ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласындағы Салтанат сарайында «Парыз» пікірталас клубының көшпелі отырысы болып, онда «Мәңгілік ел - асыл мұратымыз» деген тақырыпта ұлт зиялыларының Қазақстандағы тұрақтылықты сақтау, ел бірлігін орнықтыру бағытындағы ұсыныс-пікірлері ортаға салды.
Қоғам қайраткері, саясаттанушы, аталмыш клуб жетекшісінің орынбасары Дос Көшімнің айтуынша, биылғы қыркүйекте Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен Алматы қаласында ұлт зиялыларынан құралған «Парыз» пікірталас клубы өз жұмысын бастады. Мұндағы мақсат - ұлт зиялыларын саяси-идеологиялық мәселелерге тарту, олардың «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен «Мәңгілік елге» қатысты ой-толғамдарын білу, соның нәтижесінде нақты бастамалар көтеру. Зиялылар көбіне рухани-мәдени жағынан көрінеді де, саяси мәселеге келгенде, бәсеңсіп қалады, кейде тіпті қашқақтап жүреді. Шын мәнісінде зиялының аты зиялы. Олардың білім-білігі, тәжірибесі мол. Сайып келгенде, зиялы мемлекет пен билік арасындағы көпір бола алады. Себебі қазақ түбінде зиялыларын тыңдайды. Олар мемлекеттік қызметкер емес, сондықтан өз пікірін ашық айта алады. Олардың саяси деңгейі мен белсенділігі жоғары болса, бұл мемлекет үшін де пайдалы. «Парыз» пікірталас клубы осыған дейін бірнеше облыста кездесулерін өткізді, қозғаған тақырыбы да әр алуан болды. Мысалы, Петропавлда біртектілік мәселесі талқыға салынды. Яғни қазақ халқының бір болуының негізі неде, біртектілік керек пе? деген сауалдарға жауап ізделді. Тіпті біртектілік дұрыс емес деген сындар да айтылды. Сол секілді Қызылордада ұлт және мемлекеттік ұлт мәселесі төңірегінде сөз қозғалды. Оралдағы басқосу да - ортақ мақсаттан туындап отырған әңгімелердің заңды жалғасы. Ең бастысы, құнды пікірлер жерде қалмай, жинақталып, тиісті нәтиже шығатын болады.
Жиында сондай-ақ философ, публицист, клуб отырысының хатшысы Әбдірәшид Бәкірұлы қазіргі таңда идеологиялық мәселелердің бұрынғыдан да өткірлене түскенін, сондықтан оларды бірігіп шешудің маңыздылығын атап көрсетті.
Ақындар, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері Ақұштап Бақтыгереева, Айсұлу Қадырбаева, Ғайсағали Сейтақ, ғалымдар Олег Юров, Абат Қыдыршаев, Жаңабек Жақсығалиев, Владимир Салов және басқалар елдің бірлігі мен болашағын нықтау үшін алдымен оның идеологиясын жөндеп алу, ұлттық мемлекет қалыптастыру, алауыздықтан аулақ болып, қазақ халқының мүддесі үшін бірігу, мемлекеттік тілдің маңызын арттыру туралы ойларымен бөлісті.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оставить комментарий