Алма Түсіпбекова. АФРИКАЛЫҚТЫҢ АРЗУЫ

/uploads/thumbnail/20170708190604535_small.jpg

Африка тайпасының тұрғындары аштықтан әлсіреуде. Ішер ас пен киер киімге жарымағандар күнкөріс пен қара қазанның қамы үшін Үндінің солтүстігіне келіп, өздерінің бүйректерін сатқан.

                                                                           Баспасөз материалдарынан

 

Қарасаң қарай бергін маған күліп,

Танытқан түрім осы – табандылық.

Көп болды рухымның өлгеніне,

Шаршады сыртым менің аман жүріп.

 

Сағым боп кетті алысқа аңсаған күн,

Тірліктен тірнек іздеп шаршағанмын.

Жүргесін тірілердің тізімінде,

Мүрдесін көміп келдім қанша адамның.

 

Басыма бақыт қонып бір еңселі,    

Түнектей тірлігіме күн ерсе еді!

... Құдайдан сұрап алған жалғызымның

Аштықтан дірілдейді тілерсегі.

 

Әрі асып кете барған сауық қырдан,

Кедейлік!

Қамытыңды қауіп қылғам.

Жаны бар кеудесінде жарым – анау,

Жапырақ абыройын жауып тұрған.

 

Келетін күндеріме сеніп ұдай,

Көрмеп ем, тура жолдан кері құлай.

Несібе тараттыңыз – өзгелерге,

... Неге бұлай жараттың мені, құдай?!

 

Толғанмен түнектейін түн күдікке,

Байшыкеш көңіліне мұң кіріп пе?

... Тірлікті ел істеген мен де істейін,

Сатайын бүйрегімді – үнділікке!

 

Құдайым!

Көк желкеден түйреп келген,

Алғысым шексіз саған – бүйрек берген!

Бүйректі аламын да осылайша

Лақтырам тағдырыма – иректелген.

 

Жаныма өспесі анық енді гүлдің,

Көп екен көлеңкесі кемді күннің.

Ар-ұят, иманы жоқ бұл тірліктің,

Жоқ екен бүйрегі де.

Енді білдім.

 

Мен кейде ой-өзенге қосыла ағам,

(Деп жүрме – «ойы неткен тосын адам?»).

Бүйрегім – ар боп кетсе адамзатқа,

Берер ем жүрегімді қосып оған!

 

Болсаңыз елден асқан ақылды адам,

Жұмбақтың айт жауабын, батыр, маған:

Ет кесіп денесінен, пұлдауда адам,

Тірлікте не қалды енді сатылмаған?..

 

 

Мен ешқашан өлең жазған емеспін!

 

Жалтақ болып, жын-қоғамға, азулы,

Жүрмін әлі жетегінде елестің.

Маңдайымда – мендік ғұмыр жазулы,

Мен ешқашан өлең жазған емеспін!

 

Маңдайдағы шым-шытырық шимайға,

Көз тоқтатар, өзгертетін күй қайда?

Тағдырымның тақтасында тәтті жоқ,

...Жаратқаным қинай ма?

 

Ас мәзірі алдымда тұр – бұрышты,

(Көрсет маған, білер болсаң дұрысты).

Асханада – тәңірінің аспазы,

Мені көріп, тырысты.

 

Айналайын, тас ғасыр,

Сақтағаның осы ма еді – басқа сыр?

Көрік-кеудем көтеріліп басылды,

Сезді-дағы жазмыштан аспасын.

 

Ана бір жан, күлшелі,

Жоқ-ау, сірә, жүрегінде мұң-шері.

Көңіліне көктем ұя салған жан,

Өзгелердің жанын ұғып, білсе еді...

 

Жалтақ болып, жын-қоғамға, азулы,

Жүрген жанмын жетегінде елестің.

Маңдайымда – мендік ғұмыр жазулы,

Мен ешқашан өлең жазған емеспін!..

 

Қара түстен табайын ба жарасым?

Керім-күннің есіңе алып қалыбын,

Сен де мені ойлайсың ба әлі күн?

Сенсең егер, мына жалған өмірдің

Кермек дәмін сен арқылы таныдым.

 

Кермек дәмін...

Жетпей қалып тәттісі,

Қанатынан қайырылып бақ құсы.

Тағдыр маған қара көйлек кигізді,

Жыртысының жетпей қалып ақ түсі.

 

Қара көйлек, қара жолақ, қара гүл,

Өзегімде өткен күнге нала жүр.

Сұрқай өмір салып жатса табанға,

Серпілер ме, сұрғылт тартқан сана бір?!

