• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 06:34:32
Алматы
+35°

28 Қазан, 2016 Саясат

Храпуновтың кезінде суыққа тоңып, аштан өле жаздаған тұрғындар болған

Алматы қаласында туып-өскен С. (аты-жөнін толық атамауды өтінді) есімді оқырманымыз өзінің оқушы кезін былай деп еске алады:

Алматы қаласында туып-өскен С. (аты-жөнін толық атамауды өтінді) есімді оқырманымыз өзінің оқушы кезін былай деп еске алады:

— Менің балалық шағымның бір бөлігі Алматы қаласына В.Храпунов басшы боп келген кезеңге дөп келді. Иә, 1990 жылдары және 2000 жылдардың бас кезінде жалпы халыққа оңай тимегені белгілі. Кейбіреулер ойлайтын шығар, Алматы сияқты ірі қалалардың тұрғындары әжептәуір тұрмыс кешті деп. Мүлде олай мес.

 Қандай қиындық көрсем де мен өз қаламды жақсы көремін. Туған күнімнен бастап бүкіл өмірім осы шаһармен байланысты. Сондықтан Алматыда туғаныма еш өкінбеймін. Енді өткен кездің бірер көріністерінен үзік сыр айтайын.  

1990 жылдардағы халықтың басындағы қиыншылықтың барлығы тек Храпуновпен байланысты болмауы да мүмкін. Бірақ неге екені 1990 жылдардағы Алматы десе менің есіме Храпунов және суыққа тоңып, аштық азабын тартқан жанұям түседі. Иә, менің отбасым расында аштан қырыла жаздады. Ол кезеңді еске алу маған оңай емес.

Ол кезде жоғары сыныпта оқитынмын. Мектептегі мұғалімдер жалақысын айлар бойы алмағандықтан ол-пұл сатып, күндерін көрді. Бір-екі ұстаздан басқасы сабақ түсіндіруге тіпті зауқы болмайтын. Ал оқушылар, жоғары лауазымды бір-екі әкенің ұл-қызы болмаса қалғандары түгел аға-әпкелерінің киімдерін киіп, жартылай ашқұрсақ, кейбіреуі мүлдем аш жүретін. Және көбінің арманы болашақта бизнесмен болып, баю еді.

 Менің отбасым аштыққа ұшырап қана қоймай суық күз келсе тоңумен күнін әрең өткізетін. Сөзімде еш жалған жоқ, сол кездегі әкімді я болмаса басқаны кінәлаудан аулақпын, бұл тағдыр ғой. Бірақ Храпуновтың аты ақпарат құралдарынан жиі аталып жатқан қазіргі кезеңде менің есіме сол аштық жылдары жиі түседі. Және Храпунов десе қаланың қоқыс басқан көшелері келеді көз алдыға. Иә, Храпуновтың кезінде көшелер сыпырылмаушы еді. Аулалар бықсып жататын. И.Тасмағамбетов қала басшылығына келіп, қаланың көзі ашылды ғой.

Біз Алматының ортасында тұрдық. Алыстағы ағайындар анда-санда көмектескені болмаса жалғыз анама балаларды бағу оңай болмады. Анам қырықтан асқан шағында науқастанып, төсек тартып жатып қалды. Сол күйі  жұмысқа шықпады. Мен дүкендерден қарызға нан, макарон сұрап жүретінмін. Жаз болса ауладағы жабайы жидектен теріп жейтінмін. Жазда ештеңе емес қой, күз түскенде қиын еді бізге. Өйткені, неге екені әкімдік жылуды кеш қосатын, кейде мүлдем қоспай қоятын күндері болды. Бірнеше ай бойы ас татпаған кезіміз де болды. Төңіректегі мейірімді адамдар көріп, құтқарып қалған болатын.

Газ бен электр энергиясы да жиі-жиі кесіліп қалады. 1990 жылдардың аяғында біздің отбасы қысты газсыз өткізді. Өйткені қала газдан сыртқа қарыз деген ақпаратты естідік. Газдың орны бөлек, суық үйде өшірместен плитаның қасына тұрып жылынушы едік. Газ болмаса тоңғанның үстіне аштықтан бүрісіп, әбден қиналатынбыз.  

