• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 03:08:04
Алматы
+35°

22 Қазан, 2016 Әдебиет

НҰРЖЕКЕЕВТІҢ МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ АЛҒАН РОМАНЫ - «ӘЙ, ДҮНИЕ-АЙ!»

...Болған жағдайды Жәмештен естігенде, Тазабек тынысы тоқтап қалғандай сезінді. Қолым Шәйіге жетті ме дегенше, қолынан шығып та үлгіріпті. Енді қәйтті? Тап...

...Болған жағдайды Жәмештен естігенде, Тазабек тынысы тоқтап қалғандай сезінді. Қолым Шәйіге жетті ме дегенше, қолынан шығып та үлгіріпті. Енді қәйтті? Тап қазір тоқтатпаса, онда бәрі бітті.

– Жәмеш, жүр, қуып жетейік!

...Арттарынан шыққан аттың дүбіріне екеуі де жалт қарады. О, құдайдың құдіреті, қуанғанынан Шәйінің көзінен жас шығып кете жаздады.

– Әпкетай-ау, бұларың не? – деді ат үстінен Жүзікті құшақтай алған Тазабек. – Бүйткенше, мені өлтіріп кетпедің бе? Шәйкентай-ау, «Енді сенімен жаным бірге», – демеп пе ем?

–  Маған енді жолама! Жақындама!

Тазабек үзеңгі қағыса келіп, шаужайынан шап берді. Оны көрген Жүзік пен Жәмеш оза шауып кете барды.

– Жаным! – деді Тазабек Шәйінің тізгінін шыжымдай тартып. Екі ат жанаса тоқтады. Ол қолын соза берді, бұл бұлқынып, бетін бұра берді. Қалай, қайтіп алдына көтеріп алғанын аңғармай қалды. Міңгесіп, Тазабектің құшағында отырғанын бір-ақ білді. Қарулы жігіт қарсылығына қарамады, бауырына қысып, бетінен, мойнынан, аузынан сүйіп жатыр, иіскелеп жатыр; бұл тартынған сияқты, бұлқынған сияқты; басы айналып бара ма, аттан құлап бара ма, жігіттің жейдесінен шап беріп еді, омырау түймесі ағытылып кетіп, су-су беті жалаңаш кеудесіне қайта-қайта тиді. Қыз өзінің жылап келе жатқанын сонда сезді.

– Мені қызғанған жүрегіңнен айналдым, жаным! Жақсы көрмесең, қызғанбас едің ғой, жаным!?

 «Жаным! Жаным!» дегеннен басқа бұл дүниеде ешбір үн қалмаған секілденді. Шәйі енді бұлқынбады да, тартынбады да.

 

* * *

Талдыбұлаққа барып Өмірәліге жолығып қайтқан Тілеулі:

– Ертең ел ішіне көшейік, – деді тас түйін бекінгенін қатқыл үнімен аңғартып. – Өзімізге үйреншікті Орта Меркіге қонайық. Сол арадан әліптің аяғын бағармыз.

...Орта Меркіге көшіп келгелі Шәйіге әрбір сай-сала мен тау-таста тажал тығылып тұрғандай көрінеді. «Майданның қара жұмысы» деген пәле тек Тазабек екеуіне құрылған тосқауыл тәрізденді.

Содан үш күннен кейін жәрмеңке жақтан түнделетіп оралған Өмірәлі түнерген қалпы төрге шығып отырды да, қатыны Қалиша мен қызы Жәмештің көзінше Тазабекке ұрсатын адамша ызғарлы қарады. Үйдегілердің бәрі үрейлене тынши қалды. Қарт кенет көзін төмен сап, сол жақ алақанымен бетін сипап, оң алақанымен көзін, мұрнын, одан соң асықпай аузын уқалады.

– Балам! – деді сонан соң бекем дауыспен. – Менің білуімде, адам өлімнен басқаның бәріне асығуы керек. Бізді былай қойғанда, қазақ атаулы күні ертең жер бетінде қала ма, жоқ па, – оны бір құдай білмесе, адам білмейді. Маған тез арада ұрпақ сүйгізбесең, бұл тіршіліктің бәрі бекер. Ел басына күн туды. Енді жайбарақат жүргенің – алдымен өзіңе жаулық. Әріден ойласаң, еліңе жаулық. Осы бойдақ жүргенің де жетер, енді үйлен. Көзіңе түсіп жүрген біреуің болса, айт; болмаса, өзім барып біреуге құда түсем.

– Е, жау қуып келе жатқандай не болды сонша? – деп, Қалиша қозғалақтай беріп еді, қарт ашулана қолын сілтеп қалды.

– «Жау қуғаның» не, тәйірі, жау төніп тұр. – Қатынына қабағын түйген қалпы баласына қату бұрылды. – Бар ма, жоқ па  көз сап жүрген біреуің?

– Бар, әке! Бар, көз сап жүрген қызы, – деді Жәмеш Тазабектен бұрын  жауап қатып.

Тазабек Жәмешке бірдеме дей бермек еді, қарт қолын тағы сілтеп, тыйып тастады.

– Кім? – деді Жәмешке жалт қарап. – Кімнің қызы?

– Тілеулі ағаның.

– Шәйі ме? – деді шешесі қызының бетіне қуана қарап.

– Иә.

– Болды! – деді Өмірәлі бетін сипап. – Тілеулінің қызы болса, құдай тілеуімізді берді. Кемпір, дәм-тұзыңды әзірле, ертең екеуміз Тілеулі мен Әжікеннің алдына баралық.

– Алдын ала айтпай, дәнеңе етпей, қалай болады?

– Солай болады. Айтпай келдің деп, Тілеулі бізді қуып шықса, қуып-ақ шықсын. Әрі жөнімізді айтамыз, әрі ерулікке шақырып қайтамыз.

Тазабек орнынан күлім етіп көтерілді. Жәмеш те ағасына күлім етіп көз тастады. Жымыйып Қалиша шалына қарады. Талайдан бері шешілмей келе жатқан түйінді оның оп-оңай шеше салғанына әрі таң, әрі риза.

 

* * *

Күннің көзі дәл төбеге келгенде, жота жақта ойнап жүрген Ағынтайдың екі ұл, бір қызы Шәйіге жүгіріп келіп:

– Тәте, Жайдақ Бұлақ жақтан екі атты келе жатыр, – десті жарыса шулап.

– Е, келсін, – деп, жалт қараған Шәйі Жәмештің кер атын бірден таныды, бірақ үстіндегі ол емес, егде әйел. «Сірә, шешесі болар, – деді жорамалдап. – Онда, анау – әкесі».

Қонақ келе жатқанын ағасы мен жеңгесіне босағадан бас сұғып айтты да, өзі үйді айнала алыстап кетті. Ағынтай мен Жүзік үйден жүгіре шығып, қонақтармен дабырлай амандасып жатты.

Шәйінің жорамалы дәл шықты: келген Тазабек пен Жәмештің әке-шешесі Өмірәлі мен Қалиша екен. Дереу қой сойылып, жедел қуырдақ әзірленіп жатқанынан-ақ олардың бұл келісіне әке-шешесінің риза екенін іші сезді. Тазабектің: «Ұзатпай әке-шешемді алдыңа жіберем», – деген уәдесінде тұрғанын да түсінді.

Әкесі Тілеулі – қатал да әділ, әркім ойламайтынды ойлайтын, әркім біле бермейтінді білетін, Шәйінің бағалауынша, бітімі бөлек адам. Қылығы да, мінезі де оқшау. Бұрынғы қазақтарды көп мақтайды да, қазіргінің көбіне ренжіп отырады. Әкесінің әңгімесіне қараса, мақтаншақ та; жалғыз атын көңілі құлаған адамына түсіп беретін жомарт та; қорыққаны мен сасқанын сездіргісі келмейтін намысқой да; өзінікі дұрыс-бұрыс болса да айтқанынан қайта қоймайтын әрі қайсар, әрі қырсық та; өзгенің өзінен асып бара жатқанына көз жұмып қарай алмайтын іші тар да; бүгінгі «е, жарайдысы» ертең өзіне қазылған ор екенін аңғармайтын аңқау да, біреуге сый қылғанды да жақсы көретін, біреуден сый алғанды да жек көрмейтін, әйтеуір, әлемдегі бар жақсы мен жаманды бойына түгел жинап алған жалғыз халық тек қазақ секілді. Ол мақтаса, таудың шыңындай асқақтап тұрған да қазақ; жақтырмаса, құздан құлағалы тұрған да қазақ. Бірде жер-көкке сыйғызбайды, бірде жерден алып, жерге салады. Бір қызығы, әкесінің қай айтқаны да Шәйіге шындық сияқтанады. Қазақ, расында, ешкімге ұқсамайтын, ертегіге айналып кеткен ертедегі елдің сарқыншағы сықылды халық.

Соның бәрін білетін, соның бәрін әңгіме етіп отыратын әкесі бүгін мүлде басқа адам, екі сөзінің бірінде «Өмеке, Өмеке» деп, Тазабектің әкесі алдында тек төменшік танытады. Тазабектің тұрқы әкесіне тартыпты, Өмірәлі ақсақал малдас құрып отырғанның өзінде кішігірім жартастай кісі екен. Денесіне сай сөзі де, мінезі де ірі сезілді. Әңгімесін дастарқан басында бір-екі рет тыңдаған соң, Шәйі әкесінің ілтипәтін де түсінді: Өмекең әріден ойлайтын терең, ойын бүкпей айтатын батыл кісі көрінді.

Қазақты қара жұмысқа алатын патша жарлығын албандардың қалай қарсы алып жатқанын Өмірәлі ақсақал өз көрген-білгені бойынша айтып отырды. Алдымен Ақжелке-Подборкоп албанның біраз игі жақсысы мен болыс-биін жәрмеңкедегі борлаған ақ үйіне шақырып алып: «Үш күннің ішінде майданның қара жұмысына баратындардың тізімін беріңдер!» – деп бұйырыпты. Содан екі-үш күннен кейін жәрмеңкенің желкесіндегі Айт төбеге 300–400-дей адам жиналып: «Бала береміз бе, жоқ па?» – деп ақылдасқанда, соның ішінде Өмекең де болыпты. Жәмеңке бірден: «Ақ патшаның пиғылы бұзылды. Енді оған ақыл үйрететін біз емес, ақылымызды тыңдайтын да ол емес. Бізді аяйтын патша жоқ болса, патшаға жалтақтайтын албан да жоқ. Қысқасы, белді буып, бекем болатын күн туды», – депті. Оның сөзін Ұзақ іліп әкетіп: «Ақ патша айтқанынан танды. Біз оған алғаш қарағанда, «Қазақтан солдат алмаймыз, бірақ әр түтінге бір сом жиырма тиыннан салық саламыз», – деген. Ол уәденің хатқа түскен қағазын Саурық әкем Тезек төренің үйінен өз көзімен көрген. Уәде – құдайдың үйі. Өз уәдесін сыйламаған патшаны біз де сыйламаймыз», – дейді. Сол арада Ырақымбай басу айтқандай болып: «Бала бермейміз десек, дейік. Бірақ үкімет әскер шығарып, бейбіт халықты қырып салса, қайтеміз?» – деген екен, Жәмеңке оған: «Біз шегінетін жер қалған жоқ. Берсек, бала өледі. Бермесек, шал өледі. Бала өлгенше, шал өлсін! Бала бермейміз, бітті! Менің айтарым – осы. Басқасын өздерің біліңдер», – депті. Тазабектің Әубәкірі де зіркілдеп: «Ақ патша қазақты бала берсе де қырады, бермесе де қырады. Өйткені оған ел керек емес, орысын орналастыратын жер керек. Қол қусырып қарап отырып қырылғанша, кеудесінде жаны бар адамша жағаласып өлейік. Әліміз жетпей бара жатса, Қытайға қашып құтылармыз. Бірақ жер-судың иесі бар екенін ақ патшаның есіне бір сап қояйық!» – депті. Содан Ұзақ тағы айғай сап: «Қазақтың сойыл мен таяқтан басқа қаруы жоқ, қырып тастаймыз», – деп, орыстың қолы қышып отыр. Қаруланайық. Қапы қалмайық! Жас бала, қатын-қалашты жау көрмейтін қарағай, аршаның арасына күні бұрын көшіріп қояйық. Біздің қазақ ешқашан біреудің жерін тартып алу үшін соғысқан емес, тек өз жерін қорғап соғысқан. Күшті жауға қарсы шыққанда, ерлік қандай керек болса, бірлік те сондай керек. Егер ішімізден кімде-кім елдің бірлігін бұзып сатқындық жасаса, өзін де, ұрпағын да аямайық! Осыған ант етейік!» – деп, орнынан қарғып түрегелгенде, жұрттың бәрі: «Ант етеміз! Ант!» – деп орындарынан атып-атып тұрыпты.