 

Қара нөсер қара аспаннан төгілген,

Қара түнге үйір бопты көңіл де.

Қара түсті көзілдірік – көзімде,

Қара әйнектен қарап тұрам өмірге.

 

Өмір өзі тартса түстің қарасын,

Қара түстен табайын ба жарасым?

... Ой орманын кезіп жүріп сүріндім,

Сүрінгенім не екен десем – қара сым...

 

Ұқсастық

 

Жылап аққан сылдырындай жылғаның,

Түсінемін тірі жанда сыр барын.

... Байқап қалдым, қоқыс терген әйелдің

Гүлге қарап, мұңға батып тұрғанын.

 

Жүдеу өңді, төменшіктеу назары,

Ерте көшкен секілді өмір-базары.

Қайыршының күнін кешкен сол жанның

Қоқыстағы гүл дестеде – назары.

 

Гүлге оранған күн түсе ме есіне,

Гүлге сонша тесіледі несіне?

Солған гүлге сонша қарап тұрғанша

Кешкі асына іздемей ме несібе?..

 

Құлы болған жан ба еді, әлде, теңгенің,

Қатал тағдыр салған, сірә, шеңгелін.

Тағдырының тайқы ма екен тақтасы,

Сұрқай-өмір ерте алды ма сенгенін?..

 

Бақытының шыт көйлегі тозғасын,

Сезген сәтте тағдырынан озбасын,

Өткен күндер тілгілеп бір өзегін,

Жертөледе сыққан болар көз жасын.

 

Санасында – сағым болған сая-бақ.

Гүл дестені жақынырақ таяп ап.

Өткен күнін – көктем күнін сипайды ол,

Тілімденген қолдарымен аялап.

 

Құлақ салсаң сырға толы сөзіме,

Бір ойды анық ұялаттым өзіме:

Солған гүл мен сол әйелде ұқсастық,

Бар секілді көрінгені көзіме...

 

 

Адами бағдарлама...

 

Сезімімнен кеткендей сырт өмірге,

Оралмайды осы күн жыр көңілге.

Жан бағудың қамымен осы күні

Барамыз ба, айналып құлтемірге?

 

Өкіметтің жұмысын міндет қылып,

Зымыраған жүрміз-ау күнді өткеріп.

...Құлтемірді құл дейміз.

Өзге бізді

 Жүруі де мүмкін-ау құл деп біліп.

 

Қарамайтын жыныс пен жасыңызға,

Бағдарлама жазылған басымызға.

Құшақ жайып тұрмайсыз досыңызға,

Тісті қайрап тұрмайсыз қасыңызға.

 

Жалақыға күн сайын табынасың,

Уақытқа, сағатқа бағынасың.

...Кей күндері түсіңе ауыл еніп,

Бала кезді еріксіз сағынасың.

 

Сезімімнен кеткендей сырт өмірге,

Оралмай жүр осы күн жыр көңілге.

Жан бағудың қамымен осы күні

Барамыз-ау, айналып құлтемірге.

 

Таңдап алып көріктің ең қызуын,

Осы сеңді керек-ау мен бұзуым.

Саналының керек-ау санасына

Бағдарлама адами, енгізуім...

 

Күн бүгін тұрып алды күреңітіп...

 

М.Мақатаев

 

«Күн бүгін тұрып алды күреңітіп...»,

Сонда да, жаным, сені жүрем күтіп.

 

Кездескен жерді айналып қазықтайын,

Ақ қарға атынды әр кез жазып дәйім.

 

Уайымым - (демеші несі мұңды),

Борасын жауып кетсе есіміңді.

 

Есіме жиі алам да күлгеніңді,

Тірлікте медет қылам жүргеніңді.

 

Есіме жиі аламын сөздеріңді,

Ұмытам содан кейін... өзге мұңды.

 

Сен сыйлаған сол жүзік қолымда әлі,

...Құрбаның болайын ба, жолыңдағы?!

 

Алқам да мойнымда әлі ай мүсінді,

Орал да қуант, баққа сай құсыңды.

 

Патефоны өшпейтін торындағы,

Гүл сататын  апай да орнында әлі.

 

Бақтағы күзетші қарт – бұрынғы адам,

Әлі қарап көрген жоқ қырын маған.

 

Дейсің бе, мендегі әлде, төзім дара,

Бәрі орнында.

Жоқсың сен өзің ғана.

 

«Күн бүгін тұрып алды күреңітіп...»,

Сонда да, жаным, сені жүрем күтіп...

 

«Қамшы»  сілтейдіі

Связанные Статьи