• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 19:17:16
Алматы
+35°

 

Әлемдік экономиканың қазіргі беталысы қандай, бүгінгі таңда бірқатар елдерде көрініс тауып отырған дағдарыстық жағдай қаншаға дейін созылады деген сияқты сауалдардың көптеген адамдарды толғандырары анық. Олай болса, қоғамда өмір сүріп, нәпақасын өнікті еңбектен тауып жүрген кез келген жанды алаңдататын осынау өзекті мәселеге ой жүгіртіп көргеннің еш артықтығы жоқ.

Әлемдік экономика кім-кім де ұтылысқа шығатындай даму фазасына еніп отыр, делінген екен белгілі инвестор Билл Гросс­тың инвестициялық парақшасында. Осы орайда бұл кісінің 2014 жылға дейін ең ірі обли­гациялық РІМКО қорын басқарғанын, қазір­гі уақытта Қаңus Capital-ға басшылық жасайты­нын еске сала кеткен жөн. Қаржыгердің пайым­дауынша, әлемдегі несиелеудің өсу қар­қы­нына талдау жасау арқылы тұйыққа тірелу­шілік ахуалын жақсы аңғаруға болады.

Бірден айта кетейік, Б.Гросс өзінің ой-пайымдарын несиелеу ісінің қазіргі жағдайына сүйене отырып өрбітеді. Өйткені, қандай да болсын жұмысты алға бастыру үшін несие қаржыларының қажет болатындығы белгілі. Демек, несие дегеніміздің өзі қазіргі заманда экономиканы дамытушы негізгі құралдардың бірі ретінде көрініс табады. Сонымен, белгілі қаржыгер не дейді?

Ол 2000 жылға дейін несиелеудің орташа жылдық өсімінің 9 пайыздан жоғары бол­ғанына, ал қазіргі уақытта оның 4 пайыздан да төмендеп кеткеніне назар аударады. Несие дегеніміз жүйенің жұмысын қыздыра­тын мұнай мен отын, ал егер жүйе несиенің жеткілікті дәрежеде өсуін қорландыруға қауқарсыз болса, онда нақты экономикалық өсім тұншыға бастайды немесе тіпті кері қарай кетеді, деп жазады Билл Гросс.

Оның пікірінше, келесі бір проблема несиелік қаржылар айналымы шапшаң­дығының баяулай түсуі болып табылады. Өйткені, төленген несиелердің жылдам айналымда болуы кредиторлар үшін несиелеу көлемін көбейтіп, экономиканы ұлғайтуға мүмкіндік берер еді. Әзірге ондай мүмкіндік көзге ұрып тұрған жоқ.

Ақша айналымының жылдамдығын арт­тыру үшін соңғы жылдары орталық банктер пайыздық мөлшерлемені төмендетті, бірақ қазіргі кезде ол нөлге таяп қалды, дейді қар­жы­гер. Өтімділіктің төмендеуі салдарынан жаңа қуаттар құру ісіне инвестиция салуға да ешк­ім құлықты емес. Осыдан келіп бүгінде қар­жы салатын жер де қалмаған сыңайлы. Ал ол әлем­дік деңгейдегі стагнация қаупін туындатады.

Қаржыгер болашақта кеңінен өріс алу ықтималдығы зор өндірісті роботтандыру шарасын да келесі бір күрделі проблема ретінде атап көрсетеді. Оның пайымдауынша, мұндай қадамның өзі жұмыссыздықтың өсуіне апарып соқтырмақ. Осыдан келіп әлемдік экономиканың ойлағандай дәрежеде дамымауы жағдайында тұтынушылық сұра­ныстың құлдырау көрінісі орын алады.

Кейбір сарапшылар мұны өндірістік қатынастар мен өндіргіш күштердің арасында пайда болған қарама-қайшылықтар ретінде түсіндіріп, қазіргі экономикалық модельдің күйрейтіндігі және жаңа модельге көшу қажеттігі еш күмән туғызбайды деген болжам айтады. Сонымен бірге, рыноктардың «таусылып» қалғандығы туралы айтудың өзі таңғаларлық жайт деген де көзқарастар бар. Ондайлар бүгінгі таңда адамзаттың үштен екісінің кедейшілік жағдайында өмір сүріп жатқанын алға тоса отырып, егер оларды әлемдік шаруашылыққа тартып, өндірушілер және тұтынушылар жасаса, онда, сөз жоқ, жаңа рыноктар пайда болады дегенді көлденең тосады. Соған сәйкес ақшаны қайда салу керек деген проблема да өз шешімін таппақ.

Қазіргі дағдарыс Жер тұрғындары үшін өте жаман жағдайда аяқталуы мүмкін, дейді Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынас­тар институтының халықаралық қаржылар кафедрасының профессоры Валентина Катасонова. Оның айтуына қарағанда, қазіргі кезде әлемде ақшаға деген сұраныс мейлінше құлдырап барады, өйткені ол шамадан тыс артық шығарылуда. Мәселен, тауар артық өндірілген шақта баға құлайды, ал ақша артық шығарылар болса, пайыздық мөлшерлемелер құлдырайды. Қазірдің өзінде көптеген банктер депозиттер бойынша кері ставкаларға ие, ал кейбір банктер банк операциялары бойынша кері мөлшерлемелерге душар болып отыр. Жақында Дания мен Бельгияның кейбір коммерциялық банктерінің ипотекалық несиелерді кері ставкамен бергендігі туралы сенсация тарап үлгерген көрінеді. Бұл оқиғаның өзі бірқатар сарапшылар тарапынан аяқ астынан пайда болған абсурд театры ретінде бағалануда.

Осындай келеңсіз жайттардың соңы борыштардың артуына апарып соқтыруда. Бүтіндей алғанда әлем бойынша ол ІЖӨ арақатынасында 2008 жылғы дағдарыс қарсаңындағыдан жоғары болып тұр. Бүгінгі күні Америка Құрама Штаттарында қауіпті ахуал қалыптасқан. Ал Еуропадағы жағдай одан бетер шиеленісті күйде. Қытайдың да борышы өте үлкен.

Міне, осы тәріздес өз пікірлерін ортаға сала келіп, ресейлік ғалым қаржы дағдарысының үшінші толқынының боларына еш күмән жоқ деген ойын да жасырмай жеткізеді. Оның айтуынша, мұндай жағдайдан ауыр зардаптарсыз шығудың бір ғана жолы бар, ол үшін әр ел өзге емес, өз экономикасына жұмыс істеулері керек.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, келесі бір түйткілді мәселе – роботтандырудың кең етек жаюына байланысты жұмыссыздықтың өсуі. Бұл проблеманы қалай шешуге болады? В.Катасонова таяуда Швейцарияда сөзсіз базалық табыс туралы референдум болып өткенін айта келіп, оның негізгі идеясы ел­дің әрбір азаматы жұмыс істейтініне немесе істемейтініне қарамастан 2500 швейцар франкін алып тұруы керек дегенге келіп сайғанын айтады. Дегенмен, жұрттың көп­шілігі мұндай шараға қарсы болған. Ондай адам­дардың ойларын түсінуге болады: дүниед­е тегін жатқан ешнәрсенің болмайтыны сияқ­ты, өйткені жағдайда сөзсіз табысты жұмыс істеп жүргендердің есебінен төлеуге тура келер еді. Қазіргі әлемдік модель адамзатты жұмыссыздық пен жаппай аштыққа алып келе жатыр деген көзқарас та, міне, осындай себептерден бой көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан келгенде, яғни жұмыссыздықты ұлғайтатынын ескере келгенде Швейцария ұсынып отырған модельдің де кемшіліктері жоқ емес.

Дей тұрғанмен, тағы бір ресейлік ғалым Борис Пивовар бүкіл әлемдік ауқымда несиелеу ісі тұйыққа тірелді деп айтуға әлі ерте деген ойды да ортаға салады. Айталық, дамушы елдерде несиелеу үдерісі әлі өзінің шырқау шыңына жеткен жоқ. Үндістанда несиелеу ісі әлі күнге дейін шарана күйін­де десе де болады екен. Бұл елде көптеген адамдардың өз тұтыну жағдайларын арт­тыруға немесе бизнесті дамытуға қаржы құралдарын алуға тіпті мүмкіндіктері де жоқ. Керек десеңіз, Ресейдің өзінде де биз­несті несиелеу ісін еселеп арттырудың мол алғышарттары бар. Сондықтан несиелеу ісі барлық жерде бірдей тұйыққа тірелді деуге әзірге ертерек. Ондай жағдай бүгінде тек АҚШ-та ғана қалыптасып отыр. Өйткені, олар бұл «міндеттің» шарықтау шегіне жеткен. Одан арғы жерде тек құлдырауды, күйзелісті, рецессияны ғана күтуге болады. Тіпті, Еуропаның да кейбір елдерінде несие беруді арттырарлық жағдайлар бар.

Б.Пивовардың жаппай роботтандыру үдерісіне қатысты да өз ұстанымы жоқ емес. Егер роботтехника озық салаға айналар болса, осыған дейін тарихта талай рет болып келгендей, кейбір мамандықтар­дың жойылып кететіні рас. Бірақ олардың орнын­а жаңа мамандықтар пайда болмақ­шы. Тіпті, дейді ғалым, бүкіл әлемді роботтар­мен қамтамасыз ету үшін өндіріс, ғылыми әлеует қажет болады. Ал бүгінде бірде-бір ел мұндай міндетті толық шешіп шыға ал­майд­ы. Осындай дәйектер келтіре отырып, ғалым роботтар әлемде жұмыссыздықты өсіріп жібереді деп қауіптенуге әлі ертерек деген басу айтады.

Қалай дегенде де сарапшылардың пайым­­дауларына қарағанда, әлемдік эко­но­­мика негізінен алғанда әлі де болса әлсіз күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, әсіресе еуроаймақта баяулаушылық анығы­рақ байқалады. Оны Орталық және Шығыс Еуропаның дамушы рыноктарының эконо­мика­лық өсіміне теріс ықпал етіп отырған Украинадағы дағдарыспен байланыстыруға болады. Мәселен, Австрия банкі геосаяси шиеленістің салдары таяудағы тоқсандарда еуро аймағындағы жағдайлардың дамуына өз әсерін тигізетін болады деп мәлімдеме де жасаған көрінеді. Кейбір болжамдарға қарағанда, Орталық Еуропада неғұрлым оң сипат­ты перспектива байқалғанымен, Балкан түбегі аймағында дамудың мүлде теріс сипатқа ие болуы да мүмкін.

Егер сөзімізді тиянақтар болсақ, әлемдегі экономикалық ахуал туралы болжамдар мен кейбір нақты жағдайлар, міне, осындай. Өзіміз жоғарыда келтірілген пікірлер­ден аңғарғанымыздай, бүкіл планетаның қаржы жүйесі күрмеуі шешілместей қиын түйіндерге тап болып отыр деп қара аспанды төндірушілердің өздері де ертеңгі күннің дәл қандай боларын дөп басып айта алар емес. Олай болса, «Жүгірген жетпес, бұйырған кетпес» деп ата-бабаларымыз айтқандай, келешегіміздің кемел боларына деген берік сеніммен еселі еңбек еткеннен өзге тиімді жол жоқ. Жоғарыда өзіміз жүгінген сарапшылардың ой-пікірлерінің тоқетері де, түптеп келгенде, осыған келіп саяды.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір