Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі 2025 жылғы 1 қыркүйек жағдайындағы республикалық бюджеттен өңірлерге бағытталған нысаналы трансферттердің игерілу деңгейі туралы ақпарат жариялады.
Нысаналы трансферт – республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке нақты бір мақсатты жүзеге асыру үшін берілетін қаражат. Нысаналы трансферт көлемі жыл сайын алдағы үшжылдық бюджеттік кезеңді қамтитын «Республикалық бюджет туралы» Заңымен бекітіледі.
2025 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша республикалық бюджеттен аймақтарға жалпы құны 1,056 трлн теңгені құрайтын нысаналы трансферт жіберілген. Оның игерілу көлемі 99,7 пайызды құрайды (1,053 трлн теңге).
Нысаналы трансферт бағыттары бойынша бағдарламалық дамуды (666,7 млрд теңге), ағымдағы бағдарламаларды іске асыруды (351,1 млрд теңге) және несиелеуді (59 млрд теңге) көздейді.
Енді осы 1 трлн теңгеден астам қаражаттың 40 пайыз көлемін тек Астана қаласы, Алматы және Түркістан облыстары алып отыр. Мысалы, аймақтық бөлініс кестесіне назар аударсақ, жаңадан құрылған Абай облысы (27 млрд теңге) мен Ұлытау облысы (7 млрд теңге) ғана алыпты нысаналы трансферт арқылы. Ал өзін-өзі қамтамасыз ететін Алматы (68 млрд теңге) және Шымкент (51 млрд теңге) кестенің орта тұсына орын тепкен.
Әрине, сауатты адам ретінде біз көш бастап тұрған аймақтарда дамудың оң динамикасы тұрақты қалыптасып отырғанын және сол даму қарқынын қолдау қажет екенін түсінеміз. Алайда, жаңадан құрылған аймақтарда бағдарламалардың жүзеге асуын республикалық бюджеттен қолдау қажеттілігі де күйіп тұрғаны белгілі ғой. Астана қаласына талас болмайды: халық саны жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан елорданы тұрақты дамыту – стратегиялық маңызы бар жұмыс.
Немесе екінші сұрақ туады: жергілікті атқарушы органдардан тиісті ұсыныстар аз болып отыр ма? Олай болатын болса, бұл – өңір әкімдерінің тікелей еңбек көрсеткішінің бірі. Республикалық бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттің нысанасындағы теңгерім жағдайын да ойлау керек.