Дәрі бағасын кім қалыптастырады? Жалпы, дәрі-дәрмек – бизнес көзі ме, әлде адамның өмірінің өлшемі ме? Таразы басында тұрған бұл салыстыруда соңғысына басымдық берілуі тиіс. Қараңыз, ауырған адам дәріханаға барғанда саясатты да, статистиканы да ойламайды. Оған керегі – қажетті дәріні табу және оны алуға қалтасының көтере алуы ғана. Бірақ бүгінде мыңдаған адам дәл осы екі мәселемен бетпе-бет келіп отыр: біріншіден, ол іздеген препарат мүлдемжоқ, екіншісінің бағасы қалта көтермейді.
Айта кету керек, Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасын реттеу бойынша бірқатар тетіктер жұмыс істейді. Мемлекет бұл саладағы қолжетімділікті арттыру үшін тұрақты түрде өзгерістер енгізіп келеді. Соған қарамастан, қоғамда дәрінің бағасы, қолжетімділігі және оны сатып алу тетіктеріне қатысты сұрақтар әлі де көп.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында және ресми мәлімдемелерінде бәсекелестікті дамыту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру және дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу тетіктерін жетілдіру қажеттігін бірнешерет атап өтті. Бүгінде мемлекет дәрінің соңғы шекті бағасын белгілейді. Алайда бағаның негізгі бөлігі оған дейін – өндірушіден көтерме жеткізушілер арқылы дәріханаға жеткенге дейін қалыптасады. Сондықтан сарапшылар мен сала өкілдері баға қалыптастырудың барлық кезеңі барынша ашық болуы тиіс деп есептейді.
Кейбір препараттардың тапшылығы байқалып, науқастар қажетті дәрісін іздеп, дәріханаларды аралауға мәжбүр. Ал кейде бір дәрінің бағасы әртүрлі болғандықтан тұтынушылар арасында сұрақ туындайды. Бұл ретте халықтың барлық сауалы көбіне дәріханаларға бағытталады. Алайда дәріхана препараттың бастапқы бағасын қалыптастырмайды ғой. Сондықтан мәселені түпкі себептерімен бірге қарастыру маңызды. Дәрі дәрмек бағасын реттеу туралы жиі мәселе көтеріп жүрген Жалпыұлттық социал демократиялық партияның ұсыныстары көңілге қонымды. Социал демократтар, дәрілік заттарды реттеудің жаңа моделін ұсына отырып, басты назарды соңғы бөлшек бағаға емес, баға қалыптасатын бастапқы кезеңдерге аударуды жөн санап мынадай ұсыныстарын айтады.
Делдардардың тәбеті артпаса, төмендемесі анық!
Препараттарға шекті бағаны дайын өнімге емес, өндірушінің бағасынан (инвойстан) есептелетін көтерме үстеме баға арқылы белгілеу, препараттардың құны мен әлеуметтік маңыздылығына қарай үстеме бағаны саралап, инвойстардың цифрлық мониторингін енгізу қажет деп есептейді.
Жалпы, дәрі бағасына әсер ететін факторлардыңтағы бірі - жеткізу тізбегіндегі артық коммерциялық делдалдардың болуы. Негізгі себебін де осы десе дұрыс ау.
Делдалдардың көптігі – олардың тәбетін төмендетпейді, керісінше қосылатын ақы көлемі үлкейеді деген сөз. Сәйкесінше, себебі түсіндірілмеген дәрі дәрмек бағасы аспандап шыға келеді. ЖСДП осы жерде де жақсы ұсыныстарын айтып отыр. Дәрі-дәрмекті қарапайым коммерциялық өнім ретінде емес, әлеуметтік маңызы бар стратегиялық ресурс ретінде қарастыру қажет деп есептейді. Сондықтан дәрі жеткізу тізбегін оңтайландырып, артық делдалдық буындарды қысқартып, дәріге бөлінетін бюджет қаражатының қозғалысын толық цифрлық бақылауға алуды ұсынады. Бұл әрине, әзірге бір партияның ұсынысы ғана. Ал ол ұсыныстың жүзеге асып кетпеуіне ықпал етушілер көп, әрине. Кім екені айтпаса да белгілі. Жеп отырған нанынан кім айырылғысы келеді. Бірақ мәселе осы ұсыныстардың қоғамда өткір мәселе ретінде көтеріліп, айтылып жатқаны. «Айта айта Алтайды, Жамал апа қартайды» десе де, дәл осы дәрі дәрмек бағасын реттеу мәселесі жиі көтерілуі керек. Өйткені дәрі-дәрмек – қарапайым коммерциялық өнім емес. Ол адамның денсаулығы мен өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан баға қалыптастыру жүйесі де ең алдымен азаматтың мүддесіне қызмет етуі тиіс.
Қоғам көтеріп отырған негізгі сұрақ та осы: дәрі-дәрмекке бөлінетін миллиардтаған қаржының нәтижесін қарапайым адам қашан сезінеді? Егер жүйе ашық, жеткізу тізбегі тиімді әрі баға қалыптастыру түсінікті болса, бұл ең алдымен халықтың дәріге қолжетімділігін арттыруға және денсаулық сақтау жүйесіне деген сенімді нығайтуға ықпал етеді.