Тоқаевтың Ұлттық кеңесінде көтерілген мәселелерден ешқандай өзгеріс болмайды. Алғашқы кезде айтқандай-ақ, бұл болмашы ғана «косметикалық» өзгерістер.
Біріншіден, митингілерді рұқсат алудан ескерту формасына ауыстыру бойынша. Бұл тек қана жалпылама ұсыныс. Әлі парламенттің қарауына барады. Ол заң түрінде қабылданып, бекіткенше, оның ішіне талай құйтырқылықтарды енгізетініне күмәнім жоқ. Мысалы, Алматы қаласында митингі өткізуге екінші жер ретінде Ганди паркін ұсынып жатыр. Неге митингі өткізу бір жерге байлануы тиіс? Бейбіт жиынды кез келген жерде, тек қана стратегиялық маңызы бар әскери нысандардың жанында өтакізуге болмайды деп жазылуы керек қой. Одан кейін митингілер туралы жаңа заңда — ұйымдастырушылар материалдық міндеттеме алуы керек деген мәселе көтерілген. Яғни, митингіні өткізесіз, артынша сол маңайда орналасқан кафелер, мейрамханалар, коммуналдық қызметтер сізге қарсы миллиондаған айыппұлдар салғызады. Сіздің кесіріңізден «жұмысымыз тоқтады, шығын келді және т.б». Ресейде осы принцип қатты жұмыс істейді. Соңғы мәселе — Алексей Навальныйға митингі өткен маңайдағы ресторан иесі бірнеше миллион айыппұл салдырған. Көресіздер, осыған ұқсас шектеуді бұл заңға да кіргізеді.
Екіншіден, саяси партияларды тіркеу туралы. 40 мыңнан 20 мыңға түсірді деп бөрікті аспанға ататындай емес. 40 мыңнан 1 мыңға түсірсе, түсінікті болар еді. Партия тіркеудегі негізгі мәселе — қол жинауда ғана емес. Оның басқа да бюрократиялық тосқауылдары көп — бастамашыл топ құру, қол жиналып болған соң Әділет министрлігінің жауап беру мерзімін нақтылау және т.с.с. Ал бұл туралы бір сөз жоқ.
Үшіншіден, сайлау туралы, БАҚ туралы, саяси тұтқындар туралы бір ауыз сөз айтылмады.
Демек, Ұлттық кеңес жұмысының нәтижесі — көзбояушылық, нөлге тең деуге болады. Оның құрамында мен өзім сыйлайтын тұлғалар бар. Бұл кеңес жұмысының нәтижесіз болуы, әрине, 100 пайыз оларға байланысты емес, мәселе — саяси жүйеде. Бүгінгі жиынның қорытындысы — елде ешқандай күрделі саяси реформалар Назарбаевтың тұсында болмайды деген сөз.
Жанболат Мамайдың facebook парақшасынан алынған
Оставить комментарий