Халқымыз «Ұстаздық ету – талабы қашанда таусылмайтын, заманы ешқашан ескірмейтін кәсіп» - деп мұғалім мамандығына ерекше ықылас танытқан. Иә, шәкірт санасына сәуле шашып, шырақ отын маздатқан ұстаздарымыздың төл мерекесі де келіп жетті.
Табиғаттың тамаша мезгілі, алтын күзбен қатар келген кәсіби мереке - ұстаздар күніне орай Байзақ аудандық мәдениет үйінде “Ұстаз аты - биік әрі мәңгілік” тақырыбында мерекелік шара өтті.
Салтанатты жиында мінберге көтерілген аудан әкімі Нұржан Нұржігітов ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Аудан басшысы: «Мектептің жүрегі», «Бала жанының бағбаны»… Иə, бұл мектеп мұғалімі — ұстазға арналған теңеулер», - деген сөзін тілге тиек ете отырып, өткен оқу жылында аудан ұстаздары мен білімді шәкірттердің жеткен жетістіктерін атап өтті.
Білім саласында ұзақ жылдар жемісті тер төгіп, бүгінде еңбегінің зейнетін көріп отырған, ардагер-ұстаздар қауымын да атап, ел ертеңі, болашақ ұландардың бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, туралық пен шыншылдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, оларды тұлғалы азамат етіп қалыптастырудағы еңбектеріне шығармашылық табыс тіледі.
Одан соң аудан әкімі атынан ұстаздар қауымына гүл шоқтары табысталып, марапаттау рәсіміне ұласты. Аталмыш рәсімде аудан басшысы бірқатар ұстаздар қауымына Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, облыс әкімдігі білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын, "Nur Otan" партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталарын салтанатты түрде табыс етті. Сондай-ақ, аудандық деңгейде өткізілген "Үздік педагог" байқауының жеңімпаздары да марапатталды.
Марапат легі мұнымен толастаған жоқ. Сахнаға көтерілген аудандық мәслихат хатшысы Нұржан Тлепов Үлгілі орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нұржамал Абдуллаеваға, Қосақ негізгі мектебінің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Әсем Майлықұловаға, аудандық іскер әйелдер қауымдастығы "Алтын жас" секциясының төрайымы Гүлнар Қосымоваға, осы секцияның мүшесі, зейнеткер-ұстаз Фатима Оспановаға, "Әйел және саясат" секциясының төрайымы Шолпан Байтақоваға, аудандық мәслихаттың бесінші шақырылым депутаты, білім беру саласының ардагері Тазагүл Кадимова мен алтыншы шақырылым депутаты Сания Алтаеваға аудандық мәслихаттың Құрмет грамотасын табыстады.
Оставить комментарий