Сөз бостандығы жоқ елдің, өз бостандығы бар ма?

/uploads/thumbnail/20170708190953780_small.jpg

Дімкәс қоғамдағы демократия, дәлірек айтсақ «демократиясымақ» туралы айта-айта жауыр болғаны рас. Дегенмен, мына бір оқиға бізді демократия принціптері, ақпараттық цензура мен сөз бостандығы туралы қайта сөз қозғауға мәжбүрлеп отыр.

Жақында «Қамқорлық» қоғамдық қорының төрағасы Евгений Цай Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізгені туралы хабардар боларсыз. Бұл туралы Азаттық сайты жазған еді.

Десе де, кім ойлаған?! ҚР Орталық коммуникациялар қызметінде  сөз бен ой еркіндігіне тұсау,  шектеу қойылыпты.  КТК арнасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, 29 шілде күні ОКҚ бирифингінде баяндама жасап отырған спикер – Евгений Цайдың  Қазақстандағы жемқорлық пен биліктегі былық-шылық туралы ашық айтқан сөздерінен кейін белгісіз себептерге байланысты тікелей эфирдегі брифинг үзіліп қалған.

Брифингте балалар құқығын қорғаушы Евгений Цай мырза ерекше әсерленіп кетіп, билік өкілдерін- «қылмыскерлермен ауыз жаласқандар» деп айыптаған.

Евгенийдің өзінің айтуынша, ол тікелей эфирде «Қазақстанда бәрін пара беру арқылы шешеді, елде әділет тек жоғарыға есеп беретін шенеуніктерге ғана көрінетін тұрақсыз пішінге ие болды» деген кезде Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан (ОКҚ) брифинг үзіліп қалады.

«Рақымсыздық пен адамгершілікке тән емес енжарлық біздің мемлекетте қалыпты құбылысқа айналды. Егер қоғам оларды ашық сөкпесе, ал мемлекет өкілдері ұятсыз әрекеттерін бүркемелесе, қоғамда немқұрайдылық, принципсіздік, қорқақтық, сараңдық көбейсе, мемлекетте қазына мүлкіне қол сұғу, жемқорлық, бюрократия, жағымпаздық және көзбояушылық билік етсе, әдепсіз және адамгершілігі төмен болса да, ауқатты әрі ықпалды адамдар құрметке ие болса, олар бастықтарының алдында бас шұлғып, әлсіздерді жәбірлесе, балаларымызға қандай таңдау қалдырамыз? Үлгі алуға тұрарлық адамдар көп пе?» деген Евгений Цайдың тілекелей эфирдегі брифингі бар-жоғы 15 минуттың ішінде аяқталады. Дәлірек айтсақ, аяқтатты. (http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_yevgeniy_tsay/27161643.html ).

Айтпақшы, Евгений Цай осы брифингке келер алдында бәрін ашық, еш нәрсені бүркемелеп қалмайтынын айтқан екен.

Иә, Қазақстандағы сөз бостандығы мен ақпараттық цензура туралы әлемдік сарапшы ұйымдар жыл сайын өз қорытындыларын шығарып жүретінін білеміз. Мысалы, Париждегі «Шекарасыз журналистер» Одағы 2013 жылы Қазақстанды сөз бостандығы жағынан 160 орында деп тапса,  2014 жылы Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы әлемдегі сөз бостандығына арналған есебінде Қазақстанды баспасөз еркіндігі төмен яғни “еркін емес” ел ретінде сипаттап, 187-орынға қойған еді.

Бұл әлемдік сарапшылардың Қазақстанға деген көзқарасы.  Кейде осы тізімдегі Кот де Иуар мемлекетіндегі демократиялық құндылықтардың сақталу көрсеткішіне назар салып отырып, Қазақстан мен Африка арасындағы айырмашылықты байқаймыз. Әншейінде биліктік жаққа бір бүйрегі бұрып тұратын өзге ұлт өкілдерінің бұлай деп жатқаны қоғам мен биліктің ара-жігі ажырай бастағанын көрсетсе керек-ті.  Біздегі құлағы бар биліктің – құлығы жоқтығы ғой қарнымызды ашырып, қадірімізді қашыратыны. Шын мәнінде, жоғарыдағы оқиға антидемокоратизмнің бір ғана мысалы еді. Ал бізде мұндай жағдайдың жүзі-мыңы толып жатыр

Ал ғалымдардың анықтамасына сүйенсек, Демократия - гректің demos – халық және  kratos – билік  деген сөздерінен шыққан, яғни “халық билігі” деген мағынаны білдіреді. Халық билігі – сөзінің өзі күлкілі естіледі екен. Әлде біз бұл сөзді естіп көрмеген соң болар.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Связанные Статьи