31 мамыр – Қазақстан халқы үшін ада күн. Бұл күні елдің түкпір-түкпірінде саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу шаралары өтеді. Алматы қаласында да осыған орай тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, өткеннің ащы сабағын еске салды.
Қала әкімі Дархан Сатыбалды Қарағайлы скверінде орналасқан мемориал кешеніне келіп, 1931–1933 жылдары ашаршылықтан және сталиндік репрессия құрбанына айналған жазықсыз жандардың рухына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұл — тек формалды рәсім емес, ел тарихының ең қайғылы беттерін еске алып, халық жадында мәңгі сақтауға бағытталған символдық әрекет.
Еске алу шарасына қоғам қайраткерлері, қуғын-сүргінге ұшырағандардың ұрпақтары, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері мен жастар ұйымдарының мүшелері қатысты. Олар бір минут үнсіздік жариялап, тарихи әділетсіздіктің құрбаны болған ата-бабалар рухына бас иді.
— Біз бүгін зұлмат жылдары жаппай аштық пен саяси қуғын-сүргіннің құрбанына айналған мыңдаған қандастарымыздың рухын еске алып, олардың алдындағы адамдық әрі азаматтық борышымызды өтеу үшін жиналдық. Бір минут үнсіздік – бұл естелікті сақтау ғана емес, құрметтің де, өткеннен сабақ алудың да көрінісі. Біздің парызымыз – сол зұлматты ұмытпау, бүгінгі бейбіт күніміздің бағасын білу, — деді қала әкімі Дархан Сатыбалды өз сөзінде.
Іс-шараның ресми бөлімі аяқталған соң қала басшысы қатысушылармен, қоғам өкілдерімен және мәслихат депутаттарымен еркін форматта пікірлесіп, мұндай шаралардың жастарды тарихи сананы құрметтеуге тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.
Бұл күн — өткенге тағзым, болашаққа үміт. Ашаршылық пен қуғын-сүргін – халқымыздың жүрегінде жазылмайтын жара. Бірақ ол жара — ұлт ретінде бірігуге, әділетті қоғам құруға деген ұмтылыстың негізі. Сондықтан әрбір азамат үшін 31 мамыр – тек еске алу ғана емес, елдің тарихына, тағдырына деген жауапкершілік күні.