"Росатом" басшысы Қазақстандағы алғашқы АЭС құрылысына қатысты мәлімдеме жасады

/uploads/thumbnail/20250616110907132_big.webp

"Росатом" мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын (АЭС) салуға халықаралық консорциумға жетекшілік етуге қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, жоба аясында әлемдегі ең заманауи АЭС-тердің бірі бой көтермек.

АЭС жобасында жаңа буындағы ВВЭР-1200 реакторлары қолданылмақ. Лихачевтің мәлімдеуінше, бұл – уақыт сынынан өткен инженерлік шешімдер мен халықаралық қауіпсіздік стандарттарына толық сай келетін, белсенді және пассивті қорғаныс жүйелерімен жабдықталған "3+" буындағы реакторлар.

"Мұндай реакторлар қазіргі уақытта Ресеймен қатар Беларусь, Венгрия, Мысыр, Түркия, Бангладеш және Қытайда да сәтті пайдаланылып жатыр", – деді ол.

Лихачев жобаны жүзеге асыру барысында озық технологиялар мен халықаралық тәжірибе қолданылатынын атап өтті. Оның айтуынша, "Росатом" Қазақстанның ерекшеліктерін ескере отырып, түрлі елдердің жеткізушілерімен тығыз жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

"Алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Біз бұл іске Ресей мен Қазақстан билігінің қолдауына сенім артамыз", – делінген "Росатом" таратқан ресми мәлімдемеде.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның Атомдық энергия агенттігі алғашқы АЭС жобасы бойынша халықаралық консорциумға "Росатом" жетекшілік ететінін хабарлаған болатын. Агенттік басшысы Алмасадам Сәтқалиев болашақта тағы бір атом станциясын салу жоспарда барын айтып, ол жобадағы негізгі серіктес ретінде Қытайдың мемлекеттік CNNC корпорациясы таңдалатынын жеткізген.

Сәтқалиевтің айтуынша, АЭС құрылысы аяқталған соң, Қазақстан оның толыққанды иесі болады. Жобадағы серіктестік формуласы: "Келді, салды, үйретті – кетті" қағидасына негізделген.

Связанные теги :

Связанные Статьи