Шетелдік маркетплейстерден тапсырыс беретіндер үшін ереже өзгерді. Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі 200 еуролық лимиттен асқан кез келген сатып алуға салықты бүкіл сомаға есептеу туралы шешім қабылдады.
Не өзгерді?
Бажсыз шек 200 еуро деңгейінде қалды. Құны 200 еуроға дейінгі тапсырысты қазақстандықтар бұрынғыдай кедендік төлемсіз ала алады.
Құны 200 еуродан асқан тапсырысқа 5% кедендік баж төленеді, оған қоса ҚҚС елдегі қолданыстағы мөлшерлеме бойынша есептеледі. Ең төменгі шек ретінде бажды килограммға 1 еуродан кем есептеуге болмайды.
Маңызды өзгеріс енгізілді: бұрын 200 еуродан асқан бөліктен ғана төлем алынатын, енді салық пен баж тапсырыстың толық құнынан есептеледі. 210 не 300 еуролық себет сол себепті қымбатқа түсуі мүмкін.
Салмақ бойынша лимит алынып тасталды, есептеуге тек тауардың құны алынады. Рәсімдеуді сатып алушы емес, жеткізу қызметтері мен электронды сауда операторлары жүргізеді.
Бұл тәртіп ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден (мысалы, Қытай, АҚШ, Еуропа елдері) келетін тапсырыстарға қатысты қолданылады. Одақ ішіндегі маркетплейстерден алған тауарларға жаңа талап жүрмейді.
Қай тауарлар жеңілдетілген тәртіпке кірмейді?
Жеке пайдалануға жатпайтын бұйымдар жеңілдетілген электронды декларациямен рәсімделмейді. Олардың ішінде солярий жабдықтары, іштен жанатын қозғалтқыштар, медициналық жиһаз, ойын автоматтары бар.
Рұқсат тәртібімен әкелінетін және әкетілетін тауарлар жеке көрсетілді: қару-жарақ пен оқ-дәрі, жануардың қазба сүйектері, қауіпті қалдықтар.
Алкоголь мен темекі өнімдеріне, қолма-қол ақшаға, әуе және су көліктеріне, сондай-ақ жекелеген көлік түрлері мен олардың шассиіне жеңілдік жүрмейді.
Қашан күшіне енеді?
Сыртқы электронды сауда арқылы келетін тауарларды әкелудің жаңа тәртібі 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Неге мұндай қадам жасалды?
Бұған дейін шетелден онлайн алынған тауарлар жеке пайдалану затына теңестіріліп келді. Осыны пайдаланып, кейбірі өнімді топтап әкеліп, салық төлемей қайта сатумен айналысты. Бюджет кірісі азайды, ішкі сатушылар шетелдік платформалармен тең жағдайда бәсекелесе алмады.
Жаңа тәртіп «электронды сауда тауарлары» деген бөлек санат енгізіп, ережені айқындайды: 200 еуроға дейін — бажсыз, одан жоғары — баж бен ҚҚС толық құннан. Мақсат — жеке сатып алуды коммерциялық әкелімнен айырып, «көлеңкелі» импорт үлесін қысқарту және нарықтағы бәсекені теңестіру.
Бұл туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.