Шарль Луи : «Қолында билігі бар адам қылмыс жасауға бейім болып тұрады»

/uploads/thumbnail/20170708193844077_small.jpg

ҚР Бас прокуратурасының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстан Республикасында жаңа қылмыстық кодекстің енгізілгенінен кейін соңғы жарты жылда салынған айыппұл көлемі 44 пайыздан 50 пайызға дейін артқан. Бұл туралы «Қамшы» порталы Today.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Қазақстан аумағында қылмыстық кодексті гуманизациялағаннан кейін жарты жылдық есептік кезең қарсаңында мүмкіндігін шектеу жазасы күшейіп, қылмыстық іске тартылғандар саны 30 пайызға артқан.

ҚР Бас прокуратурасының мәліметтеріне сүйенсек, қоғамдық жұмысқа жегілгендер көлемі 4 есеге көбейіп, айыппұл салынғандар көрсеткіші 6 есеге ұлғайған.  Соңғы жарты жылдықта шартты түрде бостандығынан айырылғандар – 13,2 пайызға артқан.

Ал, сыбайлас жемқорлық құрығына ілінгендердің саны 102 адамға жетсе, олардың айналымындағы пара сомасы – 2,3 миллиард теңгеден асып жығылған. Жаңа Қылмыстық кодекстің арқасында мемлекет қазынасына 500 миллион теңге қайтарылған.

Ал бас бостандығынан айыру жазасы 3 254 адамға тағайындалған. Бұл жалпы қылмысқа шатылғандардың 26 пайызын құрап отыр. 2014 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 37 пайызды құраған болатын.

Осы ретте Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа шатылып, темір торға тоғытылғандардың көрсеткіші алғаш рет 26 пайызға дейін төмендеген.

Түйін 1: «Алаған қолым- береген» деген кесірлі мәтелге құмартқан халықтың болашағы қандай болмақ дейміз-ау?! Десе де, парақорлыққа құрылған бюрократиялық мемлекетте басқаша өмір сүру мүмкін емес екендігін ескерсек...

Қарапайым мысалы, перзентіңіз перзентхана көрген сәттен бастап көк қағаздың құлағын көрсетуіңіз керек болады. Бұл сіздің қалауыңыздан тыс болуы бек мүмкін. Балаңыз балабақшаға барса да, мектепте оқыса да, университетке түссе де, жұмысқа орналасса да пара беруге «парыздар» болатыныңызды ұмытпағайсыз. Көшедегі ала таяқ ұстаған жол полицияларының өзі сіздің қалтаңыздағы ақшаның көзін көрсе болды, заңыңызды дәл бір өзі жазып шыққандай, аттап өте шығатынын күнделікті тіршілікте көзіміз көріп жүр емес пе? Беруші кім – алушы кім? Қарапайым қараша мен мемлекеттік қызметкерлер! Яғни, бұл жерде «береген қолыңыз алаған» емес, «береген қолыңыз береген»! Қазіргі қоғамда пара – ашық сауда көзіне айналып кеткені жасырын емес. Парамен ұсталсаң, парамен құтыласың! Солай ғой, ә?

Мысалы, Бас прокуратура ұсынған мәліметтерге сүйенсек, өткен жылмен салыстарғанда заңды белшесінен басып өтпек болған сот орындаушылар мен сот төрағалары – 12,4 пайызды құрапты. Мұның сыртында құтылып кеткені қанша, құрыққа іліккені қанша?!

Ал мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша партия 2015 – 2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын әзірлеген. 2014 жылдың шілдесінен бастап Бағдарлама жобасы қоғамдық талқылауға ұсынылды. Бастауыш партия ұйымдары, өңірлік филиалдар, ҚР Парламенті депутаттары, сарапшылар, қоғамдық ұйымдардан 800-ден аса ұсыныс келіп түскен.

Түйін: Француз философы Шарль Луи «қолында билігі бар адам қылмыс жасауға бейім болып тұрады» депті. Иә, «балық басынан шіриді» деген жиі айтамыз. Бірақ, айран ішкендер құтылып, шелек жалағандан тұтылып жатқанында көзіміз көріп жүр ғой.

 

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Оставить комментарий

Связанные Статьи