Алматы көшелерінде ит жүгірту тәртібі қашан түзеледі?

/uploads/thumbnail/20250818151353763_big.webp

Алматы көшелерінен «ит серуендетуге/қыдыртуға тыйым салынады» деген ескертпелерді жиі көресіздер. Ал жетектеген итін көрінген бұта мен көгалға сарытып, ұлы әжетін өтегеніне айрықша мейіріммен қарап тұратын иелерін одан да жиі көресіз. Ал осының артында ауаға қанша вирус тарайтынын білесіз бе?

 

Ит – адамның досы. Дамыған қоғамдардағыдай тіршілік атаулыға құрметпен қарау – бүгінгі қазақ қоғамы өкілінің де міндеті. Мұны біз жоққа шығара алмаймыз. Жануарлар құқығын қорғау бағытында елеулі еңбек атқарып жүрген белсенділердің де жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Алайда, тіршілік логикасына салсақ, жер-жаһан бетіндегі басты тіршілік иесі адам ғой. Ал адамға зиян болатын, әсіресе сол көгалдарға жиі шығатын кішкентай бүлдіршіндердің денсаулығына зиян келтіру қаупі бар әрекеттерден тиылу қажет.

 

Қазақстанда «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң бар. 2021 жылы 30 желтоқсанда қабылданған Заң жануарлардың құқықтары мен мүдделерін, оларға зиян келтірілмеуін, сондай-ақ жануарлардың иелерінің жауапкершіліктері туралы мәселелерді қамтиды. Заң осы бағыттағы халықаралық шарттардың талаптарына негізделіп әзірленген. Яғни, халықаралық талап-стандарттарға сай құжат.

 

Бұдан бөлек, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінде жасыл алаңдарға, абаттандыру жүйелеріне, қала инфрақұрылымына зиян келтіретін әрекеттерге 20 АЕК шамасында (қайталанса – 50 АЕК) айыппұл қарастырылған. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңда нақты айыппұлдар көрсетілмегенімен, аталған құжатта жануарларды серуендету, ұстау, асырау мәселелерінің негізгі ережелерін жергілікті атқарушы орган айқындайды деп жазылған. Біздің жағдайда жергілікті атқарушы орган – Алматы қаласының әкімдігі.

 

Алматы қаласының мәслихаты 2025 жылғы 28 сәуірде «Алматы қаласында үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің қағидаларын бекіту туралы» құжатын қабылдаған. Бұл құжатта қала көлемінде үй жануарларын серуендету оның иесі мен жауапты тұлғаны бекіту қағидалары толық жазылған.

 

Аталған ережеде айрықша күтімді қажет ететін үй жануарларын көшеде 1,5 метрден аспайтын қарғыбау арқылы алып жүру, тұмылдырық кигізу сияқты талаптар, қоғамдық орындарда, мәдени,-спорттық,-балалар қыдыратын алаңдарда үй жануарларын қыдыртуға тыйым салу нақты көрсетілген. Сондай-ақ, құжатта үй жануарларын серуендеткен адам оның физологиялық қажеттіліктерін өтеуі тәртібін сақтауға, қоршаған ортаға қауіп төндірмеуіне тікелей жауапты болаты жазылған.

 

Бұл қағида талаптарын Алматы қаласының әкімдігі орындауға және орындалуын бақылауға міндеттеледі. Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйенсек, қазір Алматы қаласында үй жануарларын серуендетуге арналған 24 алаң бар екен. Алдағы уақытта мұндай алаңдардың санын көбейту де жоспарда бар көрінеді.

 

Біз АҚШ, Франция, Сингапур, Англия, Аустралия сияқты елдердің тәжірибесіне көз жүгіртіп көрдік. Аталған елдерде үй жануарларының қоғамдық орындарды ластап, физиологиялық қажеттіліктерін белгіленген тәртіп арқылы өтемеген жағдайда иесіне 250-1000 АҚШ доллары аралығында айыппұл жүктеледі.

 

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясын белсенді әрі жүйелі жүргізіп келе жатқан қала әкімшілігі де, қала жұртшылығы да бірер ай бұрын қабылданған қағида талаптарын қатаң сақтау бағытында жұмыс істейді деп үміттенеміз. Қалалық мәдениеттің тереңдеуі – тазалық талабын күшейту арқылы жүретін процесс. Әдемі парктер мен көрікті көгалдарды миллиардтаған бюджет қаражатына ит сарып кетуі үшін салмаған болармыз?!

Связанные теги :

Связанные Статьи