ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тараздағы Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға арналған мәдени-бұқаралық шаралардың ауқымды бағдарламасы әзірленді.
«Дайындалған шаралардың барлығын айтсам, онда қызықсыз болып қалады, - деді баспасөз-конференциясында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Мәнжуов. - Қала тұрғындары мен қонақтарын мәдени-бұқаралық шаралардың ауқымды бағдарламасы күтіп тұр. Мереке құрметіне ондаған шара жоспарланды. Мәселен, Тұңғыш Президент саябағында көшпенділер өркениетінің тарихын көрсетеді».
«Тұңғыш Президент саябағында екі күн ішінде «Қазақ әлемі» тарихи-этнографиялық кешені ұйымдастырылмақ. Онда дала билеушілері мен көшпенділердің өміріндегі бөлшектерден тұратын бірқатар композиция қойылады. Қолөнер бұйымдарының, көне алаша, қару, зергерлік бұйымдардың көрмелері, көне семсерлермен жекпе-жек ұйымдастырылады, киіз үйлер тұрғызылады», - деді Е. Мәнжуов.
«Ұлы Жібек жолы» этнофестивальдері, «Достық» этноқалашығы, ұлттық ойындар бойынша жарыстар, қазақтың киіз үйлерінің, көшпенділердің қару-жарағының тарихы мен түрлері бойынша танымдық бағдарламалар, «Арлан» «Сақтардан қазақтарға дейін» костюмдер театрының тарихи шоуы өтеді.
«Ақ Шатыр» сахнасында 9 қазанда «Мәңгілік сарын» Мемлекеттік академиялық симфоникалық оркестрі, «Ғасырлар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі, «Қоңыр» этно-тобының бағдарламаларын тамашалауға болады.
«8 қазанда Тұңғыш Президент саябағында қытайлық Сиань қаласынан Ұлы Жібек Жолы бойымен келе жатқан керуен экспедициясын қарсы алады», - деп атап өтті Е. Мәнжуов.
Сонымен қатар, «Қазақ хандығы» монументінің салтанатты ашылуы өтеді, Алматы қаласының, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Алматы облыстарының мерекелік концерттік бағдарламалары басталады. Бұл күні «Көне Тараз» мұражайы ашылып, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кітаптар таныстырылады. «Баласағұн» ОКЗ-да 2 күндік айтыс өтеді. Онда Қазақстан, Моңғолия, Қытай және Өзбекстанның 14 жұп ақыны кездеседі.
М.Әуезов атындағы алматылық театр мен жергілікті театр труппалары тарихи қойылымдар қояды.
Тараза ипподромында жылқы полосы ойынының таныстырылымын өткізу жоспарланды. «Атшабар» жылқы-спорттық кешенінде жылқы спортының жарыстары өтеді.
9 қазанда «Тараз - Арена» Спорт сарайында ҚР Президентінің сыйлығына қазақ күресі бойынша «Еуразия Барысы» халықаралық турнирі өтеді.
Мерейтойлық шаралар театрландырылған қойылым мен Орталық стадиондағы мерекелік гала-концертпен аяқталады.
Еске сала кетейік, Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлау биыл елдің барлық аймағында өтуде. Негізгі шаралар 550 жыл бұрын Талас пен Шу өзендері арасында Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығын құрған Жамбыл облысында өтеді.
Оставить комментарий