• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 23:28:09
Алматы
+35°

10 Қараша, 2016 Әлеумет

Тірісімен орысша, өлісімен арабша сөйлескен қазақ...

Кейде күйіп кетесің, дүкенге барсам орысша, теледидарды ашсам орысша, парламентім де орысша, полициям да орысша сөйлеседі. Автобусқа мінсем кондуктор да...

Кейде күйіп кетесің, дүкенге барсам орысша, теледидарды ашсам орысша, парламентім де орысша, полициям да орысша сөйлеседі. Автобусқа мінсем кондуктор да көшенің атын дұрыс айтпайды, үйдің жанындағы мектептен де жұмысқа келерде де, қайтарда да орысша сықылықтасқан қыздарды көрем. Қазақ тілін аз көрем, аз естимін. Қашан да қалыс қап, екінші боп жүретін қазақ тілім, тіпті дінде де шет қалады екен. Мешітке кірсең мінәжат өтеуге келгенде айтылған сөздерді білсе имамның бір өзі білген шығар. Қалған жұрт түсіне қоймайтыны анық. Бұрын әлімсақтан мұсылман елдің баласымыз деп жүре беруші ем. Ислам діні туралы зерттеу жасап көрдім. Қарасам қазақ халқының Исламды тануы ежелден Ритуалдық іс-шараның төңірегінде ғана екен.

«Неге біз осы намазды қазақша оқымаймыз?» деген сұрақ туады. Шала сауат біліммен ақтарып көрсем, құран немесе намаз тек араб тілінде оқылуы керек деген шарт жоқ екен. Рас, Пайғамбардың заманында намаз арабша оқылды. Бірақ, ол кезде Исламның таралу аймағы тек Мекке мен Медине қаласында еді. Яғни араб түбегіндегі араб тайпаларына ғана таралған еді. Ал, арабтар болса өз тілдерінде, түсінетін тілдерінде оқыды. Дегенмен ойлап қараңызшы, намаз араб тілінде оқылуы керек дегендер мынадай уәж айтады: Құран қанша аударсаң да арабшадағыдай толық мағынасын бере алмайды. Құранның неге икемге көнбейтін араб тілінде түсірілгеніне тоқталмай-ақ қояйық.

Құдай-ау, сонда Құран арабтан басқа ұлт түсіне алмайтындай кітап болды ма? Ал, бір ұлттың тілін толық меңгеру үшін сол ұлтша өмір сүріп, мәдениетін, өркениетін, салтын түгелдей бойыңа сіңіру керек деген сөз ғой. Олай істесек араб болып шыға келеміз. Бұл қандай әділдік? Ал, олай істемесек біздің құлшылығымыз бәрібір де арабтармен салыстыруға келмей қалады деген сөз. Сол үшін ғана «төмен сатылы» мұсылман болып қаламыз ба? Бұл жіктеу ғой. Ал, Ислам жаңа пайда болған кездегі пайғамбар мен сахабалар оқыған намазды біздікімен салыстыруға бола ма?

Құранды білмеген бір кісінің үйренгенге дейін өз тілінде мінәжат етуіне рұқсат ететін хадис бар көрінеді. Араб тілі деген бір шетін тартсаң екінші жағына созылған, нүкте қойып қалсаң мағынасы да оқылуы да түгел өзгеріп кететін айнымалы тіл.  Ал, бұл тілді үйреніп алу қиынның қиыны. Онсыз да, мемлекет «үштұғырлы тіл» деп балаға бес жасында үш бірдей тілді төпелеп үйретіп жатыр. Балиғат жасына келгенде мұсылман баласы маңдайын сәждеге қоюы қажет дейді. Сонда 12-13 жасқа келген бала тіл үйрене ме? Сабақ оқи ма? Оған бір тіл түгілі, шет тіліндегі бір сөйлемді де үйрене алмайтын егде тартқан кісілерді қосыңыз. Тіл білмегенің үшін тозаққа кетіп қалғаның мүлде әділетсіз ғой. Мағынасын білмей құр жаттап алған дүмшеліктен не пайда? Онсыз да қырағат келтіргенде дұрыс дыбыстап жүргендер шамалы.

Түрлі жамағаттардағы «браттар» мен «сестралар» онсыз да оңып тұрмаған тілімізді шұбарлап жатыр. Егер, намазды қазақша оқысақ, дұға тілегімізді қазақша жасасақ ұтпасақ, ұтылмас едік.

Ақан Бектас

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір