Білімді ұрпақ – ел болашағының кепілі

/uploads/thumbnail/20261031122459060_big.webp автор

Білім мен ғылым – мемлекеттің өркендеуіне жол ашатын басты құндылықтардың бірі. Қазіргі жаһандану және цифрлық даму дәуірінде сапалы білім беру, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастыру – еліміздің білім беру жүйесінің маңызды міндеті. Бұл бағытта ұстаздардың кәсіби шеберлігі мен тынымсыз еңбегі ерекше орын алады. Өйткені әрбір шәкірттің жетістігінің артында ұстаздың білімі, ізденісі мен жауапкершілігі тұрады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім мен ғылымды дамытуға, адами капиталдың сапасын арттыруға және жаңа технологияларды меңгерген білікті мамандар даярлауға айрықша назар аударды. Президент атап көрсеткендей, еліміздің болашақтағы табысы білімді, еңбекқор әрі жаңашыл азаматтардың әлеуетіне тікелей байланысты. Бұл міндеттер білім беру ұйымдарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Әсіресе, цифрландыру мен жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде жастардың заман талабына сай білім алып, кәсіби дағдыларын жетілдіруі аса маңызды. Бүгінгі білім алушы тек теориялық біліммен шектелмей, алған білімін тәжірибеде қолдана алатын, жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылатын, өздігінен ізденетін тұлға болып қалыптасуы тиіс. Сондықтан сапалы білім беру мен саналы тәрбие беру ісі өзара сабақтастықта жүзеге асырылуы қажет. Осы бағытта еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті farabi.university білім мен ғылымды дамытуға, жастардың сапалы білім алуына ерекше көңіл бөліп келеді. Университеттің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетіне қарасты Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасы да осы міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесін қосуда. Кафедраның негізгі міндеттерінің бірі – шетелден келген тыңдаушыларға сапалы білім беріп, оларды жоғары оқу орындарына түсуге даярлау. Сонымен қатар олардың жаңа білім беру ортасына бейімделуіне, еліміздің мәдениеті мен қоғамдық өміріне белсенді араласуына қолайлы жағдай жасау да басты назарда. Оқу үдерісінде әрбір тыңдаушының білім деңгейі, жеке қабілеті мен қызығушылығы ескеріледі. Сабақтарды мазмұнды әрі тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға, қоғамдық жұмыстарға қатысуына мүмкіндік беріледі. Түрлі білім сайыстары, мәдени-танымдық және тәрбиелік іс-шаралар арқылы тыңдаушылардың қабілеттері ашылып, өздеріне деген сенімділігі арта түседі. Әсіресе, шетелден келген қандас жастар үшін дайындық кезеңінің маңызы зор. Бұл уақыт олардың білімін жетілдіріп қана қоймай, тарихи Отанымен жақынырақ танысуына, болашақ мамандығын саналы таңдауына және жоғары оқу орнының білім беру ортасына бейімделуіне мүмкіндік береді. Осы жолда ұстаздар тек білім беруші ғана емес, шәкіртке бағыт-бағдар көрсететін тәлімгер қызметін де атқарады. Кафедра ұжымы үшін ең үлкен қуаныш – бірнеше ай бойы білім алған тыңдаушылардың жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, мемлекеттік білім гранттарының иегері атануы. Жүйелі дайындық пен ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесінде биыл да бірқатар тыңдаушылар өздері таңдаған мамандықтарына оқуға түсіп, студент атанды. Бұл жетістік – тек шәкірттің жеке табысы ғана емес, кафедра оқытушыларының кәсіби біліктілігі мен бірлескен еңбегінің нақты нәтижесі. Әрбір грант иегерінің қуанышы – ұстаздар үшін үлкен мәртебе, ал олардың болашақтағы жетістіктері – атқарылған жұмыстың шынайы бағасы.
Президент Жолдауында айқындалған білім мен ғылымды дамыту, жастардың әлеуетін арттыру және бәсекеге қабілетті мамандар даярлау міндеттері біздің күнделікті жұмысымызбен тікелей үндеседі. Себебі ел болашағы – бүгінгі білім алушы жастардың қолында. Олардың сапалы білім алып, қоғамнан өз орнын табуына жағдай жасау – әрбір ұстаздың кәсіби әрі азаматтық парызы. Ұстаз еңбегінің құндылығы шәкіртінің алған білімімен, өмірден өз орнын табуымен және қоғамға қосқан үлесімен өлшенеді. Сондықтан білім беру мен тәрбиелеу ісіндегі сабақтастықты сақтау, әрбір жастың қабілетін дамыту және олардың болашағына жол ашу – кафедра ұжымының басты ұстанымдарының бірі.
Бүгінгі тыңдаушы – ертеңгі білікті маман. Ал білімді, ізденімпаз, отаншыл жас ұрпақ – еліміздің тұрақты дамуы мен жарқын болашағының берік кепілі. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді жүзеге асыру жолында әрбір ұстаздың еңбегі мен әрбір шәкірттің жетістігі маңызды. Өйткені шәкірт табысы – ұстаз еңбегінің жемісі, ал білімді ұрпақ – мемлекетіміздің басты байлығы.
 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының оқытушысы
Ибрагимова М.Н., Тилеужанова Г.Т., Мужигова Г.М.

Связанные Статьи