Кеше Алла деп Алматыдағы аламан айтыстың ақтық мәресіне куәгер болдық. Шынымен барған да- арманда, бармаған да -арманда деп осыны айт! Бармағандар неге армадайды? Соңғы күннің алғашқы жұбы болып, Аспанбек пен Мақсат ой түйістірді. «Әу»,- деп сөз бастаған Мақсат әуелетіп елдің құлағының құрышын қандыра әдемі шапты. Көкейдегі Алматыны жақсы суреттей келе, Аспанбектің жалбыраған « сүйкімсіз» шашына тиісіп, « ылғи қызбен айтысушы ем, маған сені Жүрсін ағам "шашы ұзын қыз" деп алдап қасыма жайғастырыпты»,- деп көпшілікті күлкіге қарық қылды. Аспанбек аспандайтын әдеті бойынша эмоцияға жол беріп, "Мен-мен, мен едім" деп арынын байқатып, « қанжарым бар жарамын»,- дегенге барды ағасын. Осылай арқырап-барқырап барып, өрге шыққан ескі көліктей жер сабалап әзер тоқтады. Бірақ сөзінде мән-мағына бар, жақсы ой айтып қарымды қайтарды. Тек бір түрлі қарсыласына кектене сөйлегені зал толы көптің көңіліне сәл басқаша ой салды. Артынша сөз алған Мақсат: « Құрбан айт жақындап қалыпты, інім-ау, шалсаң, орыстың Жиронвскийін шал»,- деп жұртты тағы ыржитты, шапалақ соқтырды, іле сөз алған Аспанбек Құрбандыққа шошқаны шалмайды деп сөз тапты. « Мәке, анау, Қарағандыңнан менің Әлкей атама көше атын берсеңдерші, сол жерді көп зерттеп еді»,- деп ой жалғап, Қаныш атам тапқан байлықты басқаларға сатпаңдаршы дегенде жұрт сатырлата шапалақ шалды. Олар Алматының бүгінгі кейпіне тоқтала келіп, көше аттарына аз шүйлікпеді. Қазылар Аспанбекке сәл басымдылық беріп шығарып салды. Артынша Еркебұлан мен Жансая топтың көз айымына айналды. Қазақы қыз бен жігіттің тамаша айтысын жасап жұртты қайта-қайта күлкінің кенішіне бөледі. Ел жайында қаузады, Қазақ хандығына 550 жылды да естен шығармай бәрін қамтып, жұртқа жағымды тамаша айтыстың үлгісін көрсетті. Олар "ұшты-ұшты" ойнының жаңаша жырын жазып, ғарышкерлерімізге тоқталып, доллар мен теңгені, жанармайды тілге тиек етіп жұрттың көңілін тапты. Сөздері жүректен шығып жүрекке жетті, соңында қопақтап кеткелі тұрып Жансая "еркек тоқты құрбандық деген" ойды еске салып қазыларға Еркебұланның жеңілетінін ескертті, іле жауап берген Еркебұлан «арық қой құрбандыққа жарамайды»,- деп тапқышбектігін көрсетсе, қарсыласы шап етіп, бірер күн сорпалауға жарайды деп тоқтағанда, Құрбандықты өзің жемей елге бересің, арық- тарамыс етті кім жейді деп қалжыңды шыңға шығарып жіберді. Ел олар кеткенде ұзақ-ұзақ шапалақ шалды, қазылар екеуіне балық көз баға бере салды.
Сол күннің үшінші жұбы болып, қос тарлан ақын саханаға жайғасты, олар -атақты Айбек пен Мейірбек. Шыға сала сызылта ой додасына жүгінген Айбек Алматының су жаңа әкімінің қолына қалам алдырып, қағаз жаздырды. Өз уәжінде көшелерді қазақшалаңыз десе, Мейірбек Алматыға қаптаған қытайды айтып, өздері жатқан "Золотой дракон" қонаүйінде куә болған жайын жұртқа жайып салды. Сөз ұстаған Айбек «оны не ғып мұнда айтып зарлап отырсың, сол қытай қойнындағы қазақ қызды көргенше, сол жерде жағаласып өлмедің бе»,- деп бір омақастырды,арындай шапқан Мейірбек шабытты екенін байқатып, алыстарға шауып жалғыз қара болып сол күнгі айтыстың дара бозына айналып, жұрттың көкейінде бірінші болып қала берді. Ағасы Айбек те жеңілгенін мойындады,тек қазылар алқасы тағы тең түсті деп көз жұмды. Артынша ел алдына тіс қаққан ақын Талант пен жас қыз Бибігүл шықты. Қозы көрген қасқырдай арсалаңдаған Талантқа таланбай айтысқанына қош дедік, десе де, әдемі қалжыңмен жақсы айтыс жасады.Талант елден өзгеше тың бір ойдың басын қылтитып, Ілияс Есенберлиннің 100 жылдығына көше атын Алматыдан беруді ұсынды. Қазылар Таланта толық бал берді.
Ел бірдеңені күтіп, елеңдеп отырды, міне қызық зал аңсаған қос жүйрік, шашасына шаң жұқпас тұлпарлар ортаға оқырана шықты. Олар атақты аты шулы Ринат пен Болатбек еді. Шыға сала сөз тізгінін ұстаған Ринат арқырап ауыздықпен алысып, бірден-ақ, ипадромнан шығып кетті. Сағынып әдейі аңсап шақыртқан халқын да, алдында отырған билікті де, әріптесін де сыйламай айтыс алаңын шаңға қаптырып, әлем-тапырақ көз көрмес құйын тұрғызып, дауыл соқтырып жіберді. Қарсыласы Болатбекті қауып-қауып алды, егесті қойыңдар деген Жүрсінді тыңдамай, құдды қабаған иттің иесін қабатыны сияқты Жүрсінді басып кете жаздады. Не айтқанын өздері де өзгелер де білмей қалды, екі Арыстан шайнасып,жұлысты. Ринат Болатбекке «сен ақын емессің, тек кітап жаттайсың, жалған теңеуді көбейтіп, төрт жол өлеңді ұзаққа шұбыртасың»,- деп биікке шықпақшы болды. «Мықты болсаң, мен сияты суырып салып айт, ақын деген мен»,- деп кеуде соқты, Болатбек қас жүйрік екенін бірден байқатып шаппа-шапқа салып суырып салып термелетіп, төкпелетіп алысқа барып, қайта айналып Ринаттың жанына келіп, «сен сияқты өлеңді біздің жақтың 5 жасар баласы айтады, сенікі құр қара сөздің үйіндісі, өлең емес»,- деп Ринаттың тонынын жыртты, «мен деген Сүйімбаймын, Жамбылымын, Оразалінің шәкірітімін»,- деп зорға тоқтады, сасқан Ринат қорғанысқа өтіп, « бізге ақын емес, мен сияқты батыр керек»,- деп, артынша бізде "Мәңгілік ел" деген құр қағаз жүзінде, "ҚР сөз өндірісінен баса түк жоқ" деп «құсып» жіберді. Зал толы жұрттың басына, «сен емес, Оразалінің шәкірті -мына мен»,- деп тағы кеудесін оққа тосты. «Сен әруақты пайдаланба»,- деп беті қыз-қыз қайнады Ринаттың сол шақта. Сөз алған Болатбек « Оразалы дәл сендей даукес емес»,- дей келе, ғаламтордағы Ринаттың содыр- сотанақ тұлғасына тоқталып, « сотқардан соғымға сойған сары сиыр жақсы, етін жеп тезегін отқа жағасың»,- деп, домна пештің үстіне тірідей шыжғырып жіберді батырды. Жүкең тағы сөзге араласып ел жайын айтуға кеңес бергенде Болатбек бірден іліп алып 40 қазақ ханын тізбелеп, терме төгіп, төпелетіп этно- айтыстан жаңбыр жаудырып жіберді. Ринатты қолдап отырған елге ерксіз шапалақ шалдырды. Қос арыстанның ортасында шыбындай болып Жүкең шырқырап тез тоқтатып үлгерді. Жүлдеден де жұрттың бағасынан да мақұрым қалды қос арыс. Өздерін-өздері тірідей жеп. Қара қылды қақ жарғандар Жансая, Бибігүл, Мақсат, Талантардан төмен баға беріп, қос жүйрікті алысқа қуып,елдің аяғына, сайға лақтырып жіберді. Артынша қазылар соңғы демді қоюуға сыртқа шықты, « Қоңыр» тобы қоңыраулатып тұп-тура 6 әнді салғанша шешім шықпады, бір кемпірлер есікке ұмтылып төрелік жасауға ниет байқатып жатты, ел тапжылмай бірдеме күтіп отыр. Жүр ағаң аламаны айтыстың соңына шыға алмадық тағы айтыс, Аспанбек пен Еркебұлан көлікке таласады деді, бірер ауыз сөзден соң-ақ, тез тіл табысқан екеуі қытай көлігін Аспанбеке берді. Қазылар келісті. Әкім кілтті ұсынып жақсы сөз айтты, Айқынның бастығы әдемі ой білдірді. Асыл апа ұран шақырды. Жұрттар бір түрлі көңілсіз, шаршап залдан шығып бара жатты. Ақшаның санын көтеріп Еркебұлан бірінші -1000000, екінші Мейірбек- 500000, Жансая -300000, Мақсат- 300000,Айбек- 300000 алса, қалған қатысқан 16 ақын 100000 теңгені санап артта қалды.
Нұрхалық Абдурақын