Министр Алаш мәселесіне атүсті қарай ма?

/image/2019/10/07/crop-243_2_481x641_f6b58b8b25a01aa7a9337bcc47ad6b41_xl.jpg

Бір ай бұрын ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызының назарына хат жаздым. Көрмей қалады дейтіндей емес, ол хатым «Қамшы» порталында жарияланды. Қазір қағазға иректетіп, хат жазып, почта арқылы жолдап, жауабын айлап күтетін заман емес қой. БАҚ-та айтылған, жазылған мәселеге шенеуніктер ертесі-ақ жауап беріп (кейде баспасөз қызметі арқылы) жатқанын көзіміз көріп жүр. Өйткені қазіргі уақыт екі күн ойланып, үш күн толғанатын кезең емес. Бәрі де едел-жедел. Сол едел-жедел уақыттың ырқымен мен де Мәдениет және спорт министріне хат жолдаған едім.

Содан кейін не болды дейсіз ғой, ештеме де болған жоқ. Мәдениет министрілігі тым-тырыс. Ең болмаса, хатты көргендерін, мен ұсынған мәселе бойынша қандай да бір пікірлері бар екенін, қоштап не қоштамайтындарын айтпады. Тіпті шығарыпсалма жауап жазып, тілдей пікір де жөнелтпеді. Демек менің сөзімді министр құлағына ілмеді. Бәлкім жауап беруге татымайды деп санаған шығар. Әлде шекара асып келген оралман болғанымды олқы көрді ме екен?!

Мен жазған хатымда не айтып едім? Жеке басымның проблемасын жаздым ба? Әрине, жоқ. Өткен жылғы Елбасымыз өз жолдауында 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялағанын жалпақ жұрт біледі. Соған орай, елімізде түрлі бастамалар көтеріліп, сан түрлі шаралар қолға алынып жатыр. Менің ұсынысым да осы мәселемен орайлас еді. Қазақтың арқалы ақыны Мағжан Жұмабаевтың «Жастарға» дейтін ғаламат өлеңін білмейтін қазақ жоқ бүгінде. Ғасыр бұрын Мағжан ақын «Мен жастарға сенемін» деп кетті. Өсетін ел жастарына үмітпен қарайды, сенім артады. Себебі жастар – елдің болашағы. Сол жастардың өкілі ретінде «Мен жастарға сенемінге» ән жазған едім. Тыңдарман берген баға мені қуантты. Бірқатар зиялылар батасын беріп, алғысын айтты, нағыз «Мағжанның маршы» екен десті.

Түсінген жанға «Мен жастарға сенемін» – Мағжанның аманаты. Ақын аманатының Алаш жұртына тең тарағанынан ешкім зиян шекпейді. Алайда идеологияның басты құралы саналатын телеарналарға жеңіл-желпі, жарқетпе әндер өтімді келеді де, рухты әндер, қазақтың қазақ екенін танытатын әндер қажетсіз, олар босағада қалады. Бұл жөнінде таңды таңға соғып айтуға болады. Мың мысал, жүз дәлел келтіруге болады. Бірақ бұл бағытта әңгіме өрбітсем, тақырыптан ауытқып кететінім анық. Сондықтан негізгі мәселеге оралайын.

♦Ақтоты ханым, Сіз жастарға сенесіз бе? (видео)

Сол хатымда мен министр ханымға былай дедім: «...Қазақы нақыштың ерекшелігін қалтқысыз ұғынасыз, дала сазының сиқырын салмақтай білесіз. Өтінішім, «Мен жастарға сенемінді» бір тыңдап көріңіз! Ұнамаса, менің осал болғаным. Онда шамама қарамай, Мағжанның жырына жармасқаным үшін көп алдында кешірім сұрауға да дайынмын. Ал егер... Егер талғамыңыздың үдесінен шықса, Мағжанның жырын жаңғыртып, бүгінгі қоғамға «өткізе алмай» жүрген отыздағы оралман қазақтың мұңын түйсінетін шығарсыз...».

Осы жерде мына мәселені де айтпай кетуге болмас. Бәлкім, бәзбіреулер «Е, бұл бала әнін насихаттай алмай жүр екен ғой» деген тәрізді ой түюі де мүмкін. Шүкір деп айтайын, қазірге дейін жиырмаға жуық әнім жарық көрсе, соның денін көпшілік жылы қабылдады. «Көк тудың желбірегені» әні арқылы танылған Ибрагим Ескендір екі әнімді орындап жүр. Еркін Шүкіманов ағам бір әнімді қабыл алды. Жалпы, мен насихатта зәру жан емеспін, маған керегі – Мағжан аманатының Алашқа жаңғырып жеткені. Жастардың жүрегіне орныққаны. Бұл жалғыз менің емес, Мәдениет министрлігінің де көкейіндегі шаруа болуы тиіс еді ғой. Ұлттық нақышы, рухты бояуы бар дүниелердің парқын телеарналар түсінбесе де, Мәдениет министрі ұғынатын шығар деген үмітімнің болғанын жасырмаймын.

Енді соңғы мәселе: министр неге естімеген болды? Ұнатпады ма? Менің ұсынысым қолайына жақпады ма? Әлде әнім талғамына татымады ма? Ендеше неге айтпайды? Әлде менің Қазақстан азаматы ретінде, жас буынның өкілі ретінде министрге сауал қоюға қақым жоқ па? Жеке бастың мәселесі емес, Алаштың ақынына, оның жастарға рух берер өлеңіне ән жазғаныма айыптымын ба? Әлде министр Алаш мәселесіне атүсті қарай ма?
Бұл сұрақтарға енді министр бірдеме дейтін шығар деп отырмын.

Ерлан Төлеубайдың фейсбук парақшасынан алынған

Оставить комментарий

Связанные Статьи