Шымкентте қала күні жеті күн бойы жеті түрлі атаумен атап өтілмек

/uploads/thumbnail/20170708201403758_small.jpg

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі үшінші қала мәртебесіне талпынып отырған Шымкент биыл қала күнін жеті түрлі атаумен жеті күн тойламақ, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметінен. 
Әр күн дербес атауға ие болып, соның аясында ұйымдастырылатын тәрбиелік мәні бар мерекелік шаралар тұрғындардың қалаға деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін оятады деген сенімдеміз, деді ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында өткен брифингте қала әкімінің кеңесшісі Нұрлыбек Жеңісбек. 

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, шырайлы Шымқала туған күнін осылайша ерекше атап өтпек. 

Қазанның 10-17 күндер аралығында өтетін мерекелік шаралардың бірінші күні «Жаңару мен тазалық» айдарымен өтсе, екінші күні «Саламатты өмір салты күні», үшінші күні «Болашақтағы Шымкент» деп белгіленіп отыр. 

Ал төртінші күн «Шымкент - достық мекені», ал бесінші күн «Ғасырлар тоғысындағы қала» болып аталып өтсе, алтыншы күн «Шуағын шашқан Шымқала» шаттық күні айдарымен тойланады. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірген дана халқымыз жетінші күнді «Ырыс алды - ынтымақ» қайырымдылық күніне арнайтын болады. 

Сонымен қатар, мерекелік шарада ат бәйгесі, қыз қуу, тағы басқа ұлттық спорт ойын түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, еліміздің эстрада жұлдыздары мен шетелдік әншілер өнер көрсетеді.

«Шымкент Қазақстанның ең көне қаласы мәртебесін иеленуі мүмкін. Тарихшы археологтардың зерттеуінше Шымкент қаласына 2200 жыл толып отыр. Бұл атақты алу үшін бүгінде БҰҰ-на тиісті құжаттарды жіберіп отырмыз. Егер мақұлданса, 2017 жылы Шымкент 2200 жылдық тарихы бар қала атанады»,- деді Н.Жеңісбек.

Дереккөз. қазАқпарат

Оставить комментарий

Связанные Статьи