• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 03:28:13
Алматы
+35°

22 Қазан, 2016 Экономика

Әрбір теңге халықтың игілігіне жұмсалуы тиіс

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының кеңейтілген отырысы өтті.
Онда 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды.

Отырысқа бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, облыстар, Астана мен Алматы қалалары әкім­дерінің орынбасарлары және басқа ведомстволардың өкілдері қатыс­ты. Жиында талқыланған мәселе­лер­ді өңірлердегі тиісті мемле­кеттік орган­дар­дың және партия­ның жергілікті жер­лердегі филиал­дарының басшылары да бейнеэкран арқылы көріп отырды. Ал жиынға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед төрағалық етті.

Бес жылға – 5,3 триллион теңге

Кеңейтілген отырысты ашқан Мәжілістегі партия фракциясының жетек­шісі – Парламент Мәжілісінің вице-спикері Гүлмира Исімбаева осы жылдың 24 наурызында бол­ған фракцияның алғашқы жиынын­да Мем­лекет басшысы бюджет қар­жысын және «Нұрлы жол» бағ­дар­лама­сын жүзеге асыруға Ұлттық қордан бөлін­ген қаражатты тиімді жұмсауды ы күшейту туралы тапсырма бер­генін атап өтті.

Бұл бағдарлама қазіргі кезеңдегі экономикалық саясаттың негізгі ұстыны болып табылады. Сондай-ақ, өзінің әлеуметтік бағытты басты орынға қоюымен де маңызы жоғары, – деді Мәжіліс Төрағасының орынбасары.

Ал жиынға төрағалық етуші «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірін­ші орынбасары Мұхтар Құл-Мұ­хаммед жаһандық дағдарыстың Қазақ­стан­ның экономикалық және әлеумет­тік жағдайына кері әсерінің алдын алуға 2014 жылы Елбасымыз іске қос­қан инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы көп септігін тигіз­геніне тоқталды. Жалпы алғанда, бағдарламаны іске асыруға 2015-2019 жылдары 5,3 трлн теңге немесе 16,2 млрд АҚШ доллары көзделген. Кеңес дәуірінен кейінгі кеңістіктегі бірде-бір ел жұмыспен қамтуды және экономи­каны қолдауға осыншалықты қара­жат бөліп отырған жоқ. «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асырудың арқа­сында шамамен 400 мың адам жұмыс­пен қамтылады. Сондай-ақ, бағдар­лама толық көлемде, яғни 100 пайызға қаржыландырылады. Биыл бұл көр­сеткіш 770 миллиард теңгені немесе рес­публикамыздың 2001 жылғы бюджетінен 1,5 есеге артық қаржыны құрады. Бұл – тек бір ғана бағдарлама бойынша бөлінген қаражат. Орталық және жер­гілікті мемлекеттік органдардың ендігі міндеті – осы бөлінген қаржыны тиімді игеру, деді партия Төрағасының бірінші орынбасары.

Елбасымыз «Нұрлы жол» бағдар­ла­масын жүзеге асыру үшін бөлінген барлық деңгейдегі қаржының тиімді әрі уақытылы жұмсалуын қатаң бақылауды «Нұр Отан» партиясына тапсырды. Өткен жылы осы мақсатта Мәжіліс пен мәслихаттардағы партия фракциялары жанынан бағдарламаның 5 негізгі бағыты бойынша комиссия құрылды. Аудандарды қоса алғанда, еліміз бойынша осындай 231 комиссия жұмыс істейді. Шамамен 400 нысан бақылауға алынған. Бұл жұмысты жергілікті жерлердегі партия фракциясының 700-ден астам депутаты мен бастауыш партия ұйымдарының өкілдері жүргізеді.

М.Құл-Мұхаммед «Нұрлы жол» бағдарламасының жүзеге асуы ел экономикасы мен халықты жұ­мыспен қамту мәселесіне айтар­лықтай оң әсерін тигізетінін, соның ішінде «Батыс Еуро­па – Ба­тыс Қытай» автомагистралінің маңы­зы ерекше екеніне назар ау­дарды. Оның Қазақстанға авто­жол­дардың еуропалық және азия­лық аймақтық жүйесімен бірі­гуге мүмкіндік беретінін де атап өтті. Сондай-ақ, партия Төра­ға­сының бірінші орынбасары Аты­рау облысындағы «Ұлттық индус­триялық мұнай-химия техно­паркі» арнайы экономикалық айма­ғының зор әлеуетін атады. Атал­ған экономикалық аймақ аума­ғында полипропиленнен өнім өндіру ісі жолға қойылған. Бұған қоса, Мұхтар Абрарұлы «Нұрлы жол» бағ­дарламасының негізгі бағыт­тары­ның бірі – кәсіпкерлікті қолдау екеніне тоқталды. Бұл бағыт бойынша 2015 және 2016 жыл­дары 185 миллиард теңге бөлінген. Соның арқасында өткен жылдың басынан бастап шағын және орта бизнестегі 419 отандық субъект 72 миллиард 400 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Бұл 14 мыңнан астам жұ­мыс орнының сақталуына және 10 миллиард теңгеден астам салық­тың төленуіне мүмкіндік берді.

Инфрақұрылымды дамыту бағ­дарламасы аясында шешімін тауып жатқан мәселелердің бірі – жалға берілетін қолжетімді баспана құрылысы,  деді ол осы жөнінде. 2020 жылға дейін 1 миллион 400 мың шаршы метр баспана салу жоспарланып отыр. Бүгінде оның 500 мыңнан астам шаршы метрі пайдалануға берілді. Тұрғын үймен қамтылған 9 мыңға жуық отбасы немесе шамамен 40 мың адам қоныс тойын тойлады. «Нұрлы жол» бағдарламасының арқасында әлеуметтік инфрақұрылымды кең көлемде жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде жалпы құны 34 миллиард теңге болатын осындай 44 жоба жүзеге асырылды. Өз кезегінде бұл бастама апаттық жағ­дайдағы жеті және үш ауысым­мен оқытатын 23 мектеп мәселесінің оң шешілуіне жағдай жасады. Сондай-ақ, 4 мыңнан аса бүлдіршін жаңа балабақшаға барды.

 

Енді триллиондап есептейтін болдық

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дарламасын негізгі әзірлеуші және соған жауапты орган – Ұлттық экономика министрлігі. Сондықтан да алғашқы сөз Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа берілді. Макроөңірлік интегра­циялау жолымен бірыңғай эконо­микалық нарық құруға байланыс­ты алты макроөңірлер ретінде Оң­түстік, Орталық-Шығыс, Батыс, Солтүстік және Астана мен Ал­маты қалалары белгіленді. Ұлттық және халықаралық деңгейдегі хаб­тар болып Алматы, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Өскемен қала­лары алынды,  деді министр. Олар капиталдар мен ресурс­тар, озық технологиялар шоғыр­ланатын орталықтар болады. Көліктік-логистикалық құры­лым­дарды тиімді құру үшін ком­муникацияның барлық түрі Аста­надан еліміздің өзге макро­өңірлеріне бағытталады. Сол себеп­тен Орталық – Оңтүстік, Орта­лық – Шығыс, Орталық – Батыс, Батыс Еуропа – Батыс Қытай және бас­қа да жобаларды жүзеге асыру жос­парланған.

Қ.Бишімбаев екінші бағыт ретін­де елімізде индустриялық және туристік инфрақұрылымды дамы­туды атады. Макроөңірлерде арнайы экономикалық аймақ­тар құрылысын салу да қарас­ты­рылған. Оның ішінде Атырау облы­сында бой көтеретін ұлттық ин­дустриялық мұнай-химия тех­нопаркінің және «Қорғас – Шығыс қақпасы» ар­найы экономикалық аймағының құрылыс жұмыстары бар. Сондай-ақ, энер­гетикалық инфрақұрылымды нығайту да көзделіп отыр. Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарын электр энергиясы­мен сенімді түрде қамтамасыз ету мақ­сатында және «Солтүстік – Оңтүстік» бағытында транзиттік жүк тасымалын арт­тыру үшін «KEGOC» акционерлік қо­ға­мы «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік тран­зиті құрылысы» жобасын жүзеге асырады.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дар­ла­масына сәйкес 2020 жылға қарай елі­мізде жалпы көлемі 4,5 миллион шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға беріледі, деді министр әрі қарай. Білім беру саласының инфрақұрылымын дамытуға баса көңіл бөлінеді. Басымдық апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымда оқытуды жоюға беріледі. Қа­жеттілік бо­йынша жалпы білім бере­тін жаңа мектептер салынады және пай­­­да­лануға беріледі. Ұлттық қордан бөлі­­нетін жеңілдетілген несиелік қара­жат­тың айтарлықтай бөлігі қайта өңдеу өнеркәсібімен айналысатын ірі кәсіпкерлік пен ша­ғын және орта бизнес субъекті­леріне беріледі. Бұл қаржы инвес­тициялық жобаларды жүзеге асыруға, бұрындары берілген займ­дарды қайта қаржыландыруға және ай­налымдағы қаражатты толық­тыруға да бағытталады. Займ­ды алушы төлейтін жылдық сый­ақының мөлшері 6 пайызды құрайды. Займ 10 жыл мерзімге бері­леді. 2020 жылға қарай бағда­р­ламаны іске асыру барысында кәсіпкерлік субъектілер өндіретін өнім көлемі 1,5 триллион теңгені құрайды.

Жиын барысында «Нұрлы жол» бағдарламасына жасалған партиялық бақылаудың аралық нәтижелері де жария етілді. Ол жөнінде партия фракциясының жетекшісі, вице-спикер Гүлмира Исімбаева партиялық комиссияның аталған бағдарламаны жүзеге асыруда бірқатар мәселелерді анықтағанын атады. Ал Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев кәсіпкерлерге несие беру ісінде қаржылай көмек алғаннан кейін бюджетке салық төлемеу деректерінің тіркелгенін жеткізді. Оның айтуынша, әзірге осындай 55 оқиға белгілі болған. Салықтың төленбеу себебі ретінде қаржылай қиындықтар мен компанияның өз жұмысын тоқтатуы көрсетілген. Осылайша, қолдаудың өз ісін дөңгелетіп кетуге қабілетсіз кәсіп­орындарға жасалғаны белгілі болған. Осыған орай, халық қалаулысы мұндай несиелендірудің нақты мақсаттар бойынша жүргізілуін және беруші тарап пен көмек алушы жақтың жауапкершіліктерін күшейту керектігін көтерді.

Өз кезегінде сөз алған Мәжіліс де­путаты Берік Оспанов тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығын жаңғырту мәселесіне назар аударды. Негізі «Нұр­лы жол» бағдарламасы бойынша 2016 және 2017 жылдары 1182 ша­қы­рым коммуналдық желі жүргізу жоспар­ланған. Оның 170 шақырымы – биыл, ал қалған 1000 шақырымнан астам бөлігі келесі жылы жүргізілмек. Депутат құрылысшылардың мұндай үлкен көлемдегі жұмысты көрсетілген мерзімде аяқтай алатынына күмәнмен қарады. Мә­жіліс депутаты Павел Казанцев Ұлттық экономика министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ісі жөніндегі комитеті 300, 600 және 900 орындық мектептердің құрылысына арналған типтік жобаларды бекіткенін айтты. Мұндай жобалар жүзеге асса, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру іс-шаралар жоспарында жылуӨмен және сумен қамтамасыз ету, су құбырларын тарту нысандарына арнал­ған типтік жоспар мен типтік шешім­дер дайындау да қарастырылған. Атал­ған жұмыстарға 1 миллиард 200 мил­лион теңге бөлініп отыр. Алайда, Қара­ғанды облысының Сәтбаев қаласындағы мектептің құрылысына 1 миллиард 300 миллион теңге жұмсалған. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабұлақ ауылындағы осындай мектеп 700 миллион теңгеге салынған. Жұмсалған қаржының айырмашылығы 2 еседен де көп. Осыған байланысты Мұхтар Құл-Мұхаммед бюджет қаржысын үнем­деу мақсатында әлеуметтік және ком­муналдық инфрақұрылым нысандары­ның құрылысына типтік жобаларды қолдану тәжірибесін кеңінен енгізу керектігін айтты.

Қосымша баяндама жасаған Мә­жі­лістің Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу бойынша төрт комиссия жұмысының аясында анықталған мәселелерге тоқталды. «Көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту» бағыты бойынша, бағдарламада жоспарланған 11 дәліздің 6-сында жұмыс жүргізілуде. Бұл ретте учаскелердің құрылысы бірнеше жылға созылып кеткен, кейбіреулерінде туындаған дау­лар сотта қаралып жатыр, деді депутат. 2015 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, 922 шақырымы пайдалануға берілді. Мердігерлер және көптеген қосалқы мердігерлер жол учаскелерін бөліп-бөліп алғандықтан, қаражат учас­келерге бөлшектеніп кеткен. Сондықтан жұмысты орындау мерзімі созылып, соның салдары жолдардың сапасыз салынуына әкеліп соғуда.

Н.Сабильяновтың атап өтуінше, мердігерлермен шарттарды бір жылға жасау шығындарды, ресурстарды дұрыс есептеуге және жұмысты ыңғайлы жоспарлауға мүмкіндік бермейді. Қаржыландыру кеш жүргізілгендіктен, негізгі жұмыс көлемі күзде орындалады, бұл жұмыстардың асығыс әрі сапасыз орындалуына, жолдардың мерзімінен бұрын тозуына әкеліп соғады. Жалға берілетін, сондай-ақ кредиттік тұрғын үй құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын және сумен, жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту бағытына келсек, деп жалғастырды сөзін депутат, 2016 жылы жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй құрылысына Ұлттық қордан 202,5 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 180 млрд теңге «Бәйтерек девелопмент» акционерлік қоғамы арқылы, 22,5 млрд теңге «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы, 66,2 млрд теңге «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы арқылы берілді. Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 110,2 млрд теңге немесе 54%-ы игерілді. Бұл ретте жыл сайын қайталана беретін бірқатар өзекті мәселелер бар. Ол – құрылысқа рұқсат беретін құжаттардың толық болмауы, инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылым жүргізу бойынша жергілікті атқарушы органдар мен құрылыс салу­шылардың өзара келісімсіз әрекет етуі.

Депутат, сондай-ақ әлеуметтік инфра­құрылымды дамыту бағытына да тоқталды. Оның келтірген мысалдарына қарағанда, аталған бағыт бойынша бағдар­ламада жалпы қаржыландыру өткен жылы 19,4 млрд теңге, 2016 жылы 57,9 млрд теңге болған. Осы қаражат­қа 77 мектеп пен 19 балабақша салу жос­парланған. Әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының 46%-ы пайдалануға берілген. Биылғы жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, жергілікті атқарушы органдар 36,4 млрд теңгені, яғни қаржыландыру жоспарының 95,8%-ын игерген. Бұл бағыт бойынша Ұлттық қордан бөлінген қаражаттың дұрыс, тиім­ді пайдаланылмау себептері – мерді­герлермен даулар туындап, олар­дың сотта қаралуында, ал құрылыс-мон­таж жұмыстарының кестеден қалуы шарт­тардың кеш жасалуына да байланысты.

Мәжілісмен Серік Құсайынов «Қор­ғас – Шығыс қақпасы» арнайы эконо­микалық аймағындағы жағдайдың көңіл көншітпейтініне көпшіліктің назарын аударды. Оның сөзіне қарағанда, жалпы құны 83 миллиард теңгеден асып жығылса да аталған аймақта әлі 17 жоба аяқталмаған. Ал негізгі үш нысанның тек біреуі ғана жұмыс істейді. Ал Мұхтар Тінікеев көлік магистральдарындағы кейбір өзекті мәселелерге қатысты пікір білдірді. Депутаттың айтуынша, «Нұр­лы жол» бағдарламасына сәйкес, 2015 жылдан бері «Алматы-Шу» (110 шақы­рым) бағытындағы темір жолдың екінші желісі салынуда. Оның жалпы құны – 38 миллиард 400 миллион теңге. Қазіргі таңда бұл жұмыстың тек 43 пайызы ғана істелген. Ал жоспар бойынша жоба биыл аяқталуы тиіс. Осыған байланысты депутат құрылысшылардың жұмыстың қалған 53 пайызын үш айдың ішінде бітіретініне сенімсіздік білдірді.

Бағдарлама бюджетінің жартысы жол құрылысына бағытталған

Кеңейтілген жиында автомобиль магистральдарын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Шамамен «Нұрлы жол» бағдарламасы бюджетінің жартысы, яғни 2 триллион 400 миллиард теңге жол құрылысына бағытталған. Соған қарамастан «Орталық – Оңтүс­тік» жобасы аясында «Астана – Темір­тау» бөлігіндегі жоспарланған 171 шақы­рымдық жолдың тек 12 шақырымы ғана немесе 7-ақ пайызы пайдалануға беріл­ген. Қазіргі кезде жолдың 33 шақы­рымына жол төсеніштерін қайта монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба құны шамамен 18 миллиард теңгені құрайды. Жолдың аталған бөлігіндегі жұмыстарды аяқтау үшін небәрі 3 ай мерзім қалды. Енді үлгере ме?..

Мәжілісмен Ерсұлтан Бектұрғанов «Орталық – Шығыс» жобасы бойын­ша жолдың Екібастұз қаласы мен Ақсу ауылдық аймағы бөлігінде де жұмыс кестесінен ауытқушылықтар бар екенін айтты. Бұл жолдың ұзындығы – 139 шақырым. Өткен 2015 жылы 23 ша­қырымы ғана салынған. Ал биыл жұмыс тек қазан айында Ақсу ауылдық аймағы бөлігінде басталды. Аталған бөлікті тапсыру 2017 жылға жоспарланған екен. Мәжіліс депутаты Ирина Аронова білім беру саласына жүргізілген тексерулердің нәтижелері туралы баяндады. Президенттің үш ауы­сыммен оқытуды, мектептердің апатты жағдайын төмендетуді, мектепке дейінгі білім беру және 3-6 жас аралығындағы балаларды оқытуды қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Соған орай 2 жылда 77 мектеп пен 19 балабақша құрылысына 77 миллиард 300 миллион теңге бөлінді. Алайда, Атырау облысында 300 орындық орта мектеп пен Шығыс Қазақстан облысында 280 орындық балабақшаны пайдалануға беру мерзімінде кешігуге жол берілген.

Отырыста Мәжіліс депутаты Зәуреш Аманжолова да сөз алып, былтыр «Нұр­лы жол» бағдарламасы шеңберінде елі­міздің 11 жоғары оқу орнына 3 миллиард теңгенің инновациялық зерттеу­лерге арналған лабораториялық құрылғылары сатып алынғанын, бірақ қондырғылардың көп бөлігі талапқа сай болмай шыққанын және олардың барлық мемлекеттік стандарттар бо­йынша үлгілері жоқ екенін ортаға салды.

Бағдарламаның республикалық дең­гейде атқарылған жұмыстарымен қатар, оны облыстық деңгейде жүзеге асыру барысы да назардан тыс қалмады. Осы мәселеге қатысты Мәжіліс депутаты Михаил Чирков Астана қаласында бағдарлама бойынша әлеуметтік инфра­құрылымға бөлінген қаражаттың 70 пайызы ғана игерілгенін тілге тиек етті. Бұл – еліміз бойынша ең төмен көрсеткіш. Көптеген басқа өңірлерге қарағанда, елордада жүзеге асырылған жобалар да айтарлықтай аз, деді ол. Ал мәжілісмен Әбдіманап Бектұрғанов келтірген деректерге сүйенсек, Алматы облысында да мердігер тарапынан қаржыландырудың болмауына байланысты екі көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы тоқтап қалған. Бұл нысандар жұмыс кестесінен 8 айға кеш қалып келеді.

Жалпы, еліміз бойынша биыл Ұлттық қордан жалға және несиеге берілетін баспана құрылысына 202,5 миллиард теңге бөлінген. Бірақ соның тек 54 пайызы ғана игеріліпті. Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов атап өткендей, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысында инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 23 жобаны жүзеге асыру үшін 4 миллиард 200 миллион теңге бөлінсе, бүгінде соның тек 40 пайызы ғана игерілген.

«Нұр Отан» фракциясының кеңей­тілген отырысын қорытындылай келіп, Мұхтар Құл-Мұхаммед: Елбасымыз жаһандық экономиканы жайлаған дағдарысқа қарамастан, «Нұрлы жол» бағдарламасына миллиардтаған доллар көлемінде қаржы бөлгізді. Сол орасан зор қаражатқа атқарылған жұмыстың сапасы, мерзімі оның мақсатты игерілуінде өрескел қателіктер жіберілуде. Енді бұл мәселе ұдайы партия бақылауында болады. Халыққа арналған әрбір теңге сол халықтың игілігіне айналуға тиіс. Сондықтан «Нұр Отан» партиясынан сайланған депутаттар мен барлық партия ұйымдарына аталған мәселелерді қа­таң бақылауға алуды тапсырамын. Бұл бағдарламаның әрдайым Елба­сының ерекше назарында болатынын ұмыт­паңыздар, деді.

Фракция отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың субъектілеріне бағытталған ұсыныстар енгізілген қаулы қабылданды. Соған сәйкес, енді тиісті құзырлы мекемелер «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша атқарған жұмыстарын жетілдіреді.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір