Қарттарға қайырымдылық көмек берушілердің саны жылдан-жылға көбейіп, әлеуметтік көмек алушылар саны да арта түсуде. Осының өзі қоғамымызда қарттарға деген қамқорлықтың, оларға деген жанашырлықтың арта түскенін айғақтайды.
Қарттарды қадірлеу айлығы аясында, облыс бойынша түрлі шаралар өткізілуде. Игі шараны алғашқылар қатарында “Nur Otan” партиясы Байзақ аудандық филиалында аудандық іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастырумен партиялық “Ардагерлерді ардақтайық” жобасы аясында, ұрпақтар сабақтастығы мен диалог алаңын қамтамасыз ету мақсатында ауданымыздағы еңбек ардагерлерімен кездесу өткізілді.
Аталмыш кездесуде аға буын өкілдеріне тиісті құрметтерін көрсеткен ұйымдастырушылар ауданның дамуы мен құрылуына орасан зор еңбек сіңірген қарттарға алғыстарын білдірді. Бір мезет болса да күнделікті күйбең тірліктен арылып, бір-бірімен шүйіркелесе кеткен қарттар мәре-сәре болысты. Ақ дастархан басында келелі әңгімелер қозғалып, ізгі тілектер айтылды.
Бүгінде ата жолын жалғап келе жатқан ақсақал аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміз екені анық. “Қария” деген сөз елдің басы болу, ақылын айтар дана болу, ел төрінде құрметке бөлену, ас бергенде немерелерінің үлесін бөлер қамқоршысы. Шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етуге ақылын айтар елі мен жерінің кеңесшісі.
“Nur Otan” партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Шолпан Байтақова, аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, жеке кәсіпкер Сания Алтаева өздерінің жастық дәуірін келешек үшін қиын өмірдің сынына салған, бүгінгі осы бақытты заманды сыйлаған қарияларға ризашылықтарын білдірді. “Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз, тәлім-тағылымдарыңыздың біз үшін орны бөлек. Себебі, әрқайсыңыздың ауданның өсіп-өркендеуіне қосқан үлестеріңіз бен еңбектеріңіз ерен. Талай жасты тәрбиелеп, ізбасарлар өсірдіңіздер. Бүгін, еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да Сіздер ұрпақтарыңызға игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытудан жалыққан емессіздер” - дей келе, ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін, аяулы әжелерді, жалпы, зейнеткерлерді мерекелерімен құттықтап, ұзақ ғұмыр тіледі.
Мерекенің мұншалықты мәнді өткеніне қарттар да риза болды. Қазына қарттардың атынан сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Беспаев шара ұйымдастырушыларына алғыс айтып, ақ батасын берді.
Оставить комментарий