Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының бірқатар белсенділері мен өңірлік этнос өкілдерінің жас мүшелері Түркістан қаласына саяхат жасап қайтты.
Шараға облыстық ассамблеяның белсенді жастары, Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік штабының мүшелері, аз қамтылған отбасынан шыққан мектеп және кәсіптік-техникалық оқу орындарының оқушылары мен білімгерлері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамтылды.
Экскурсияның басты мақсаты – Қазақстандағы жастар жылы аясында Түркістан, Жамбыл облыстарының белсенді жастарын Қазақстан президенті Жолдауы жүктеген міндеттерге жұмылдыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке негізделген қазақстандық патриотизм құндылықтарын ілгерлету болып табылады. Сондай-ақ, өскелең ұрпақты еліміздегі ішкі туризмді қалыптастыру, өлке тарихымен және оның географиясымен таныстыру.
Көне Тараз шаһарынан ежелгі Түркістанға бет алған жастардың керуені жол бойында еліміздің оңтүстік астанасы саналатын шырайлы Шымкент қаласына тоқтап, жергілікті ассамблеяның жастарымен жүздесті.
Кездесу басында сөз сөйлеген Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Махсудқызы жергілікті ассамблея қызметкерелеріне алғысын айтып, жастарға жалынды сөздерін арнады. Сондай-ақ экскурсияның алдағы бағыт-бағдарларымен таныстырып, жастармен бірге атқарылып жатқан жұмыстың жүйесіне тоқталды. Кездесу барысында екі жақтың жыл бойы атқарылған жұмыстарының қорытындысы, Жолдауға қолдау білдірген жастар, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған челлендждің жалғасуы туралы ойлар мен пікірлерін ортаға салды.
Экскурсияның екінші күні Қожа Ахмет Яссауи, Рабиға-Сұлтан Бегім кесенелері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің маңынан орын тепкен емдік қасиетке ие шығыс моншасы, Қылует жер асты мешітіне, Шәуілдір ауылындағы Арыстан-Баб кесенесі, Отырар қалашығы, Отырар тарихи-өлкетану мұражайына саяхат жасаған жастар тарихпен бетпе-бет келгендей әсер алды.
Қ.А.Яссауи кесенесі XIV ғасырдың соңында тұрғызылған архитектуралық ғимарат. Қожа Ахмет Яссауи дүние салғаннан кейін халықтың көп жиылуымен өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Кейін бұл кесене мұсылмандардың жаппай тәу ету орнына айналған. Мекеме қызметкерлері ассамблея жастарына бас сұққан әр киелі орынды жіті таныстырды. Олар туралы көптеген ақпараттармен бөлісіп, тарих тұнығынан сусындатты.
Оставить комментарий