Еуропа естеліктері

/uploads/thumbnail/20170708181647153_small.jpg

Мен көрмеген Еуропа

Бүгінге дейін қалыптасуыма арнайы бір мектептің ықпалы болғаны рас. Ол мек­тептің қалай аталатынын да білмеймін. Егер, Еуропаға жолым түспегенде мен қалай қа­лыптасқанмын деген сұрақ төңірегінде мүлдем ойланбаған болар едім. Себебі, бұ­ған дейін мен үнемі дұрыс пікірдемін, алдыңғы буын ағаларым да дұрыс ой­лайды, мен де солардың ізімен келе жатырмын деп есептеуші едім. Олар өз жазғандарында «іріп-шіріп жатқан Еуропа» деген сөз тіркесін жиі қолданатын. Қоғамда бір түйткілді мә­селе туындай қалса, «батыстану деген бәлекеттің ке­сірі» деген қорытынды жасайтын. Одан қала берді бүгінгі мақалаларда жиі қол­данылатын трендке айналған тіркес бар. Ол – «жаһандануға жұтылмас үшін» деп келетін жолдар. Құдай ақы, ешкімді жаз­ғырып отырған жоқпын. Бұған дейін мен де дәл осылай жазып келдім. Сенбесеңіз, бұған дейінгі жазғандарымды оқыңызшы. Енді, деймін де, сол жазғандарымды ағыл­шын тіліне біреу аударар болса, күллі әлем­ге күлкі болатынымды әбден-ақ біле­мін. Көк жүзінде қалықтап, әлемді шарлап әбден қанаты талып бір құдыққа келіп қонақтаған құсқа бақаның не дегені есіңізде ме? «Әлем деген құдық аузындай ғана емес пе? Не айтып тұрсың, қанат талатындай не көрінді соншама» демейтін бе еді? Көкжиегің кеңейсін деген тілектің де құдіретін құдықтан да басқа құтты мекен бар екенін білген кезде түсінуге болатын шығар.

Мен көрген Еуропа

Бұрын шетелге барып қайтып, таза­лығына тәнті болып отыратын жерлес­терімнен асырып айтар ештеңем жоқ. Тек Берлинді мұнтаздай деп айтатындарға аз ғана назым бар. Әсіресе, жер асты жол­дары (метро) тап-таза деп айтуға келмейді. Рейхстаг пен онда барар жолдар, саябақтар расымен де тап-таза. Қаншама турист ағылып келіп жатса да олар тәртіп жүйесін сақтауды әбден жөнге келтіріп алған. Дәл  Рахымжан атам ту тіккен Рейхстагқа төрткүл дүниеден  ағылып жатқан адамдар жетерлік. Құдай-ау, жеңіліп қалып едік, төбемізге дұшпанның туы тігілген еді деп отырған Берлин жоқ.  Біздің жау әскерінен азат етілген  әлгі (Ленинград)  қаламызды көруге осыншалықты адам ағылып келе ме екен деген сұрақ тұрды көкейімде? Алматы неге жыл өткен сайын лас  қалаға айналып бара жатыр деген сауалға қалай жауап беруші едім: «Бұрынғыдай емес, біздің қалаға келімсектер көп келеді. Жанбағыс үшін экономикалық әл-ауқаты бізден төменірек көршілеріміз осында ағылып жатыр емес пе? Олар өз Отаны болмағандықтан қаланы қадірлемейді», – деп ойлаушы едім. Бірақ, әр тасы – тұнған тарих Рим қаласының көшесі толған өзге елдің азаматтары. Жауын жауа қалса туристерге қолшатыр алып жүгіріп нәпақа табатын  олар Римді ластамапты. Демек, біз өзімізді сыйлата алмағанымыз ғой. Өзімізді сыйлату үшін алдымен біз өз заңдарымыз бен ережелерімізді сыйлауымыз керек. Біз сыйламайтын заңдар мен ережелерді өзге де бел ортасынан басып өткісі келеді.

