Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Жоғарғы сот судьялары Герман Нұрбаев пен Досжан Әміров қызметтерінен босатылды.
Отырыста Жоғары сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов Мемлекет басшысының аталған судьяларды қызметтен босату туралы ұсынысын Сенаттың қарауына енгізді.
– Мемлекет басшысының ұсынысына сәйкес, Жоғарғы сот судьясы Досжан Әміров зейнет жасына жетуіне байланысты отставкаға кетіп отыр. Ол бұған дейін бірнеше облыстық соттарға төрағалық еткен, судьялар қауымында зор беделге ие, сондай-ақ Қазақстан судьялар одағының төрағасы болып табылады, – деді Малахов.
Сондай-ақ ол Жоғарғы соттың тағы бір судьясы Герман Нұрбаевтың жаңа лауазымға тағайындалғанын хабарлады.
– ТМД Экономикалық сотының 2025 жылғы 10 маусымдағы Пленум қаулысымен Герман Каримұлы Нұрбаев ТМД Экономикалық сотының төрағасы болып сайланды, – деді ол.
Сенат депутаттары ұсынысты бірауыздан қолдап, судьяларды қызметінен босату туралы шешімді мақұлдады.