"Жемқорлық – жегі құрт": Алик Шпекбаев жұртшылықпен кездесті

/image/2020/10/09/crop-13_107_436x774_f43e9bae-ecbf-4839-8655-8dcb1a223496.jpg

Талдықорғанға арнайы іссапармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев келді.

Әуелі Алик Жатқамбайұлы, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков бастаған топ облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына барды.

Алик Жатқамбайұлы компьютерлік томография, сандық рентген аппараты, екі гемодиализ аппараты қойылған бөлмелерді және жатын бөлмелерді аралады. Бір мезгілде 200 адамды емдеуге арналған аурухананың 20 төсегі жансақтау бөліміне арналған. Ең басты мәселе – жоғары санатты дәрігер жетіспеушілігі мен баспана. Ақ халатты абзал жандарға арнап 17 тұрғын үй сатып алынған екен. Одан бөлек, дәрігерлерге арналған 60 пәтер мен жатақхана салынуда. Онда үйленбеген және отбасылы мамандарға арналған бөлмелер болады.

Агенттік төрағасы І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 288 орындық жаңа Студенттер үйіне барып, «Саналы ұрпақ» клубының көшбасшыларымен және «Ізгілік елшілері» еріктілер қозғалысының белсенділерімен кездесті.

Жыл басында ашылып, қолдануға берілген «Open Taldyqorgan» сервистік әкімдігінде бүгінгі күні 8 қызметкер жұмыс істейді. Бүгінгі күнге дейін 9517 өтініш қаралып, 491 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Сапар соңынан Салтанат сарайында қоғам белсенділерімен, бизнес-қоғамдастықпен және БАҚ өкілдерімен ашық кездесу өтті. Жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде азаматтық қоғаммен сындарлы диалог құру мақсатында өткізілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны облысымызда жүзеге асыру бағытында бірқатар іс-шара кешені қолға алынған. Сондай-ақ, 15-тен аса жоба сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған. Бұл жөнінде аймақ басшысы Амандық Баталов:

– Бүгінде әкімдік тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет 83 пайызға жүйеленген. Жыл соңына дейін көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарда бар. Жер ресурстары картасына жердің 7 категориясы енгізілді. Соңғы 2 жыл ішінде 809 мың гектардан аса жердің қолданыста еместігі анықталды. Оның 569 мың гектары ауылшаруашылық саласын дамытуға бөлінді. 100 мың гектары мемлекет иелігіне қайтарылды, – деген Амандық Ғаббасұлы облыс көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстармен таныстырды.

 

 

Связанные теги :

Оставить комментарий

Связанные Статьи