Моцарттың Отанында

Венаның орталығы күймеге жегулі  сұ­лу аттарға толы. Еуропа алғаш ат мін­ген адамды көріп төрт аяқты адам-Кентавр келе жатыр деп шошынған ша­ғын ұмытқан. Адамзат қол жеткізген игілік ретінде жылқы жануарын да туристерді қызықтыру мақсатында сән-салтанатымен алаңға шығарыпты. Ең бастысы мұнда келуші туристер де, тұр­ғылықты халық та мәдениет пен әдебиетті адамзат ақыл-ойының ең биік шыңы деп есептейді. Алдымен қайдан кел­геніңді қызықтап сұрайды. Одан кейін, Қазақстан жайында білетіндіктерін, соңғы модерн үлгімен салынған астанамыздың бар екенін айтып жатты. Енді біреуі Астанадағы опера және балет театрына бас сұққанын жайдары естелік ретінде жеткізеді. Қазақстанды шетелдіктердің білгеніне қуанып, арқаланып қаламыз. Бірақ, барлық жер мұндай емес. Біздің Отанымыздың атауындағы – «стан» жұрнағының да кері ықпалы бар екенін байқауға болады. Осыдан бір жыл бұ­рын мемлекеттің атын Қазақ елі деп өзгер­тейік деген Елбасының ұсынысын гу-гу пікірталас, қысыр сөз деңгейінде ға­на қалдырып қой­ғанымыз жаныма батты.

Сана-сезім еркі

Еуропада көлік тығыны деген түсінік жоқ. Адамдар таза әрі тарихи қаласын көбіне жаяу шарлағанды құп көреді. Қоғамдық көлікке билетті аялдамаларда орналастырылған терминалдардан алуға болады. Сіз көлікке отырғанда билетіңізді ешкім тексермейді. Метрода да солай. Бірақ, ешкім тексермейді екен деп билетсіз мінген адамды жолықтыру мүмкін емес. Олар бір-бірінің сана-сезім еркіне сенеді. Сондықтан, бірін-бірі тықақтап тексергеннен көрі, құрметтегенді құп көреді. Шәкірт ұстаздан қорыққаннан немесе баға үшін емес, өзінің болашағы үшін білім алуды жөн санайды. Ал Университеттер білімгерлерге бар мүмкіндікті жасауды кезек күттірмейтін мәселе деп есептейді. Студент болмаса, Университет те болмас еді. Белгілі жағдай, Университет жоқ болса, профессорлардың да қажеті шамалы. Сондықтан, студентке деген құрмет оқытушылардың сабақ жүргізуі мен тілдесуінен-ақ байқалып тұрады. Алайда, мен болмасам Университет жоқ, сондықтан, мені ұстаз қадірлеуі тиіс деп кеуде қағып, дандайсып кеткен студент те жоқ. Себебі, олар да сана-сезімің білсін деп аманаттаған құрметтің парқын әбден түсінеді.

Складовскаяның Отаны

Нәзік жанды ғалым болғандықтан ба екен, Мария Кюри Складовская маған сондай ұнайды. Оның өзі ашқан химиялық элементін туған елінің құрметіне арнап Полоний атағаны да отанды сүюдің биік бір үлгісін көрсететін секілді. Тағылымдаманы Польшада өткеретін болғанымды білгенде, сол үшін де қатты қуанған болатынмын. Познань қаласының Адам Мицкеевич атындағы Университеттің Түркология кафедрасының дәрісін тыңдадық. Ондағы ма­мандар «Қазақстан тәуелсіздік алған ал­ғашқы жылдары түркологияның ішінде қазақ тілін оқуға деген құлшыныс жоғары болатын. Бірақ, уақыт өте  Қазақстаннан келген кәсіпкерлер қазақ-поляк тілді аудармашы емес, көбіне орыс-поляк тілді маманға сұраныс жасайтынына байланысты кафедрада бүгінгі таңда қазақ тілінің сағатының азайғанын», – айтты. Мұнда, қазақ тілі түркі тілінің қыпшақ тілдер тармағымен танысу үшін, көне жазуларды оқу үшін үйретілетіндігін жеткізді. Демек, біздің бизнес қазақша сөй­лемей, қазақ тілінің тынысы кеңімейді деген сөз.Аңдасақ біз тәуелсіздік алған жылдары жас мемлекеттің болашағынан Еуропа да үлкен үміт күткен екен. Алайда, біз әлі де орыс тілінің ықпалынан шыға алмай отырмыз. Біз үшін әміршіл әрі өктем көрінетін орыс тілінің  қауқары әуежайдың арғы бетіне (трансфер) өткен сәттен-ақ  таусыла бастайды. Тіпті, ағылшын тілін түсінбейтін қарт полякты кезіктірсеңіз, одан орысша жөн сұрағаннан гөрі, өз тіліңізде сөйлегеніңіз абзал. Сонда, ол сізді құрметтейді. Өз тілін сыйламайтын адам өзгені де сыйламайды деп есептейтін Польша бір кездегі орыс ықпалын толығымен санасынан сілкіп тастаған.

Еуропа ескерткіштері

Мұнда ескерткіш есеп  беру үшін орна­тылмайды. Ұлтты құрметтейтін ұлдарына  ар­налған әрбір ескерткіш шынайы ықылас пен асқан ыждағаттың нәтижесінде пайда болған. Сондықтан, шығар, көсемдер мен шешендердің бейнесі сондай шынайы. Тіпті, шапандарының етегін жел тербеп тұрған сәтте мүсінге айналып кеткен бе деген ойға қаласың. Желдің етекті желпігеніне дейін сондай шынайы екенін көргенде, шапаны тым жұқа біздегі ескерткіштер есіңе түссе өзіңнен өзің ұяласың. Одан қала берді барлық ескерткіштердің алдында шам жанып, гүл тұрады. Польшада гүлсіз тұрған ескерткішті көрмедім. Күнде солмаған, балауса гүл жаңа гүл қойылатын ескерткіштерге кім қашан тәу етіп үлгеретінін түсінбей дал болдым. Италиядағы мифтік кейіпкерлердің мүсінін тамашалау барысында, расында адам қиялының мол  мүмкіндігіне қайран қала­сың. Біздегі мифтік кейіпкерлердің мүсін болып арамызға келіп тұра қа­луына діни нанымдар кері ықпалын тигізген болуы мүмкін. Алайда, біз ұлттық қиялымыздың жемісі – мифтік қа­һар­мандарымызды мүсін қалпында қаламызға шақырып алудан көп нәрсе ұтамыз. Алдымен ұрпақ тәрбиесіне ықпалы болады, одан соң халқымыздың қиялының бір көрінісін болмыстаймыз. Ватикандағы папаны күзетіп тұрған ескерткіштерді көріп мен осындай ойға қалдым.

Жаһандану үрдісі

Расымен, әлемді қытайдың тауарлары «жаулап» алған десек болғандай. Бірақ,  «жаулап алу» да абыройға қарайды екен. Мәселен, Польшаның дүкеніндегі қытай ойыншығын, біздің елден он есе қымбатқа кезіктіресің? Неге? Қытайға Еуропа емес, біз жақын емеспіз бе?  Сауда үйлерінде орналасатын ғаламдық желілі дүкен киімдерінің бағасы біздің елмен бірдей, бірақ, сапасы жақсы. Тіпті, тауар өндіруде алыпқа айналған көрші онда сатылған киімдеріне арнайы  Польша үшін деп жазуды да ұмытпаған. Ал, арнайы Еуропа үшін сапалы киім жөнелту керек екенін олар қаперден шығармақ емес. Сондай-ақ, біздің көшелердің төрінде мейман күтетін түрік асханаларын қарт құрлықтан да  көп ұшырастыруға болады. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын мұсылман бауырлар түріктердің асханасын тәуір көреді. Десе де, сана мен сезім заңдылығын мүлт жібермейтін қарт құрлық тұрғындары да дәмханаларына бас сұға қалсаңыз, сізге шошқа еті қосылған асқа ескерту жасап, тауық етінен жасалған тағамдарын ұсынып бәйек болып жатады. Дәмхананың тамағы өтсе болды деген қағида адам құқы мен мүддесінің жанында түкке тұрғысыз дүние екенін түсінгендей боласың. Ал, бізде керісінше, сыртына дардай етіп халал деп жазып қойған дәмханалардан (барлығының емес қой, бірақ батыстан келе сала сондай дәмханаға бет алғаным жанымды қатты күйзелтті — А.Т) кілтипан шығып жатады. Адамзат тарихында жаһандану үрдісі жүріп жатыр. Бірақ, бізге бұл ұғымды аузын ашса жұтып қоюға шақ тұрған аждаһа образында көрсетіп келді. Неге екенін түсінуге тырысып көрейік. Анығында жаһандануға ілесіп жүруге біз лайықпыз ба? Жалпақ тілмен айтқанда жаһандану жұтпақ түгілі, бізді жақтыра ма екен? Қарапайым ғана бір мысал, бүгін Нобель сыйлығының иегері анықталса,  ертеңнен қалмай ол басқа тіл­дерде сөйлей бас­тайды. Бірақ, қазақ тілінде емес? Неге? Бізге оның орысша сөйлегені де жеткілікті, солай емес пе? Мейлі ол белгілі бір саясат негізінде орын алған делік, қалай болғанда да, әлемдік даңққа бөленген адамның жаңалығын біз неге оқи алмаймыз? Демек, жаһандық  назарға  ілінген адамды біз талдап-талқылай алмай отырсақ, жаһан бізді қайтсын? Рас, жаһанға біздің қазба байлықтарымыз қызықтырақ. Бірақ, есіңізге түсі­ріңізші, сіз, былтыр дәл осы уақытта қандай киім киіп жүр едіңіз? Аяқ киіміңіз қандай еді? Еске түсіру қиындау. Себебі, көйлек тозады. Уақыт үшін материал – байлық емес. Ол тек өмір сүруге ыңғайлылық тудыру. Ал, ыңғайлы өмір сүріп жатқан адам өзінің пікірі, еркін ойы, қиялы бар екенін білдіруі тиіс. Дәл сол секілді, тіл үйретудің ағылшын тілінде жаңа әдісі пайда болса, ертесі күні бүкіл әлем өз тілін үйретуді сол әдіске негіздеп шығады. Ал, бұлай ете алу үшін біздегі мамандар ағылшын тілін  жақсы білуі тиіс. Біздің елде ана тілімізді ғана емес, жаһандық тілдің қажеттілігін тұм­шалайтын тіл бар. Сол тілдің сүз­гісінен өткен ақпарат пен сараптаманы біз дұрыс деп есептейміз. Әрине, ол тіл жаһандануды аждаһа етіп көрсетуге мүдделі. Үстемдікті уыстан оңайлықпен кім шығара қояр дейсіз. Демек, ағылшын тілін игермей, біз құлдық санадан құтыла алмаймыз. Ортадағы көпір-тіл жаһандануды жойыт етіп көрсеткені секілді өз ұстанымын жүзеге асыра береді деген сөз.

Уақытқа құрмет

Уақытты құрметтемеген адамның кез-келген істе абыройлы болуы екіталай. Дәл сол секілді қазаққа да уақытты құрметтейтін сәт жетті. Еуропада аялдамаға күткен көліктің қай уақытта келетінін, діттеген жерге қай мезетте жететінін біліп отырасыз. Бір минут түгілі, бір секунд кешігіп жетуге хақысы жоқ. Себебі, адамның уақыты алтыннан да қымбат. Ал, біздегі қоғамдық көлікпен минутты былай қойып, дәл бір сағатта жетем деп кесіп айта аласыз ба? Жоқ, қай уақытта жететініңізді көшеде орын алған көліктер бәсекесі ғана шешеді. Бір бағыттағы автобуспен жарысып жүріп, ойламаған жерден жылдам жетіп алуыңыз мүмкін немесе керісінше бір аялдамада он бес минут тоқтап жүйкеңізді жұқартып әрең дегенде келуіңіз ғажап емес.

Шіріген жұмыртқа

Кез келген еуропалық заңның өз мүддесін қорғайтынын біледі. Сондықтан өз құқын қалай қорғаса, өзгенің құқығын солай сыйлайды. Адам еркіндігі жоғары бағаланатын елге оқуға барып, қайтпай қалғандарды шіріген жұмыртқа деп те сөгетініміз бар ғой. Анығына келгенде оларды да түсінуге болады. Өмірге адам болып келген соң, адамша өмір сүргенге не жетсін? Біз неге бір-біріміздің адамша өмір сүруімізге кедергі келтіре беретініміздің де мәнін зерделедім. Ол бір мақаланың жүгі. Бастысы, мен Еуропаның артықшылықтарын көрдім. Біздің елмен салыстырдым. Бұдан мені Еуропамен ауырып қалыпты деген ой тумаса керек. Арқа сүйейтін, иек тірейтін алтын қазығың болғанға не жетсін. Бірақ, сол алтын қазықтағылардың күндеспей, кектеспей, бөлінбей адамша өмір сүргенін көксеймін. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала тұрғындары» трактатын бір оқып шығыңызшы. Ғұламаның арманын туған топырағы емес, басқа елдердің жүзеге асыра алып жатқанын аңдайсыз. Ал, ол еңбек жазылған тұста Шығыстың мәдениеті мен ғылымы қандай еді?

Айнұр Төлеу

"Ақиқат"

Связанные Статьи