АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның қарыштап дамуына қомақты үлес қосқан, Тұңғыш Президентімізді еңбекпен шынықтырып, саяси өмірдің заңғарына самғатқан Теміртау шаһарының қала мәртебесін алғанына 70 жыл толды.
Биыл Астана күні мерекесі Қазақстан Магниткасында тұңғыш шойын алынған күннің 55 жылдығына тұспа-тұс келіп, қоса тойланды. Теміртау металлургтері айтулы даталарды үшінші домна пешінде өткізілген дәстүрлі мерекелік балқымамен атап өтті. Домна цехының бұрынғы бастығы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты В.В. Емушинцев бастаған еңбек ардагерлері комбинаттың бастау бұлағы болған айтулы күн қарсаңында достық вахтасына тұрып, от-жалынға оранған, ерлікке пара-пар күндерді еске алысты. Қазақстан қара металлургиясының флагманы атанған Қарметкомбинаттың бүгінгідей әлем экономикасында алып отырған орнына Елбасы қосқан үлесті бір кісідей мақтаныш сезіммен баяндады.
Иә, еске алатын сәттер, табыстың тайқазанын тасытқан шақтар шынында да молынан еді. Теміртаудың тағдыры өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастау алған Қарағанды тас көмір бассейнін өнеркәсіптік негізде игеру кезеңімен тығыз байланыста. Болатшылар қаласында Қазақстан қара металлургиясының негізі қаланғанына 70 жыл толған екен. Соғыстың өрті әлі басылмаған шақта, яғни 1944 жылдың 31 желтоқсанында Қарағанды облысындағы әлі ешкімге белгісіз Самарқан деген елді мекенде, Нұра өзенінің жағасында болат қорытатын зауыт салынып, тұңғыш балқыма алынған. Майданның қажеті үшін жеделдете салынса да бұл құрылыс кездейсоқ шешім емес еді. Сонау 30-жылдары ғұлама ғалымдар Қ.Сәтбаев, М.Русаков, А.Сперанский Орталық Қазақстанның минералды ресурстарын жан-жақты зерттей келе болашақ өндірістің орнын белгілеп қойған. Самарқанның іргесінде Қарағанды сияқты тас көмірдің қисапсыз қоры тұр, өңірде темір рудасының кен орындары жеткілікті, темір жол қатынасы бар, Нұра өзеніне бөген орнатылып, сыйымдылығы 250 миллион текше метр су қоймасы жасалған. Оның жағасына Қарағанды көмір бассейнін игеру үшін салынған ірі электр стансасы - ҚарГРЭС-1 де ел игілігіне қызмет етуде...
null Екінші дүниежүзілік соғыс етек алып, 1941 жылы фашистер ел шетіне басып енгенде сол кездегі одақтың негізгі көмір-металлургия орталығы жау қолында қалып қойды. Сондықтан, 1942 жылы Мемлекеттік қорғаныс комитеті Қарағанды кокс көмірінің базасында металл сынықтарынан болат қорытатын шағын зауыт салу туралы шешім қабылдайды. Жанқиярлық еңбектің арқасында небәрі 18 айдың ішінде жаңа зауыттың мартен цехы іске қосылады. Бұл үшін 3 мың адам жұмысқа тартылған еді. Қазіргі жастар сене қоймайды: жұмысшылар аш-жалаңаш жүріп бар жұмысты қолмен атқарды, қарулары күрек, қайла болатын. Тұрмыстары да адам төзгісіз еді: 80-100 адамнан іркес-тіркес барақтарда үйме-жүйме болып тұрып жатты...
Осылай Қазақстан қара металлургиясының негізі қаланды. Мартен пештерінен кейін ұсақ прокат стандары қатарға қосылды. Қара металлургия өндірісіне қазақ жастары алынып, олар Нижний Тагиль, Белорецк, Алапаевск, атақты Магнитогорскіден отты мамандықты игеріп жатты. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай соғыс бітер жылдың алдында, дәл 31 желтоқсан күні тұңғыш қазақстандық болат балқытылып, бірден қару-жарақ, артиллерия снарядтарын шығаруға жөнелтілді. Жеңісті жақындатуға бұл бір мысқал болса да үлес еді. Мартен пешін қабылдап алу жөніндегі мемлекеттік комиссияны сол кездегі республика Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Д.Қонаев басқарған. Қазақ металлургия зауытының құрылысшылары мен металлургтерін Жоғарғы Бас қолбасшы құттықтады. Үкіметтік жеделхатта былай делінген:
«Қазақ металлургия құрылысының құрылысшыларын және монтажшыларын, Қазақ металлургия заводы қызметкерлерін №1 мартен пешінің құрылысын бітіріп, пайдалануға берулеріңізбен құттықтаймын. Соғыс уақытының қиын жағдайларында құрылысшылар мен монтажшылардың қажырлы еңбегі арқасында Қазақ ССР-індегі тұңғыш металлургия заводының құрылысы іске асырылуда. Қазақ Республикасы индустриялы өркендей берудің базасы болған Қазақ металлургия заводының құрылысын тез аяқтап, көрнекі табыстарға жетулеріңізді тілеймін. И.Сталин. 31.12.1944».
"Қамшы" сілтейді
Дереккөз: ҚазАқпарат
Оставить комментарий