Әлі есімде біздің подъезде жоғары қабаттағы бір университет мұалімінің үйінде ғана токқа қосылатын плита болды. Көршілердің барлығы содан қарызға алып, плитаны кезектесіп пайдаланатын. Сыртта қақаған аяз. Батареяны ұстасаң мұздай. Газ болмаған соң шай қайнатып ішу қайда? Кейбір үйдің ток шәугімі болады, ал біздің үйде ол жоқ. Сатып алуға ақша қайда? Ток болса көршіден алған плитаға шай қайнатып ішетінбіз. Анамның курстас орыс құрбысы бір көше төмен тұратын. Кейде сол шақырып тамақ беретін.

Электр энергиясы да ауық-ауық берілмей қалады. Сондай күндері мектептен қайтқан кезде қатты қорқатынбыз. Үйдің жанындағы дүкеннен нан алмайтынбыз, қалтамыз көтермейтін. Туысымыз ақша әкеліп берген күні бір аялдама жоғары орналасқан наубайхана жанындағы дүкеннен 20 теңгелік бөлкені сатып алатынбыз.

Бірде әлгі дүкенге ерте барып қойыппын. Таңғы сағат 8 шамасы болар. Бір топ зейнеткер жиналып, нанның пісуін күтіп тұр екен. Күбір-күбір әңгімелесіп тұр. Сөздеріне құлақ түрсем, "Неге әкім халыққа қарамайды?", "Әкімнің жаны аши ма осы халыққа?", "Қаржы жоқ дейді, неге жоқ?","Кеңес кезінде бұндай аштықты көрмеп едік, бұндай тапшылық бастан өтпеген еді" деген сияқты әгімелерді айтып тұр. Наубайхананы бір шешен отбасы ұстайтын. Әйелі есікті ашқанда жаңа піскен нанның иісі бұрқ ете түсті. Әйел лас сыпырғышпен айналаның шаңын бұрқыратып сыпырды да маған кір-кір қолымен  нан ұсынды. Ол кезде жеке меншік дүкендердің арасында полиэтилен пакет немесе арнайы қолғап кию жөніндегі тазалық ережесін ұстамайтындар бар еді. Мен жиіркеніп сол күннен бастап ол дүкеннен сатып алмайтын болдым. И.Тасмағамбетов  әкім боп келген соң әлгіндей тазалығы жоқ дүкендер жабылды.

Храпуновтың кезінде менің отбасым қинала-қинала кедейшіліктің шегінен тіптен асып кетті. Оның үстіне мектепте ол-пұлға ақша жинағыш еді ғой.  Сол да жанға бататын. Бір күні анам көмек сұрап  әкімге хат жазды. Бірақ Храпуновтан еш көмек болмады. Бірнеше апта өткенде әкімдіктің бір қызметкер әйел келді. "Әкімдік бюджетінде әлеуметтік көмекке ақша жоқ. Бірақ біз қала кәсіпкерлерінен көмек сұраймыз" деді. Сөйтіп бір кәсіпкердің қорынан бөлінген қаржыдан 5 мың теңге әкеліп берді. Ол ақшаны біз пәтерақыға төлегеніміз әлі есімде.

Қазір Храпунов туралы ақпарат құралдарынан көп естиміз. Оның аты аталғанда менің есіме осындай оқиғалар түседі.  Есім түскен өткен күннің үзік-үзік фрагменттері ғой.

Қазір өмір өзгерді, тұрмыс та өзгеше. Кешегі күн еске түскенде бірде мұңайсам, бірде сол кезеңнен  қалай аман өттік деп таңданамын. Қазір өзімнің жеке кәсібім бар, сол кезде маған көмектескен жандарға қарызымды өтесем деп еңбектеніп жүрмін.

Әзірлеген Айғаным Біртуар

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір