзқарасынан-ақ не айтқысы келгенін, нені қалайтынын түсінген. Осының бәріне тектіліктің бұзылмауының арқасында қол жеткізіпті. Спорттық ойындарда қазақтар балаларын ептілікке, ержүректікке, мықтылыққа баулып, ұлттық өнерлері - теңге алу, аударыспақ, көкпар тарту, аламан бәйге секілді ойындарда шыңдалып, мықты жауға төтеп берген. Бейбіт заманда арба мен шанаға жегілсек, жау келгенде қазақ батырларымен бірге арқырай алға ұмтылдық.
- Бұл деген керемет қой, - деп аузын ашып қалыпты ағылшын жылқысы.
- Бұл - қазақтардың тектілігін сақтап, жеті ата білуінің арқасы, - деді Монғолия жылқысы Керқұлан қостай жөнеліп.
- Иә, дұрыс айтады, - дейді Түрікпеннің Ақалтеке жылқысы. - Қазақтар аттың құлағында ойнайды. Қазақтардың арғы ата-бабалары мінген аттардың төбесіне лауазымдық белгі – жабы таққанын аталарым айтып отыратын, - Ал, сен, Сильвиа, сен неше атаңды білесің?
- Мен әкем Роджер мен атам Кристиді ғана білемін, - деп басын салбыратады ағылшын жылқысы.
- Міне, сен арғы ата-бабаңды білмеген соң үйіріне білместіктен төртінші, бесінші атаңнан туыс болып келетін қарындасыңды үйіріне қосып аласың. Содан кейін тектілігің бұзылады. Біз қазақтар секілді жеті атамызды жатқа айып, тектілігімізді сақтаймыз, - дейді Тарпаң.
Қазақ жылқысының айтқан сөздеріне әлем жылқыларының бәрі ойланып, үндемей қалыпты.
Асхат Өмірбаев
Оставить комментарий