Мұң-мұқтаждарын мұқият тыңдады

/image/2019/10/16/crop-50_184_1411x2509_qoghamdyq-qabyldau.jpg

«Nur Otan» партиясы Байзақ аудандық филиалының ұйымдастыруымен көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Жиында Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетов, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Үміт Ибраймова, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Асылхан Заурбеков және партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Шолпан Байтақова азаматтарды жеке қабылдап, мұң-мұқтаждарын тыңдады.

Қабылдауға бірінші болып келген Сарыбарақ ауылының тұрғыны Гүлжамал Қуанышева екі жыл бұрын жергілікті полиция бөліміне ұрланған малына қатысты арызданғанын, алайда осы мәселе бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны жайлы хабарсыз екендігін, көмек беруін өтінді. Темірбек Асылбекұлы арызбен жеке танысып, азаматшаның заң жүзінде құқықтарын түсіндіріп, алдағы уақытта мәселе бойынша уәждер тексеріліп, бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Одан соң Дихан ауылдық округіне қарасты Аймантөбе ауылының тұрғыны Құланқадыр Жұмабаев ауылға қарасты мал жайылымына арналған жерді заңсыз пайдаланылып жатқандығын, төрт жылдан бері мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып, әділдік таба алмай жүргенін жеткізді. Асылхан Әзімханұлы арыз иесін мұқият тыңдап, жауапты тұлғаларға жерге қатысты құжаттарды тексеруді, GPS өлшеу технологиясын пайдалану арқылы жер заң бойынша кімге тиесілі екендігін және зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бастығы Нұрлан Оразымбетов түсініктеме берді.

Сеңкібай ауылынан келген Сауытбек Сәрсенов ағымдағы жылдың маусым айында екі бас биесінің қолды болғандығын, қылмыскерлер тиісті жазасын алу қажеттігін алға тартты. Полиция полковнигі Асылхан Заурбеков жәбірленушінің шағымы назарға алғандығын, қазіргі уақытта зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын баян етті. Өз кезегінде Темірбек Асылбекұлы ауылда тіркелген мал ұрлығына қатысты деректерді тексеруді тапсырып, шағым бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды өз бақылауында ұстайтындығын айтты.

№3 Байзақ колледжінің жұмысшысы Абай Мирманов аталған оқу ордасында тәртіпті қадағалайтын полиция инспекторының жұмысына бақылауды күшейтуін сұранды. Бұл мәселе бойынша тиісті зерделеу жұмысы жүргізілетіндігі айтылды.

Азаматтарды мазалаған мәселелерді мұқият тыңдаған Темірбек Оразымбетов олардың өтініштері аяқсыз қалмайтындығын және алдағы уақытта міндетті түрде шешімін табатындығын мәлімдеді.

Оставить комментарий

Связанные Статьи