• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 23:34:20
Алматы
+35°

 

Оңтүстікте туризмді түлетудің мүмкіндігі көп

Оңтүстік Қазақстан облысында туризмге сұранып тұрған жерлер көп дегенімізбен, әзірге мақтанатындай жағдай жоқ. Бұл жағынан көрші Өзбекстаннан көп нәрсе үйренуге болады. Көне қалашық, сәулет өнерінің ірі ескерткіштерін бір рет қатырып жөндеп алады да жыл сайын мыңдаған туристі еш кедергісіз қабылдайды. Ал біздің маңдайымызға басқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі қашан барсаң да жөнделіп жатады.

Түркістан мен Жаңақорған ауданының ортасындағы көне Сауран қорғаны жаңбыр мен жел, қар астында шөгіп барады. Археологтарымыз Отырар маңындағы талай қорғандарды қазып, керегіне қол жеткізгеннен кейін консервация жасамай ашық аспан астына тастап кетіп жүрді. Тек, кейінгі жылдарда ғана бұл бағытта жақсы жұмыстар атқарыла бастаған.

2004 жылы «Егемен Қазақ­стан» газеті тілшілерінің құра­мында Үрімшіде бір аптадай болдық. Үш тілде шығатын «Шың­жаң» газетінің басшылығы көне Тұрфан қаласының орнына алып барды. Жер астынан аршылып алған қалашық толықтай консервацияланған. Бүгінгі өркениеттің сәулетінен әбден кеңірдектеп тойған шетелдіктер қара құртша қыбырлап сонда өріп жүр. Көне қаланың жер асты кәріз жүйесі аршылып, бұлақ сарқырап ағып жатыр.

Сол кәріз жүйесі біздің ескі Отырар қаласында да бар. Бірақ, насихаты кемшін, туристерді дұрыс тарта алмай жатырмыз.

Басқасын айтпағанда, адам бойындағы жаман энер­гия­ны бір мезетте сылып тас­тайтын «Ақмешіт» үңгі­рінің кереметі көршілес мем­лекет­тердің ешқайсысында жоқ. «Ақмешітке» арнайы келген академик, мемлекет жә­не қоғам қайраткері Мыр­за­­тай Жолдасбеков «бұл өзі әлем­­нің жеті кереметіне тати­тын дүние екен» деген баға беріп кетті. Бірақ, тиісті орындар осы табиғат кереметіне әлі де жеткілікті мән бермей ке­леді. Алайда, Оңтүстікте өт­кен «Ontustik Tourism-2016» халық­аралық туристік форумы жақсы жаңалықтарымен тәнті етті. Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев айтқандай, 2014 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың ұсынысына сәйкес, «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне» мүше елдер арасында «Жібек жолы бойынша бірыңғай туристік маршрут» әзірленіп, аталған бағыттарға Түркістан қаласының туристік нысандары да енгізіліпті. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017 халықаралық көрме қонақтары үшін Оңтүстік Қазақстан облысы ерекше ту­ристік аймақ ретінде жарнамаланып жатыр.

Марат Игалиев «Батыс Еу­ропа – Батыс Қытай» тран­зит­тік дәлізінің бойына қоғам­дық нысандар салу бойынша жасалған талдау нәтижесінде, Оңтүстік Қазақстан облысына жергілікті жердің тарихи мұрасымен байланысты үш қызмет көрсету нысанын салу ұсынылғанын айтты. Бұл, әрине, жағымды жаңалық. Бүкіл дүние жүзі көз тігіп отырған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінде Оңтүстіктің сырт қалмайтындығы белгілі. Біз осыған орай «Ontustik Tourism Center» туристік ақпарат орта­лығының директоры Жасұлан Төлебековтің ойын білген едік.

Оңтүстiк Қазақстан облы­сының туристiк ақпа­раттық орталығы ЭКСПО-2017 халық­аралық маман­дандырылған көрмесiне барынша дайындалып жатыр. Осы жылдың тамыз, қыркүйек айларында орталық мамандары Астана қаласында өткен тренингке қатысып қайт­ты. Сол жиында облыс атынан жаттықтырушылар мен үйлес­тiрушiлер тағайындалды. Астана iссапарының ерiктiлер жұмысын тиiмдi ұйымдастыруды үйренуге көмегi мол болды. Бүгiнде рес­публиканың әр облысындағы жастар және туристiк орталықтар 150-ден астам ерiктiнi даярлап, ЭКСПО көрмесiне жiберуге әзiр. Әсiресе, студент жастар арасында ерiктiлер қатарын толықтыруға қызығушылық күннен-күнге артып келедi. Жыл соңына дейiн «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ пен Оңтүс­тiк туризм орталығы бiр­лесiп, азаматтарға арнайы оқы­ту тренингтерi мен курстарын ұйымдастырмақ.

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесiнiң қарсаңында облыста көптеген маңызды iс-шаралар өткiзу жоспарлануда. Солардың арасындағы ең айтулысы – ха­лықаралық туристiк форум. Ауқымды шара барысында туристiк кәсiпорындар мен жер­гiлiктi бизнесмендер және түрлi ұйымдардың қатысуымен арнайы жәрмеңке өтедi. Онда аталған ұйым өкiлдерi туристiк бағыттағы өз тауарларын келу­шiлер назарына ұсынады. Сон­дай-ақ, өңiрдiң тарихи, мә­дени, көрiктi аймақтары сана­латын Түркiстан, Шымкент қалалары мен Ақсу-Жабағылы қорығына ақпараттық турлар ұйымдастырылады. Бұл Оң­түстiк Қазақстан облысы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесiнде туристердi қабыл­дап, өңiрдiң көрiктi жерлерiн тамашалатуға әзiр екенiн бiл­дiредi. Қазiргi таңда облыста елiмiз үшiн маңызды iс-шараны насихаттау жолында 137 жоба iске асырылып, көрме жайлы халықтың таным-түсiнiгiн арттыру бағытында тиiстi жұмыстар жүргiзiліп жатыр.

Туристік ақпарат орта­лы­ғының жетекшісі осындай жо­балардың іске асырылып жат­қандығын айтады. Туризм – егер жұмысы дұрыс үйлестірілсе ақшаны күреп табатын сала. Дүние жүзінің шикізаты жоқ, бірақ тарихи ескерткіштері мол көптеген мемлекеттері туризммен жан бағып отыр. Ал жер көлемі жөнінен әлемде ондыққа кіретін Қазақстанның бұл салада алар асулары алда.

Келер жылы «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кі» РММ аумағында салынатын «Эко Кэмпинг» жобасының құрылысы басталмақ. Ха­лық­қа қолжетімді бағада ұсы­ны­­латын шатырлы қалашық ту­рис­терге қажетті барлық жаб­дық­тармен қамтылады. Мұнда жарықтандыру күн батарея­лары есебінен жүзеге асады. Оңтүстіктің туристік әлеуеті мен тау туризмін және альпинизмді дамыту мақсатында қолға алынған жобаны «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кі» РММ мен «Ontustik» аль­пинизм федерациясы бірлесе іске асырмақ.

Туризм саласында Оңтүс­тіктің орны ерекше. Ол Ұлы Жібек жолының бойында тұр. Көне Түркістан, Сайрам, Отырар, Сау­­ран сияқты қалалардың ин­фра­құрылымдарын қалпына келтірсе, этнотуризм туристерді магнитше тартар еді. Оның сыртында «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік қорығы, Сарыағаш емдеу-сауықтыру және дем-алыс аймағы бар, Шардара су қоймасының маңайы жағажай туризмiн дамытуға өте қолайлы. Төле би ауданындағы «Қасқасу» тау шаңғысы базасының келе­шегiнен де көп үмiт күттіреді.

Осы жағдаяттарды қорыта айтқанда, облыстың жаңа басшысы Жансейіт Түймебаевқа артылар жауапкершілік жүгі үлкен. «Сен салар да мен салар, атқа шөпті кім саларды» уақыт шіркін көтермейді. Ұлы Жібек жолының бойында отырған, қазақ мемлекетінің негізін қалаған хандар мен батырлардың, билер мен әулие-әмбиелердің мәңгі дамылдаған қасиетті жері – Оңтүстікте ту­ризм­­нің әлеуеті үлкен. Кейбір аймақтардай шикізатқа емес, адамға бай өңірдің бір түлейтін саласы осы.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір