Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жанынан шағын футбол алаңы пайдалануға берілді. Жаңа алаңның ашылуына орай, кіші футболдан Жамбыл облысының ауыл жасөспірімдері жазғы ойындарына арналған футбол турнирі ұйымдастырылды.
Заман талабына сай салынған шағын футбол алаңының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әділхан Омаров, №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Аслан Айтбеков қатысты.
Дәуір Рысбайұлы құттықтау сөзінде: “Сіздерді бүгінгі ашылып отырған шағын футбол алаңының ашылуымен және кіші футболдан Жамбыл облысының ауыл жасөспірімдері жазғы ойындарына арналған футбол турнирімен құттықтаймын. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің барлығын жасауда” - дей келе, дене шынықтыру мен спорттың дамуына жағдай жасау мақсатында, ағымдағы жылы “Ауыл - ел бесігі” жобасы аясында, жалпы құны 21 миллион 107 мың теңгені құрайтын екі кіші футбол алаңы ел игілігіне берілгенін атап өтті. Аудан аумағында осындай қалыптағы Қызыл жұлдыз, Жетібай, Байзақ, Дихан, Сарыкемер ауылдарында кіші футбол алаңшалары салынғанын, келер жылы Жамбыл облысы спорт нысандарының құрылысын жүргізу картасына сәйкес, Түймекент және Бурыл ауылдарында дене шынықтыру - сауықтыру кешендерін салу жоспарлануда екенін жеткізді. Сондай-ақ, турнир қатысушыларына сәттілік тіледі.
Сонымен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимні шырқалып, ұлттық дәрежедегі төреші Асхат Абдамбаев жарыстың ережесімен таныстырған соң, 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасында шағын футболдан турнир басталып та кетті. Шу, Сарысу, Жамбыл, Мойынқұм, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Жуалы және біздің ауданнан жасақталған командалар екі топқа бөлініп, ойын өрнегін қыздырды. Сарыкемер ауылындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары Алексей Пай, Ермек Диханов, Ермек Талипов баулыған біздің ауданның командасы қарсыластарды шаң қаптырып, жүлделі бірінші орыннан көрінді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар тағайындаған Диплом, Кубоктармен марапатталса, жеңімпаз команда Қазақстан Республикасының Ауыл жасөспірімдерінің жазғы ойындарына берілетін жолдамаға ие болды.
Оставить комментарий