– Е-е! – деді сонда әкесі әлденені есіне түсіре алмай отырған адамша қабағын шыта ойланып. – Еліріп алған елді енді тоқтату қиын болар. Әйтпесе Ырақымбайдың қаупі де құлаққа кіретін қауіп: әскерге бірде-бір жігіт бермейміз десек, оған қаһарланған орыс бірде-бірімізді қалдырмай қырып тастауы  мүмкін. Оның да тиісерге сылтау таппай отырмағанын кім біледі?

– Рас айтасың, орысқа бұл өте оңтайлы сылтау болып тұр. «Ақ патшаға қарсы шықты», – дейді де, шетімізден қырып салады. Одан қазақты кім ақтап алады, кім қорғап қалады? Әубәкір сөйлеп біткенде, Сайлыбайдың Сімтігі: «Ерлікті сен де жайсыз жерде жасайсың-ау, бәтшағар!» – деп, жақтырмай қалды. Мен дәп қасында отырғам. Бетіне жалт қарап ем, жалтармады. «Ақылдың түбіне батыр бойламайды, батырдың тәуекеліне ақыл төтей алмайды», –деді жұмбақтап. «Сонда қалай, сізше, бала бергеніміз жөн бе?» – деп ем, «Өзіңнен күштіге ашуыңды емес, ақылыңды көрсет. Ашу ашу шақырады, күштінің ашуы айтқанына көндірмей қоймайды; ал ақыл ақылға шақырады, әлсіздің ақылына күшті де илігеді», – деді.

– Сөз-ақ. Оның айтпағын мен ұқтым: бала өлгенше шал ғана өлмейді, бала-шаға да, кемпір-шал да – бәрі өледі дегені ғой. Сол Сімтіктің айтқаны кеп жүрмесе, не қылсын?

– Қалай дегенмен де, ел басына күн туды, Тілеулі. Енді ұрпақ қамын ойламасақ, арам өлеміз, – деді Өмірәлі үйдегілердің бәріне барлай қарап. – Көп баладан аман қалған Тазабектің тағдыры түнде ұйқымнан, күндіз күлкімнен айырды. Ақырында бәйбішеміз екеуміз ақылдасуға өздеріңе келдік. Асығыс екені асығыс, бірақ асықпасқа амал қалмады. Жалғыз ұл деп, бетінен қақпадық. Ол үйленбей жүріп алды. «Е, аман болса, бір үйленер», – деп, көңілімізді кеңге салып жүре беріптік. Балаңнан бала сүйіп қалмасаң, мына қалаймақан заманда оның өзінен айрылып қалардай қауіп туды. Сол жайында өзіңмен ақылдасқалы келдім.

– Жарайды, Өмеке, ақылдасайық, – деді әкесі сол сөзді айтқанда Шәйі жаққа бір жалтаң етіп.

Онсыз да әңгіменің ауанын аңғарып отырған Шәйі бұл келістің мән-жайын өз құлағымен естіген соң, не тұрып кетерін, не отыра берерін білмей ыңғайсызданды. Соны аңғарды ма, әкесі дереу сөздің ауанын басқа арнаға бұрып жіберді:

– Әділ деп сенген ақ патшамыз алақол шықты, – деді күрсініп, – орысты өзім деп, оған сулы, шұрайлы жерді алып берді де, бұрыннан сол жерге ие болып отырған қазақты бұратана санап, қайдағы қыр мен қиырға айдап тастады. Сондағы сылтауы – «Сендер егін сала алмайсыңдар». Неге сала алмаймыз? Қажет екенін түсінсе, қазақ бәрін де істейді. Қазаққа сенбейді бұл патша, кем санайды. Қолына қару ұстатпай, қара жұмысқа жұмсап отырғаны да содан. Біреулердің түсіндіруінше, қазақ, ұйғыр, шынында да, соғыстың өзіне емес, соғысқа бекініс жасау үшін баратын көрінеді. Ол бекіністі неміс атқыласа, сен соғыссаң да, соғыспасаң да өлмейсің бе? – деді Тілеулі өзінің де қайсысына сенерін білмейтінін аңғартып.

– Өкіметтің саясатында шындық болушы ма еді? – деді Өмірәлі Тілеуліге түйіле қарап. – «Шындық», «әділдік» дегенді алдымен солар айтады, бірақ түптің түбінде «шындық» дегені шырмау, «әділдік» дегені алдау болып шығады. Шындық дегеніңнің өзі қат-қабат пердесі бар шымылдық тәрізді нәрсе емес пе? Соның беткі пердесін халыққа көрсетіп қояды да, өкімет қалғанын соның астарына апарып жасыра салады. Аңқау ел бет пердеге иланады да, оның арғы қатпарында не тығулы жатқанын аңғармайды. Мәселенки, ит те, құс та илана кететін бір шындықты қазір сендерге мен де айтайын. Мына отырған кемпірімді танитын, танымайтын кез келген адамға: «Мынау– менің қатыным, Тазабек – осыдан туған балам», – десем, ешқандай куәліксіз-ақ, қазбалап сұрамай-ақ, бәрі нана кетеді, өйткені оған ақылдың, білімнің ешқандай қажеті жоқ. Ал енді бір сұрқия: «Өмірәлінің Тазабегі ойнастан туыпты», – десінші, «Жоқ, Тазабек өз балам», – деп, мен қанша ойбайлағаныммен, Қалиша қанша бажылдағанымен, бәрібір оған біреу нанады, біреу нанбайды.

– Балалардың көзінше қайдағыны айтқаны несі? – деп, Қалиша күйеуіне ежірейе қарап еді, Өмірәлі де оған ежірейе қалды:

– Немене, қуыстанатындай ұрлығың бар ма еді? Қорықпа, мен саған сенбесем де, өзіме сенем, бар бала өзімдікі, – деді кемпірін көзімен еркелете күліп. Сонан соң Тілеуліге тіктеп қарады. – Міне, қазақтың осындай бір жан қинайтын жаман әдеті бар: адалдан гөрі арамға илануға бейіл тұрады, өйткені адал нәрсе тура, қатқыл айтылады, ал арам нәрсе арбап-аймалап айтылады. Әлгі бәріміз айта беретін, бірақ мән бермейтін надандық дегенің – сол: тура айтқан шындыққа емес, аймалап айтқан арамдыққа сену. Ақыл, білімді қажет етпейтін өсек-аяңға сене салады да; ойлануды, ақылға салуды қажет ететін нәрсеге өресі жетпейді. Сонан соң әлгі өзіне түсінікті, үйреншікті надандығын малдана береді.

– Рас, рас айтасыз, – деді Тілеулі сүйсіне бас шұлғып.

Ақсақалдың ол пікірін Шәйі де құптады. «Ақылды кісі», – деді айтқанына арбалып. Жұрттың ұйып тыңдағаны ұнады ма, ақсақал одан ары ағытылды:

– Тазабек атамыз орысқа қарсы шыққанда, оны құптап қасына ерген Саурық: «Тұра-ақ десе түбінде қазақты құртатын орыс дейсің, сол орысың біздің анау деген талай атқамінерімізден тәуір ғой?» – депті. Сонда Тазабек «Әй, Саурық-ай, сен де жіптің үзілер жерін аңғарасың-ау! – деген екен. – Айтсаң-ақ бітті ұғыла салатын іс болса, екеуміздің беделіміз бен ақылымыз жұртты дүр көтермес пе еді? Бұл істің ең қиыны бүгінгі тәттінің түбі ашты екеніне елдің көзін алдын ала жеткізу ғой. Оған менің көзім жеткенмен, елдің көзі жетпей діңкені құртып тұрған жоқ па? Қанша көрегендікпен айтсаң да, сөздің аты сөз, біреу сенеді, біреу күдіктенеді. Бүгінгі өмірдің қисынына қарап, әлі болмаған, бірақ түбі болатын нәрсені болжау – қиынның қиыны. Сол қиынды қазаққа ұқтыра алмай да өлетін шығармыз, кім біледі. Анау Талдыбұлақтағы орысты қарашы. Қай қазаққа қиянат жасады? Бірімен тамыр, бірімен сыйлас, қазақтың өз ағайынынан артық. Соны көріп, соған көзі жетіп отырған қазақ сенің: «Ол орыс – бір орыс. Адамгершілігі бар орыс. Бірлі-жарым болған соң, орыс бізбен бауырласқысы кеп тұрады. Ертең ол екеу, үшеу, жүз болады, сөйте-сөйте не өзіңмен тең болады, не өзіңнен көп болады және оның бәрі ол орыстай әділ емес, аузыңдағыны жырып алатын, астыңдағыны тартып алатын озбыры да болады. Бір орыс – бауыр, бес орыс – ауыл, жүз орыспен санасасың, мың орысқа бағынасың», – дегеніңді қазіргі қазақ түсіне ме? Қайсысының оған көзі жетеді? Оны орысқа қарсы қойғаннан бұрын: «Қайдағы жоқты айтады екенсің», – дегізіп, қайта өзіңе қарсы қойып аласың. Өзің ойлап қарашы, орыс қазақпен шын сыйласқысы келсе, өз жерінде отырып-ақ неге сыйласпайды? Оған сыйластық керек емес, сенің жерің, суың керек. Сыйласқалы келдім деп, қай қазақ орыстың жеріне барып орналасып жатырмыз? Аңқау, надан елді сөзбен алдап құл еткісі келеді. Қазір аз кезінің өзінде өзен-көліңді тартып алып жатыр. Ертең көбейгенде, сені тау-тасқа, құм-шөлге ығыстырып тастайды. Ода білім, ақыл-айла бар, сенде алауыздық пен күншілдік бар. Ертең жеме-жемге келгенде, ақыл-айла мен білім жеңбегенде, алауыздық пен күншілдік жеңе ме? Елдің бүгін көріп-біліп отырғаны – қазіргі шындық. Қазір, құдайға шүкір, аз орыс көп қазақтың аузына қарап отыр. Ертең ол көпке айналғанда, ол кездің шындығы мүлде басқа болады, біз оның аузына қарап қаламыз», – депті. Сонда Саурық Тазабекті құшақтап: «Ел сенбесе, сенбесін, мен саған енді сендім. Өлсем, бірге өлем; тірі жүрсем, қандай қиындықта да қасыңда болам», – депті. Ақырында, міне, Тазабектің сол айтқаны келді: «жүз орыспен санасатын, мың орысқа бағынатын» заман туды.

– Иә, айтқаны келді.

– Бұрын, бірлі-жарым кезінде, орыс бізден ығушы еді; қазір, көбейіңкірегенде, біз олардан ыға бастадық. Міне, ақылдының ақылдысы ғана болжаған, қырық жыл бұрын Тазабек айтқан шындық – осы.

– Апырмай, көріп отырғандай қалай айтқан, ә!?

– Өз басын бәйгеге тігіп, ел намысын қорғайтын Тазабек пен Саурықтай еркек топырлап туа бермейді. Елу жылда ма әлде жүз бе, елдің бағына, өзінің сорына туады. Алайда, құдайдың құдіреті, сол Тазабек пен Саурық, Шалтабайларды: «Біз үшін құрбан болып еді-ау!» – дейтін албан баласы да азайып барады. Менің бір байқағаным, ұмытылған намыс көмілген қоздың шоғы тәрізді екен: ұзақ жатса, өшеді; ұзақ үрлесең, қоламтадан қайта тұтанады. Басқа емес, бөтен емес, тағы ел басына күн туғанда, сол баяғы Тазабектің Тезегі, Әубәкірі мен Жақыпбердісі, Саурықтың Ұзағы көптің алдына шыға келгенде, өшкен шығар деген намыстың қайта қоздағанын көріп, әрі қуандым, әрі қайран қалдым: намыс та қанмен берілетін қасиет екен!

Дастарқан қамымен кіріп-шығып жүріп, Өмірәлінің өзге әңгімесін Шәйі ести алмады, алайда оның бұл жолғы басты мақсаты Тазабек екеуін атастыру екенін анық білді. Біліп қана қоймай, ақылға салып ойланды. Жік-жапар болып күтіп жатқандарына қарағанда, әке-шешесі, ағасы, жеңгесі – бәрі солардың ыңғайына жығылып отырған жандар. Өйтіп бәрі біліп, бәрі құптап отырса, бұл неменеге қарсы болады? Өткенде қолынан шөп еткізгені еркелете де білгені ғой Тазабектің? Жүзінде де, мінезінде де айғайлап тұрған әбестігі жоқ.

Өстіп өзімен өзі арпалысып тұрғанда, шешесі итермелеп, аға-жеңгесінің отауына алып кірді.

– Сен енді бойжеттің, қарғам. Мына кісілер саған үкі тағуға келіп отыр. Не дейсің? Қарсылығың бар ма? – деді қызының бетіне қадала қарап.

– Жоқ, – деді Шәйі жүзін тайдырып.

– Ақылыңнан айналдым! – деді шешесі бетіне шапшып шыға келген шаттықтан нұрланып.

...Тілеулінің үйі дереу тойға дайындыққа кірісті. Бірақ той қамымен жәрмеңкеге барып қайтқан Ағынтай аса жайсыз хабар әкелді: орыс ұлық Жәмеңке, Ұзақ бастаған албанның сөз ұстар он шақтысын ақылдасамыз деп алдап шақырып алыпты да, Тазабек батырдың немересі Әубәкірді де, сонау Асыдағы Қызылбөрік болысы Серікбайды да соларға қосып қамап тастапты.

– Қазақтың басына қара күн туған екен, – деді Тілеулі әлгіні естігенде қабағын түйіп. – Ел беделділерін алдын ала тұтқындағаны – олардың үлкен арам іске алдын ала дайындалғаны.

Келін атанатын күнін асыға күтіп жүрген Шәйі, екі кештің апақ-сапағында Тазабек жетіп келгенде, тіксініп қалды. Тұтқында жатқан албандардың ағайын-туыстары оларды құтқарып алу үшін, ертең жәрмеңкеге шабуыл жасамаққа бекініпті. «Тілеулі мен Ағынтай сол көпке қосыла ма екен?» – депті Өмірәлі.

Түнере төмен қарап біраз отырды да,

– Жарайды, – деді Тілеулі басын изеп. – Барамыз.

Тазабек кетерінде Шәйі жаққа қипақтап қарағыштай берді.

– Жібекжан! – деді Жүзік қайынсіңлісіне сыбырлап. – Саған айтары бар сияқты, шықсаңшы!

Сөйтті де, Шәйіні далаға жетектеп шығарды. Іле-шала тысқа Тазабек те шықты.

– Шәйкен! – деді Тазабек еркелете қолынан тартып. – Мына аласапыран заман тамашалатып той жасататын емес, егер сен ренжімесең, алып қашып үйленсем, қайтеді? Ұят бола ма?

– Бүгін бе?

– Жоға, өзіміз келіскен күні.

– Ол қашан?

– Оны Жүзікпен келісейік.

– Мейлі.

Жігіттің қуанып кеткенін үнінен аңғарды.

– Шәйкен! – деді толқып. – Аман болсам, қабағыңа кірбең түсірмеспін, жаным!

– Аман болуға тырыс!

– Тырысам, жаным. Сен үшін аман болуға тиіспін мен. Келші, құшақтайыншы!

– Кейін. Анау қарап тұр, – деді теріс қарағансып тұрған Жүзікті көзімен нұсқап.

– Жарайды, жаным. Хабарын өзім айтам.

Үкісі тағылып, ата-анасы мен ата-енесі құйрық-бауыр жескен соң, Шәйі өзін Тазабектің заңды қалыңдығы санаған және оның енді ұрын келуге де қақысы барын білетін, сондықтан сөзін жықпай, соншалық қуантқанына өзі де марқайып қалды.

Тазабек кеткен соң Ағынтай әкесіне келіп:

– Жәке, ертең мен-ақ барып қайтайын да. Шоқпар мен сойылдан басқа қаруы жоқ қазақ мылтықты орысқа не істей аламыз? – деді текеметтің шетіне отырып жатып. – Қартайғанда бірдемеге ұшырап қап жүрерсің.

Шәйі әкесінің жауабын демін ішіне тартып күтті. «Бармай қалса, қаймыққаны», – деп ойлады.

– Балам, – деді Тілеулі баласының бетіне қырын қарап отырған қалпын бұзбай. – Сені аман сақтау үшін мен өлсем, шейітпін. Ата-бабамыз ежелден ұрпағы үшін өзін құрбандыққа байлаған. Ол дәстүрді бұзып, қарабет болар жәйім жоқ. Ал сен беріде әке-шешең мен бала-шағаңды, әріде еліңді қорғауға міндеттісің. Сондықтан сөзді қой да, қайыңнан кесіп екеумізге екі бос мойын шоқпар жаса. Не көрсек те елмен бірге көреміз. Өйтпесек, ант ұрады, балам. Айтқан жоқ па Өмекең түнеугүні албан басшыларының қалай ант еткенін?!

Бұл сөзден соғысқа дайындықты сезген Шәйі шешесіне үрейлене қарады, бірақ шешесі үндемеді. Өйткені дәл қазір еркектерді бұл жолдан айныту «Қырылса, халық қырыла берсін, өздерің аман бол» дегенмен барабар-ды.

Әкесі мен баласы әлі кеппеген бос мойын шоқпарды тақымдарына қысып, таңертең Қарқараға аттанды. Сол кеткеннен екеуі түн ауғанша оралмады. Үй ішін үрей биледі. Әркім ойымен әр күдікті қуалап, бірақ оны бір-біріне айтпай күрсінеді. Үшінші күні таң ата Ағынтайдың жалғыз өзі келіп аттан түсіп жатқанын әуелі Шәйі көрді де, тырп ете алмай тұрып қалды, ал Әжікен көрген замат дауыс сап қоя берді:

– Құлыным-оу, әкеңді қайда тастап келдің? – деп, сүріне-қабына ұлына қарай ұмтылды.

– Апа, Жәкем аман, – деді Ағынтай төрге отырып жатып.

Алакөлеңкеде ағасының көзі Шәйіге ісіңкі көрінді. Жылағаны анық. Бірден айта салмай, алдап отыр деп ойлады.

– Аман болса, қайда енді әкем?

– Тазабектердікінде.

– Жараланып қалды ма? – деді шешесі шошына жорамалдап.

– Өмекең оққа ұшты, апа.

– «Оққа ұшқаны» қалай? Аман ба?

Ағынтай басын шайқады.

– Жәрмеңкеге қарай қозғала бергенімізде, қарсы алдымыздан тарс-тұрс мылтық атылды. Әкем, мен, Тазабек пен Өмекең – бәріміз қатар келе жатқамыз. Өмекең аттың жалын құша жығылды. Тазабек екеуміз екі жақтап сүйемелдеп үлгердік. Бірақ былай алып шыққан соң қарасақ, оқ омырауынан тиіпті.

– Алда құдай-ай, енді кәйттік?! – деді Әжікен шошына сасып.

«Енді кәйттім?» деген сауал Шәйіні де қинап тұр еді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір