Батысқазақстандық университет шетелдік компаниялармен байланысты дамытуда

/uploads/thumbnail/20170708201500447_small.jpg

ОРАЛ. ҚазАқпарат - 1 қазан күні Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Университет және шетелдік компаниялар: әріптестік және мүмкіндіктер, перспективалық даму» тақырыбында форум өткізілді.
Форумға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нариман Төреғалиевтің атап өткеніндей, Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың маңызы зор. Бұл ретте жоғары оқу орындары жұмыс берушілермен, соның ішінде шетелдік компаниялармен әлеуметтік әріптестікті дамыта білуі қажет.

Жиында «Каспиан Проджер Инжиниринг энд Кансалтинг» ЖШС бас директоры Криши Нино Гайтано батысқазақстандық университетпен кадрлар даярлаудағы байланысы жөнінде әңгімелесе, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың биылғы түлектері Мәлика Саудашева, Нұрлыбек Аянов және басқалар аталған компанияның қолдауымен Италияда жоғары білікті мамандардан дәріс алып, тәжірибеден өткендігін жеткізді. Болашақта осындай компаниялардың құрамында жұмыс жасауға ықыласты екендіктерін жасырған жоқ. Бұдан бір жыл бұрын батысқазақстандық университет пен  «Каспиан Проджер Инжиниринг энд Кансалтинг» ЖШС арасында ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Форумда ынтымақтастықтың бір жылғы алғашқы нәтижелері жария етіліп, мұндай жұмыстардың алдағы уақытта жалғасатыны айтылды. Жалпы, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ 23 шетелдік компаниямен өзара тиімді байланыс жасау мақсатында меморандумға қол қойған.

Форум соңында ЖОО студенттерін қазіргі еңбек нарығына  жан-жақты даярлауды жетілдіру бағытында ұсынба қабылданып, Proger S.p.A Италия компаниясының атқарушы вице-президенті Микеланджело Торторелла мен «Каспиан Проджер Инжиниринг энд Кансалтинг» ЖШС бас директоры Криши Нино Гайтаноға университеттің құрметті профессоры атағы берілді.

«Мемлекет басшысының «Нұрлы жол - болашаққа барар жол» атты Жолдауында елімізді одан әрі индустрияландыру, экономикамызды дамыту бағытында білікті жас мамандар даярлау қажеттігі атап көрсетілген болатын. Бүгінгі таңда әр жоғары оқу орны жастарға білім беріп қана қоймай, олардың бәсекеге қабілетті болып, өздері ниет еткен кәсіпорындарға орналасуына күш салуы қажет. Бұл үшін, әрине, осындай нақты істер атқарылуы керек», деді университет ректоры Нұрлан Серғалиев

Оставить комментарий

Связанные Статьи