• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 09:17:52
Алматы
+35°

01 Қыркүйек, 2016 Әлеумет

Баласы букмекерге байланған ананың зары

Өткен жылы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Лотерея және лотерея қызметі туралы» заң жобасын таныстырған болатын. Оның ішінде...

Өткен жылы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Лотерея және лотерея қызметі туралы» заң жобасын таныстырған болатын. Оның ішінде «Ойын бизнесі» туралы заң қабылданып жатса, букмекерлік кеңселер балабақшалар мен жатақханалардан аулақ салынатынын да айтқан-ды.

Букмекерлік кеңселер осы екінші «Ойын бизнесі» туралы заң жобасында қаралуы тиіс болған.

Алайда, қазіргі таңда букмекерлік кеңсені  қаланың кез келген жерінен табуға болады. Оны Мәдениет және спорт министірің өзі де растаған еді.

«Қазір букмекерлік кеңселер кез келге жерде ашылып жатыр. Тіпті, балабақша, мектептердің қасынан да, студенттердің жатақханаларына жақын орындарда да, тұрғын үйлердің астынан да ашылып жатыр» деген Мұхамедиұлы  олар білім нысандарының, жатақханалардың жанында емес, жеке ғимараттарда ашылуы керектігін айтқан болатын.

Ал, сонымен қай қаланың қай тұсын алсаңыз да букмекерлік кеңселерден көз аша алмайсыз. «Іздегенге сұраған» көз алдында тұратын кеңселерге қазіргі таңда жастар жағы көптеп «байлануда».

Ата-анасының жалғыз перзенті Русланды ата-әжесі «ертерек шөбере сүйеміз» деп 19 жасында үйлендірген. Ерте үйленген ерке бала осы кезден бастап үйде күтіп отырған келіншегі, жолына қарайлаған ата-әжесі мен әке-шешесі барын ұмытып,  бухмекерлік кеңселерден шықпайтын болады.

-Сүйген қызы бар болған соң, біз де ертерек қызықшылық көрейік деп үйлендірдік қой. Ал оған отбасылық өмір емес, бәс  тігетін ойындар қызық екенін алдында білмеппіз. Кәдімгідей байланып қалған. Үйге қайтар жолды ұмытады. Қайтерімізді білмейіз, - дейді Русланның анасы.

Былтыр ғана үйленіп, үй-жай болған Русланның көзі тек букмекерлік кеңселерді, ойын автоматары мен құмар ойындарды ғана көретін жағдайға жеткен. Букмекерлік кеңседе тіккен бәсі сәтсіз шығып, бар ақшасын ұттырған күні ақысын келіншегі Айымнан алады.

-Руслан көбіне ұтылады. Ұтылған күні мен таяқ жеймін. Көздері қанға толып, қызарып кеп мені ұрады. Бар ақысын менен алады. Қоятын шығар деймін, жас қой деймін. Бірақ мен де біреудің баласымын, мен де жаспын. Неге оның тентектігіне көз жұмып қарай беруім керек. Шаршадым. Осы бәс тігетін ойындары шаршатты. Біз жүріп жүргенде ондайы жоқ еді, кейін бір достар тауып осылай боп кетті. Жұмыстан да шығып қалды. Ұтады, ұтылады. Осыдан ақша тауып, осыған ақша салып жүреді, - деген келіншегі Айым күйеуінің осы жолға түсуіне заңды бұзған бухмекерлік кеңселерді де айыптайды.

-Заң бойынша 21 жасқа толмаған адамдарға букмекердік кеңсеге кіруге болмайды. Бірақ менің күйеуім қазір 20-да, жастайынан букмекерлік кеңселердің тұрақты клиенті. Осыған жол беріп, заң бұзып отырған букмекерлік кеңселер бір жас отбасының шайқауына себеп болатынын ойлап та жатпайды. Оларға ақша болса болды, - дейді келіншек көзінің жасын сүртіп.

Айта кетейік, заң бойынша расында 21 жасқа дейінгілерге бәс тігуге тыйым салынған. Заң бұзғандарға «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 338-бабының 2-бөліміне сәйкес 300 айлық есептік көрсеткіш (400 мың теңге) айыппұл салынады.

Алайда Русланның жағдайын ескерсек, қаладағы букмекерлік кеңсеге келушілердің жасын сұрап, қадағалап жатқан ешкім жоғын байқауға болады.

Бухмекерлік кеңселерде әсіресе әлемдік деңгейдегі чемпионаттар мен олимпиадалар болған кезде келушілер көбейеді. Жас демей, кәрі демей бәс тігеді. Бәс тігушілердің көпшілігі студенттер екеніне қарап, 338-баптың бұзуылуы көптеп кездесетінін жасыру мүмкін емес.

Букмекерлік кеңселерден қомақты ұтыс алған адамдардың болатыны да рас. Бірақ ол некен-саяқ. Естеріңізге салсақ, 2012 жылы футболдан Еуропа чемпионаты кезінде 2 миллион теңге тігіп, 5 миллион теңге ұтыс алған алматылық туралы жаңалық жер-жерге тараған еді.

Дегенмен, күнделікті тапқаны ас-суынан артылмайтын азаматтардың букмекерлік кеңсеге «байланып» жатқаны қоғамның негізгі мәселесінің біріне айналды.

Ал Русланның отбасы жоғарыда аталған заң жобасы әлі де болса қаралып, қолданысқа енгізілсе, талап күшейсе екен деген ойларымен бөлісті.

Индира Қуат

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір