Еліміздің Ата заңына ауқымды институционалдық трансформация жасалып жатыр. Конституциялық реформа аясында республикада 30 жыл бойы этносаралық келісімнің негізі болып келген Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) жаңа мемлекеттік институт – Халық кеңесіне айналады.
Конституцияның VI бөлімі Қазақстан Халық Кеңесі деп аталып, 70-бап, 1-тармағында «Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган», – деген мәртебесі нақты көрсетілді.
Сондымен қатар, аталған құрылым жай ғана консультативтік, формальды органға айналмас үшін, 71-баптың 2-тармағына оның Құрылтайға заң жобаларын енгізе алатыны да айқын жазылды.
«Реформаның басты жаңалығы – «Халық кеңесі» Үкіметпен тең дәрежеде Парламентке (Құрылтайға) заң жобаларын тікелей енгізу жөніндегі конституциялық құқыққа ие болады. Бұл қоғамдық органның мәртебесі кеңесші сипаттан заң шығару үдерісіне нақты ықпал ететін субъект деңгейіне көтеріледі», – деп түсіндірді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің бас сарапшысы Айдана Акесина.
Сарапшының айтуынша, егер бұрын Ассамблея Парламенттегі квоталар арқылы шектеулі өкілдікке ие болса, жаңа институт түрлі этникалық топтардың өкілдерін заң шығару үдерісіне жүйелі түрде қатыстыруды көздейді және мемлекеттік органдардың жаңартылған архитектурасына кіріктіріледі.
«Халық кеңесінің» құрамы 126 мүшеден жасақталып, этномәдени бірлестіктерден, мәслихаттардан және азаматтық сектордан (әрқайсысы 42 адамнан) тең квота қағидаты бойынша құралады. Мұндай құрылым өңірлердің, түрлі этностардың және азаматтық қоғамның белсенді өкілдерінің мүдделерін теңгерімді түрде қамтуға мүмкіндік береді.
Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай реформаның өзегі – билікті нығайту емес, керісінше азаматтық қоғамның рөлін күшейту екенін айтады. Сонымен қатар, Халық кеңесіне республикалық референдум тағайындау туралы бастамашылық жасау құқығы беріледі.
«Жалпы, «Халық кеңесі» жаңа саяси алаңға, мемлекеттік шешімдерге ықпал ететін ықпалды орталыққа айналады. Ең бастысы – «Халық кеңесі» толықтай ашық құрылым болады және оған кез келген азаматтың, барлық этностардың, кәсіпкерлердің қатысуына мүмкіндік беріледі. Ұсынылып отырған өзгерістердің түпкі мақсаты – күшті тұлғаларға емес, мықты институттарға сүйенетін мемлекет қалыптастыру», – деді депутат.