• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 03:56:53
+35°

14 Қараша, 2016 Әлеумет

Ұзынағашта өлтірілген үш азаматтың туыстары тергеу шараларына көңілдері толмайтынын айтады

Алматы облысы Ұзынағаш кентінің маңында өлтірілген үш азаматтың ісі бойынша сот басталды, - деп хабарлайды

Алматы облысы Ұзынағаш кентінің маңында өлтірілген үш азаматтың ісі бойынша сот басталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz.

Бүгін соттың алдын ала сот мәжілісі өтті. Онда сот тергеуін бастау жөнінде айыптаушы, айыпталушы тараптардың, қорғаушылардың пікірлері тыңдалды. Алғашқы сот отырысы 17 қараша күні өтетін болып белгіленді.

«Сол отырыста куәлардан, айыпталушылардан жауап алына бастайды. Сондай-ақ, бүгінгі отырыста прокурор айыптау актісін оқып, күдіктілердің өмір деректерін нақтылады», - дейді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мұхтарима Карбанова.

Айуандықпен өлтірілген үш азаматтың туыстары болса, сотқа дейінгі тергеу амалдарына көңіліміз толмайды деп отыр.

«Бүгінгі отырыста үш күдіктіні де көрдік. Олардың біреуі қылмысты көре тұра, заң орындарына мәлімдемегені үшін айыпталып отыр. Ол қолхатпен бостандықта жүр. Тергеу кезінде қамауға алынбаған. Қылмыс жасалған қару Ж. Сүлейменов деген кісінікі екен. Ол бойынша бөлек сот болады дейді. Малды күдіктілерден Д. Сүлейменов деген туысы сатып алған. Бұл жерде де басы ашылмаған жайттар көп», - дейді қаза тапқан үш жігіттің туысы Еркін Бейсекейұлы.

Марқұмдардың туысы Тұрсын Әмірбайұлы да қылмысқа қатысты күдік көп екенін айтады.

«Бауырларымызды атып өлтірген қару, ол кімнің қаруы, қылмыс жасалғаннан соң қайда жасырылды, кім жасырды, неге дер кезінде полицияға хабар берілмеді, үш азаматты іздестіру шаралары неге баяу жүрді, полицияның марқұмдардың туыстары мен достары шулағаннан кейін барып қана қозғалғаны, дереу екі күдіктіні ұстап алғаны қалай деген сияқты сұрақтар көп. Тергеу барысында бұл сұрақтарға жауап ала алмадық. Ендігі үмітіміз сотта. Судья әділдік жасап, істі зерттейді, кем-кетік жерлерін айтып, қылмыскерлердің әділ жазасын береді деп сенеміз», - дейді ол.

Қаза болған үш жігіттің бірі Мұқият Зарлыханұлының ағасы Адал Зарлыхан осы қылмысқа қатысы бар деген үшінші күдікті Бақыт есімді азаматтың бұрын да сотталғанын естігенін, әзірге оны қамауға алмай, қолхатпен бостандыққа жібергеніне наразы.

Естеріңізге салсақ, қыркүйек айында Алматы облысы Жамбыл ауданына облыстың Көксу ауданынан мал сатуға келген үш азамат – Мұқият Зарлыханұлы, Қадылбек Әлімханұлы мен Жарқынбек Долданұлы хабарсыз кетіп, артынан үшеуінің де айуандықпен өлтірілгені хабарланған болатын. Бастапқыда осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен екі азамат қамауға алынса, кейін Жамбыл ауданының тағы бір тұрғынына қылмыс туралы біле тұра тиісті органдарға хабарламады деген айып тағылған болатын.

Ерлан Төлеубай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір