• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 21:12:15
Алматы
+35°

 

Жоғарыда аталып өткен Ұлы Жібек жолы дегенде, алдымен есімізге аспан асты елі түседі. Сондықтан да біздің еліміз үшін Қытай мемлекетімен тығыз қарым-қатынас орнату аса маңызды. Осы бағытта, Қазақстан мен Қытай СІМ ынтымақтастықты дамытудың басымдық берілген мәселелерін жан-жақты талқылады. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Алматыда Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен. Келіссөздер барысында бірқатар салалар бойынша қазақ-қытай ынтымақтастығын дамытудың басымдық берілген мәселелері жан-жақты талқыланды. «Биылғы жылы алда тұрған «Үлкен жиырмалықтың» саммитіне қатысу үшін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға және ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянның Қазақстанға сапарларын әзірлеуге ерекше ден қойылды», делінген хабарламада.

Кездесуде сондай-ақ, екіжақты сауда өсімін ынталандыру үшін көлік жолдарын әртараптандыру, индустриялық-инновациялық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай аймақтары арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейтудің өзектілігі айтылды. «Бізге екіжақты сауда көлемін ұлғайту үшін жаңа мүмкіндік іздеуді жалғастыру қажет», - деп атап өтті осы орайда Е. Ыдырысов.

Онымен қатар, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын ұтымды пайдалану, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және туризм салаларындағы ынтымақтастық бойынша мәселелер де екіжақты кездесуде сөз болды. Қытай тарапы өзара тиімділік негізінде Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтасуға және бір-бірін құрметтеуге дайын екенін білдірді. «Жол картасын» тиімді әзірлеу үшін біз «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» бастамасы бойынша бірлескен жұмыс тобын құруға ниеттіміз. Қытай елінің тиісті мекемелері бұл жұмысқа кірісіп кетті», - деп мәлімдеді Ван И. Кездесу барысында көкейкесті жаhандық және өңірлік мәселелер, оның ішінде Ауғанстандағы ахуал, Сириядағы жағдай, халықаралық терроризм мен діни экстремизмнің қаупі бойынша мәселелер қозғалды. Екі жақ Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесі және басқа да көпжақты форматтар аясында өзара ic-қимыл және ұстанымдарды үйлестіруді нығайтуға мүдделі екенін білдірді. «Пікір алмасулар қорытындысы бойынша, тараптар өзара тиімді екіжақты ынтымақтастықты дамыту бойынша алдағы қадамдарды айқындап, дәстүрлі достық сипаттағы қатынастарды ұстануға сенімділіктерін растады», -делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қытайдың сыртқы саяси ведомствосының басшысы сапарының басты міндеті Ташкентте 23-24 маусым аралығында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитін әзірлеу мақсатындағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесіне қатысу. Сол үшін ол Ташкентке барар жолда Алматы және Бішкек қалаларында тоқтады.

Сондай-ақ Қазақстан мен ШҰАӨ арасындағы екіжақты қатынастарды дамыту перспективалары талқыланды. Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Қытайдың Коммунистік партиясы ОК-нің Саяси бюросының Мүшесі, ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің (ШҰАА) парткомының Хатшысы Чжан Чуньсяньмен кездесу өткізді. Тараптар Қазақстан мен ШҰАӨ арасындағы екі жақты қатынастарды дамытудың жағдайы мен перспективаларын қарастырды. Бақытжан Сағынтаев пен Чжан Чуньсянь мәдени және сауда-экономикалық байланыстардың нығайғандығын айтты, оған «Қорғас» Халықаралық шекара маңындағы ынтымақтастық орталығының жұмысы, ҚХР ауыл шаруашылығы өнімдері үшін «жасыл дәліздің» ашылуы, «Достық-Алашанькоу», «Алтынкөл-Қорғас» теміржолдары арқылы жүк ағымының артуы, Ляньюньган теңіз терминалында ынтымақтастықтың артуы көрнекі дәлел. Осыған байланысты ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары мен ШҰАӨ парткомының Хатшысы ҚР мен ҚХР Өңіраралық ынтымақтастығы форумын құрудың маңыздылығын атап өтті. Келіссөздер барысында сондай-ақ сауда-экономикалық, индустриялық және инновациялық ынтымақтастық, көліктік жобалар, ауыл шаруашылығы аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

ҚХР СІМ басшысының айтуныша, Қытай мен Қазақстан экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға дайын. Бұл туралы Алматыда ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Қытай Халық Республикасының министрі Ван И мырзамен кездесуінде мәлім болды. Кездесу қорытындысы бойынша өткізілген брифинг барысында министр Ван И кездесудің жақсы өткендігін және маңызды келісімдер жасалғандығын атап өтті.

«Екі ел басшыларының арқасында Қытай мен Қазақстан, тағдыры ортақ қоғамдастыққа айналып келеді. Алдағы уақытта Ташкентте өткізілетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының көмегімен, сондай-ақ, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Үлкен жиырмалық» саммитіне қатысуын ұйымдастыру арқылы біз алдағы уақытта екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтқымыз келеді. Ондағы мақсат - екі жақты әріптестікті тұрақты түрде жаңа мазмұнмен толықтырып отыру», - деді Ван И. Сонымен қатар, ҚХР сыртқы саясат ведомствасының басшысы кездесу барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы мен «Жаңа Жібек жол экономикалық белдеуі» жобасын ұштастыру мәселесіне көп көңіл бөлінгендігін жеткізді. Оның айтуынша, осы бағытта Жол картасын әзірлеу бойынша бірлескен жұмыс тобын құру жөнінде ортақ келісімге қол жеткізілген.

Кездесу барысында бұған дейінгі индустриалдық ынтымақтастық аясында қол жеткізілген жетістіктерге екі тарап та ризашылық білдіріп, алдағы уақытта да өндіріс саласында ынтымақтасуды жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді. «Бұл ынтымақтастық әріптестерімізге экономиканы әртараптандыруға көмектеседі деген ниеттеміз. Бұған Қазақстанның әлеуеті жетеді. Біз Қазақстан халқының уақытша қиындықтарды еңсеріп, жарқын болашаққа жол ашатындығына сенімдіміз», - деді Ван И.

Қазақстанның ТМД елдерімен байланысы өзекті тақырып. Соның шініде, бағзы заманнан бері үзілмей жалғасып келе жатқан Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы қос мемлекет үшін қашан да еш маңызын жоғалтқан емес. Сондықтан көршілес елмен қарым-қатынастар жайлы "ҚазАқпарат" ХАА сайтында жарияланған материалдар легі де үздіксіз жарияланып келеді. Оның біріне сүйенсек, РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенконың айтуынша, 
Қазақстан мен Ресей өңірлерінің ынтымақтастығы жоғары нәтиже беруде. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы өзара тауар айналымы көлемінің 70 пайыздан астамы шекара маңындағы саудаға тиесілі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескеннен кейін РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко мәлім етті. «Бүгінде РФ-тің 76 субъектісі Қазақстанның өңірлерімен белсенді өзара әрекеттесуде. Сарапшылардың бағалауы бойынша өзара тауар айналымының 70 пайыздан астамы шекара маңындағы саудаға, өңіраралық өзара іс-қимылға тиесілі. Бұл жақсы көрсеткіш», - деп тоқталды В.Матвиенко. Екі ел арасында өзара тауар айналым көлемін арттырудың әлеуеті жоғары екеніне тоқталған ол, «Аймақаралық шекара маңы ынтымақтастығының нәтижелілігі жоғары, себебі бұл тұрғыда бюрократия аздау, яғни осы ретте нақты істер мен жобалар және ынтымақтастықтың бағдарламалары қамтылған. Бұл бағытта ресейлік және қазақстандық тараптардың өзара ниеттестігі өте жоғары», - деп атап өтті В.Матвиенко.

Ресей тарапы Қазақстанда тұрып жатқан РФ азаматтарын медициналық көмекпен толық көлемде қамтамасыз етуді өтінді. Ресей тарапы Қазақстанда тұрып жатқан РФ азаматтарын медициналық көмекпен толық көлемде қамтамасыз ету мәселесін шешуді өтінді. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко мәлім етті. «Біз бұл мәселені талқылаған болатынбыз. Осы ретте Қазақстанда тұрып жатқан ресейлік азаматтарға тегін медициналық қызметке қолжетімділік Ресейдегі Қазақстан азаматтарына тиесілі медициналық көмек деңгейінде реттеледі деп үміттенеміз»,-деп тоқталды В.Матвиенко. Оның сөзіне қарағанда, Ресейде Қазақстан азаматтарына тегін медициналық қызметтердің толық көлемі ескерілген. «Бірнеше жыл бұрын Қазақстанда жаңа заңнама қабылданғаннан кейін, Қазақстандағы ресейлік азаматтар тегін медициналық көмекті тек шұғыл жағдайларда ғана алуға құқылы болды. Ал зерттеулер, өмірлік маңызды дәрілер, инсулин бойынша барлығы ақылы негізде», - деді ол. Бұл тұрғыда В.Матвиенко тиісті шешім жасау үшін талқылаулар жүргізуге шақырды.

Бұдан соң РФ Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко мен ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. БҚО әкімдігінде өткен кездесуді Сенат Төрағасы Қ.-Ж.Тоқаев ашып, кеше екінші дәрежелі «Достық» орденімен марапатталған В.И.Матвиенконы наградасымен құттықтап, мұндай сапарлардың екі елдің байланысын одан әрі орнықтыруда маңызы зор екендігін атап көрсетті.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов мәртебелі меймандарға «қош келдіңіз» айтып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша мәлімет берді. Ресейдің Самара, Саратов, Орынбор, Астрахан және Волгоград сынды бес бірдей өңірімен шектесетін Батыс Қазақстан облысы шекаралас және достық қарым-қатынасты нығайтуға мүдделі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өткеніндей, Қазақстан мен Ресейдің арасындағы ынтымақтастық, тату көршілік пен достық тамыры тереңде, ғасырлар қойнауынан бастау алады. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысы да көршілес аймақтармен өндіріс пен сауда, мәдениет, ғылым мен білім және басқа салаларда табысты байланыс жасауда. Өңірде сексеннен астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде, түрлі мерекелерді бірге атап өтеді, әрқайсысының өз тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, дамытуына толық мүмкіндік бар. Ұлтаралық келісімді нығайтуда Қазақстан Президенті басшылық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен рөл атқарып келеді. Өңірдің экономикалық әлеуеті жоғары. Еуропа, Ресей, Қытай және басқа елдерден келетін тауарлар тасқыны Батыс Қазақстан арқылы өтіп, өнеркәсіптің, шағын және орта бизнестің дамуына игі ықпал етуде. Жаһандық өзгерістерді ескергенде, Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігіне көз жете түседі. Тек өткен жылы ғана БҚО-ның Ресей Федерациясымен сыртқы сауда айналымы 433 млн. долларды құрады. Қазіргі кезде облыста ресейлік кәсіпкерлердің қатысуымен сауда, тасымалдау және өндіріс саласында екі жүздей кәсіпорын тіркелген. Соның ішінде ұн және макарон өнімдерін өндіретін «Мартин» АҚ, металл өнімдерін шығаратын «КазАрмаПром» АҚ, сорғы-компрессор тұрбаларын өндіретін «КазТрубпром» ЖШС сынды бірлескен кәсіпорындарды бөліп айтуға болады. Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы өсіп, бұл 254 тонна сиыр еті, 7500 бас ірі қара, 1326 тонна ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымын құрады.

Валентина Матвиенко өз сөзінде Қазақстанға жұмыс сапарының жемісті болғанын, ендігі мақсат екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі тереңдету екендігін жеткізді. Бұл ретте Қазақстанда мемлекеттік реформалар мен бағдарламаларды жүзеге асыруда оң тәжірибелер жинақталғанын атап өтті. В.Матвиенко жұмыс сапары барысында Достық үйінде Батыс Қазақстан облысындағы этномәдени бірлестіктер жұмысымен танысып, өкілдерімен кездеспекші. Сондай-ақ Орал қаласының көрікті жерлерінде болмақшы.

Ал Санкт-Петерборға сапар аясында қазақстандық сенаторлар IV халықаралық «Еуразиялық экономикалық келешек» форумына қатысты, сондай-ақ ТМД ПАА-ның: мәдениет, ақпарат, туризм және спорт жөніндегі; мемлекет құрылысы және жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесін зерделеу жөніндегі; саяси мәселелер мен халықаралық ынтымақтастық жөніндегі; аграрлық саясат, табиғи ресурстар және экология жөніндегі; құқықтық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияларының отырыстарына қатысты. Ассамблеяның қырық төртінші жалпы отырысы барысында парламентшілер ТМД ғарыш кеңістігін зерттеу және бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы конвенцияның жобасын, «Биоэнергетиканы дамытудың негіздері туралы», «Экологиялық сараптама туралы», «Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау саласында ГӨА-ны тарату және пайдалану туралы», «Биологиялық алуандықты сақтау, тұрақты пайдалану және қалпына келтіру туралы», «Ағарту қызметі туралы» үлгі заң жобаларын қарады.

Санкт-Петерборда Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің отырысына қатысты. Бұл отырыстың ерекшелігі - халықаралық парламенттік ұйымдардың басшылары - Парламентаралық одақтың, Еуропа кеңесі Парламенттік ассамблеясының, ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының төрағалары, сондай-ақ әртүрлі елдер парламенттерінің шақырылған төрағаларының қатысуы болып табылады. Қ.Тоқаев парламентаралық ұйымдардың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша өзара іс-қимылының келешегі талқыланған шағын ортада болған кездесуде сөз алды. Парламенттік дипломатияның рөлі арта түскенін атап өте келіп, Қазақстан Сенатының басшысы әлемдік парламенттік қоғамдастық зерделеуі тиіс ынтымақтастықтың нақты бағыттарына әріптестерінің назарын аударды.

Біріншіден, Қ.Тоқеавтың ұсынысы бойынша, парламенттердің депутаттары барлық халықтардың ортақ жауына айналған әрі шекараны, ұлттық егемендікті, мәдениет пен дәстүрді мойындамайтын халықаралық терроризмге қарсы құқықтық іс-қимылды күшейтуі тиіс. Төраға әріптестерін Астанада 31 мамырда өтетін «Діндер терроризмге қарсы» халықаралық конференциясына қатысуға шақырды, оған бүкіл әлемнің парламентшілері мен әлемдік және дәстүрлі діндердің өкілдері алғаш рет жиналады.

Екіншіден, Қ.Тоқаевтың айтуынша, ядролық қарудың таралып кетуі адамзаттың өмір сүру болмысына қауіп төндіріп отыр. «Ол туралы саясаткерлер де, алдыңғы қатардағы ғалымдар да, азаматтық қоғам да ұдайы айтып келеді, алайда іс жүзінде атқарылған істер жоқтың қасы. Парламентшілер ядролық қарудың таралуына «жоқ» деп нақты айтуға міндетті. Толықтай қарусыздануға қол жеткізуге, Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың орындалуы мен Ядролық қаруларды сынауға жаппай тыйым салу туралы шарттың тезірек күшіне енуін жақтау керек», - деп атап өтті Сенат төрағасы.

Қ.Тоқаев ұлттық және халықаралық деңгейдегі милитаризмге қарсы іс-қимылды парламентшілердің халықаралық іс-қимылдағы үшінші бағыты ретінде атады. «Әскери салаға бөлінетін ауқымды қаржы (жылына 2 триллион долларға дейін) дамудың мақсаттарына берілуі мүмкін еді», - деді ол. Президент Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» Манифесіндегі деректерді келтіре отырып, төраға парламентшілер халықаралық жағдайды уландыратын соғыс індетінің одан әрі таралуына жол бермеуде парламентшілерге ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

Төртіншіден, Сенат төрағасының пікірінше, көптарапты парламенттік дипломатия сауда-экономикалық байланыстарды үдетуге жәрдемдесіп, мәдени және гуманитарлық алмасуларды ынталандыру керек. Қ.Тоқаев парламентаралық форумдарға қатысудан парламентшілерді оқшаулаудан бас тартуға шақырды, өйткені, «парламентаралық байланыстар халықтар арасындағы коммуникацияның маңызды арнасы болып қала беруі тиіс».

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» дәлізі аясында Қазақстан арқылы Қытайдан мен Орталық Азиядан Ресейге қарай тауар айналымы 2 есеге артты. Бұл туралы Астанада Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федерация Кеңесінің арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті. «Бүгінде біз «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автомобиль дәлізі бойынша алғашқы нәтижелерді көріп отырмыз. Атап айтқанда, Қазақстан арқылы тауар айналымы, жүк айналымы, трафик көлемі артты, осы ретте Қытай жағынан, сонымен қатар Орталық Азиядан Ресейге қарай тасымал екі есеге өсті. Бұл дәліз бойынша жүк тасымалын 30 млн тоннадан астам деңгейде байқап отырмыз. Осы көрсеткіштер Қазақстан ішіндегі еліміздің жүк тасымалы емес, яғни бұл импорт-экспорт және транзит болып табылады. Бұл жобаның әлеуеті жоғары екенін көріп отырмыз»,-деді вице-министр.

Айта кетейік, Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық аясында бұл - ірі интеграциялық жобалардың бірі. Қытайдағы Ляньюньган портынан Санкт-Петерборға дейінгі дәліз 8 мың 400 шықырымға жуық. Осы ретте Қазақстан арқылы 2 мың 787 шақырым өтеді. Бүгінде Қазақстан арқылы өтетін негізгі жол құрылыстары аяқталды.

Ал 2020 жылға қарай Қазақстан тарапы Қытайдан Павлодарға және Омбыға транзиттік дәлізді салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Астанада ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті. «Жалпы, біздің 2020 жылға дейінгі жол құрылысы бағдарламасы тұрғысында Қытай жағынан қосымша бір дәлізді салуды жоспарлап отырмыз. Осы бағытта Шығыс Қазақстан арқылы Павлодар және Омбы бағытында жолдың құрылысы ескерілуде. Бұл жоба 2020 жылға дейін тапсырылады», - деді Ж. Қасымбек Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федерация Кеңесінің арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында. Вице-министр 2020 жылға дейін Қазақстан аумағында республикалық маңызы бар 7 мың шақырымға жуық жолды қайта салу жоспарланып отырғанын еске салып өтті. «Сонымен қатар Ресей бағытындағы шекарамен шектес учаскелердің автокөлік жолдары құрылысына байланысты барлық мәселелерді шешетін боламыз», - деді ол.

Қазақстандық «ҚазТрансОйл» РФ-тен ҚХР-ге бағытталатын мұнай транзитін 10 млн тоннаға жеткізуге дайын. Қазіргі уақытта Ресейдің Қазақстан арқылы Қытайға жөнелтілетін транзиттік мұнайының көлемі жылына 7 млн. тоннаны құрайды. Бұл туралы «ҚазТрансОйл» АҚ басшысы Нұртас Шманов мәлім етті. «Қазіргі уақытта Ресейдің Қазақстан арқылы Қытайға жөнелтілетін транзиттік мұнайының көлемі жылына 7 млн. тоннаны құрайды. Біз оны ешбір теxникалық жетілдірусіз-ақ 10 млн. тоннаға дейін жеткізуге дайынбыз. Келісім бойынша бізде 7 млн тонна деп көрсетілген. 7 млн тоннадан асатын болса, біз оны тарифтік бөлігіне өзгерістер енгізе аламыз», - деді ол Астанада өткен баспасөз мәслиxатында. Оның айтуынша, егер мұндай ұсыныс келіп жатса, пайдаға барлық тараптар кенеледі.

Қазақстан мен Ресей ядролық отын циклі бойынша бірлескен жобаларды талқылады. "Росатом" мемкорпорациясы бас директорының орынбасары Николай Спасский мамыр айының басында Астанада кездесулер өткізді. Онда РФ мен Қазақстанның ядролық отын циклі саласындағы ынтымақтастығы талқыланды, деп хабарлады Росатом коммуникациялар департаментінен. Спасский Қазақстанның энергетика министрі Қанат Бозымбаевпен кездесті және елдің энергетика вице-министрі Бахытжан Жақсалиевпен келіссөздер жүргізді. «Ядролық энергетика саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері сөз болды. Ядролық отын циклі бойынша бірлескен жобаларға назар аударылды», - делінген хабарламада. Ядролық отын циклы (ЯОЦ) - ядролық реакциялар арқылы электр энергиясын алуға бағытталған технологиялық үдерістердің реттілігі.

Ресей компаниялары болса, жыл сайын Қазақстанға 1 млрд. АҚШ доллары шамасында инвестиция құяды. Бұл туралы Қазақстандағы РФ сауда өкілі Александр Яковлев мәлім етті. "Біздің елдер арасында инвестициялық әріптестік күшті дамып келеді. Ресей компаниялары жыл сайын Қазақстанға 1 млрд. АҚШ доллары шамасында инвестиция құяды және Қазақстан мен Ресей арасындағы 502-ден астам жобаға қатысады", - деді ол "ҚазАқпарат" ХАА тілшісіне берген сұxбатында.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресей арасында сауда-экономикалық қарым-қатынастар өте қарқынды дамуда. "Былтыр біздің елдер арасындағы тауар айналымы 15-17 млрд. долларды құрады. Бүгінде Қазақстанда 10,5 мың ресейлік компания бар, олардың 6 мыңы белсенді қызмет етуде. Қазақстан мен РФ облыстары арасында да аймақаралық әріптестік дамуда. Біздің аймақтар арасында 300-ден аса келісім жасалған. Біз бұл бағыттағы байланыстарды одан әрі нығайта бермекпіз", - дейді ол.

Ал осындай достық байланыстың бір дәлелі ретінде, Мәскеуде Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Сауда өкілдігінің ықпалдасуымен қазақстандық өнімдердің дүкені ашылды.Бұл «Бауырсақ» бөлшектік сауда желісінің бесінші дүкені. Ресейлік нарықтағы 4 жылда бұл желі ірі қазақстандық сауда марка өкілдерімен ынтымақтасуда. Барлығы 30-дан астам қазақстандық өндірушімен байланыс орнатқан. «Қазақстанда туғанмын, Мәскеуде тұрып жатқаныма 20 жыл болды. Үйде жеген тағамдарды жиі еске алатынмын. Отаныма барғанда Мәскеуге азық-түлік әкелетінмін. Кейін Мәскеуде қазақстандық өнімдердің дүкенін ашу ойыма келді», - деді «Бауырсақ» сауда желісін ұйымдастырушы Елена Қондақова. Е.Қондақованың сөзіне қарағанда, бастапқыда қазақстандық өнім көрмелерге қойылған. Кейін қазақстандық өнімді бағалаған сатып алушылар тауарды үнемі жеткізіп тұруын сұрады. Нәтижесінде дүкендер ашыла бастады.

Ресейдің сот органдары өкілдерінен құралған делегация Астанаға жұмыс сапарымен келді. Іс-сапар ресейлік тараптың бастамасымен өтіп отыр. Мақсат - Қазақстанның электронды сот жүйесін енгізу тәжірибесі мен соттардың жұмысын үйлестірудің ерекшеліктерімен танысу. «Біздің елдер арасында ортақ мәселелер жетерлік. Бізде сот құқығы жүйесі ұқсас, бізді Бірыңғай экономикалық кеңістік байланыстырады, онда басты рөлді Қазақстан мен Ресей ойнайтыны анық. Сіздердің сапарларыңыз екі жаққа да жемісті әрі пайдалы болады деп сенеміз», - деді ҚР Жоғары Сотының соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары Жазбек Әбдиев меймандарға қаратып айтқан сөзінде. Делегация құрамында РФ Жоғары Соты Сот департаментінің бас директоры Виктор Агеев, Кострома облыстық және Солтүстік Кавказ округтік әскери соттарының төрағалары, Сот департаментінің басқарма басшылары, «Правосудие» ақпараттық-аналитикалық орталығы» федералдық мемлекеттік бюджеттік мекемесінің жетекшісі Леонид Юхневич және тағы басқалары. «Біздің сот қызметі көп қырынан ұқсас десе де болады. Біздің сапарымыздың аясында бірқатар кездесулер өтеді деп жоспарлануда. Біз қабылдаушы тараппен жемісті әріптестік орнатуға мүдделіміз», - деді өз кезегінде В. Агеев. Ресейлік делегаттар Қазақстанның сот қызметімен және сот өндірісі жүйесімен танысты. Сонымен қатар, Ұлт жоспары аясында атқарылып жатқан сот жүйесіндегі жаңашылдықтармен де қанықты. Шетелден келген судьяларға ҚР Жоғары Сотының «Төрелік», «Е-мамандар», ішкі портал, «Сот кабинеті» ақпараттық қызметтері таныстырылды. Сондай-ақ, ҚР Жоғары Соты, жергілікті соттар мен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қатысуымен өткен бейнеконференцияға қатысты. Іс-сапар кезінде делегаттар Астана қаласының сотына бас сұғады деп күтілуде. Онда қонақтарға «Сот құжаттарымен танысу», «Сот істерін қарау күнтізбесі», «Мемлекеттік баж салығын төлеу», «Сот шағымы», «Талон беру», «СМС Хабарламаларды алу» сынды бірқатар ақпараттық жүйелердің жұмысы көрсетіледі.

Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан, Каспий тәрізді толағай теңіздің барын Қазақстанмен бөлісіп отырған ел - Әзербайжан елі. Аталған мемлекетпен түрлі салада байланыстар орнатылуда. Мәселен, алғашқы қазақстандық Alstom локомотивтері Әзербайжанға 2017 жылы жеткізіледі. Қазақстанда франциялық Alstom компаниясы өндіретін алғашқы электровоздар Әзербайжанға 2017 жылдан жеткізіле бастайды. Бұл туралы әзербайжандық Trend агенттігіне компанияның коммуникациялар бойынша менеджері Зәуре Рахметова айтты. Оның сөзіне қарағанда, «Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ-пен арадағы келісімге сәйкес, Alstom Әзербайжанға 50 электровоз жеткізеді. «50 локомотивтің 40-ы жүк тасуға, ал 10-ы жолаушылар тасымалына арналады. Бастапқыда өнімді 2016 жылдың соңында жеткізу жоспарланған, алайда шарт талаптарының өзгеруіне байланысты мерзімі кейінге шегерілді. «Бастапқыда 50 жүк электровозын жеткізу туралы келісілген, кейін тапсырыс беруші өзгерістер енгізді», - деді З.Рахметова. Оның айтуынша, компания аталған келісімшартты орындауға кірісті. «Жүк локомотивтері Астанадағы «Электровозқұрастыру зауытында», ал жолаушылар локомотивтері Францияда шығарылады» - деді З.Рахметова.

«Әзербайжан темір жолы» ЖАҚ-қа 50 локомотив жеткізу бойынша келісімшартқа 2014 жылы, ал соңғы келісімге өткен жылдың мамырында қол қойған. AZ8A асинхронды тарту жетегі бар электровоздар Әзербайжан үшін арнайы құрастырылады және ол әлемдегі ең қуаттылардың бірі болмақ. Олар сағатына 120 км жылдамдықта 9 мың тонна жүкті тартуға қауқарлы болады.

Әзербайжанмен бірыңғай көлік дәлізін салу мәселесі де талқыланды. Атап айтқанда, Астанада өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі мүшелерінің ресми стратегиялық зерттеулер орталықтарының ІІІ жиналысында түркі мемлекеттеріне ортақ көлік дәлізінің өзектілігі мен әлеуеті талқыға салынды.

«Қазақстан, Әзербайжан және Түркия мемлекеттерін жалғайтын ірі көлік-логистикалық күретамырды салу жайы бұған дейін де талқыланды. ҚР Инвестиция және даму министрі Әсет Исекешев жақында Қазақстан, Әзербайжан және Грузия елдерінің министрлері деңгейінде үшжақты кездесу өткізілетіндігін мәлімдеген болатын. Кейін оған Түркия да қосылады. Осы маршрут бойынша ұйымдастыру мәселелері, түрлі проблемалар мемлекетаралық талқылауда сөз болады деп күтілуде, - дейді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының басшысы Ерлан Қарин. - Бұның алдында түркітілдес елдердің арасындағы осындай жобаны біз тек жаһандық тұрғыда сөз етіп, Қытайдың Жібек жолы жобасы аясында ғана қарастырып келдік. Дегенмен уақыт талабы бойынша, осы маршрутты жеке жоба ретінде қарауға мүмкіндік туды. Нақты талқылаулардың, нақты шешім қабылдаудың сезіп отырмыз. Түркиядан Орталық Азияға бағытталатын жүк ағынын жаңа бағытпен Әзербайжан, ары қарай Каспий теңізіне шығуы бізге бұл жобаның өзектілігін көрсетіп отыр».

Сарапшылардың айтуынша, көлік және мультимодальді жүк тасымалы түркітілдес елдер үшін өте өзекті. Себебі бір шетінде Қазақстан Қытаймен шектесіп жатса, батыс қиырында Түркия Еуропа Одағы мемлекеттерімен жапсарлас жатыр.

«Қазақстан Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасында Еуразиялық мультимодальді көлік дәлізін салу жөнінде тапсырма берілген. Дәл осының аясында түркітілдес мемлекеттерін де біріктіру көзделіп отыр», - деп атап өтті ҚР Инвестиция және даму министрлігі Көлік логистикасын басқару басқармасының жетекшісі Бауыржан Кусубаев.

Айта кетейік, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі мүшелерінің ресми стратегиялық зерттеулер орталықтарының ІІІ жиналысына Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан елдерінің жетекші талдау орталықтарының сарапшылары мен Түркі кеңесінің мүшелері, отандық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты.

Қазақстан түрлі қиындықтарға ұшыраған ТМД құрамындағы мемлекеттерге ұдайы көмек қолын созып келеді. Мәселен, еліміз Тәжікстанға гуманитарлық көмек тиелген 18 вагонды аттандырды. 12 мамыр күні гуманитарлық көмек жіберудің ресми шарасы өтті, оған Қазақстанның Тәжікстандағы Елшісі Нұрлан Сейтімов пен Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы мемлекеттік материалдық резервтер агенттігі директорының орынбасары Сохибджон Зиедуллоев қатысты. ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тәжікстанға жалпы сомасы 873 мың долларды құраған бидай ұны, макарон өнімдері, ет және сүт қалбырлары, кептірілген жемістер, өсімдік және сары май, шай жіберілді.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылы табиғи апат салдарынан зардап шеккен Тәжікстан Республикасына ресми түрде гуманитарлық көмек көрсету туралы шешіміне сәйкес, қазақстандық тарап 2016 жылдың 10 мамырында Душанбе қаласына келіп жете бастаған гуманитарлық жүк тиелген 18 вагонды аттандырды.

Мұхиттың арғы жағындағы алпауыт АҚШ-пен де Қазақстанның өзара қарым-қатынасы серпінді дамуда. АҚШ та өз кезегінде біздің елімізбен одан әрі берік әрі сенімді әріптестікті дамытуға ниетті екенін жеткізген еді. "ҚазАқпарат" ХАА сайтында екі ел арасындағы кең ауқымды, терең әрекеттестікті паш ететін материалдар жарияланды. Мәселен, Канадада Қазақстаннан шыққан 10 мыңдай адам өмір сүреді екен. Бұл туралы Астанадағы баспасөз мәслихатында Қазақстанның Канада мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Константин Жигалов мәлім етті. Оның сөзіне қарағанда, Канадада бүгінде білім сапасы жоғары болғандықтан, еліміздің студенттері үшін айтарлықтай тартымды ел ретінде танылып отыр. «Болашақ» бағдарламасы аясында бұл елде 150 студент білім алып жатқан көрінеді. «Канададағы біздің балалардың жағдайын үнемі бақылап отырамыз. Бізде қай елді мекенде қанша бала тұрып жатқандығы туралы нақты кесте бар және ондағы отбасылардың аты-жөнін егжей-тегжейлі білеміз. Олар үшін түрлі шараларды үнемі ұйымдастырып келеміз», - деп тоқталды Елші.

Қазақстан Канаданың технологияларын пайдалана отырып, Өскеменде уран тазартатын зауыт салады. Бұл туралы Астанада өткен Қазақстан-Канада Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның басқарма төрағасы, Іскерлік кеңестің Қазақстан тарапынан тең төрағасы Асқар Жұмағалиев мәлім етті. «Қазір уранды терең өңдеу бағытын қарастырып, қызықты бір жобаны жүзеге асырғымыз келеді. Канада технологиясын пайдалана отырып, Қазақстан аумағында уранды тікелей тазартатын зауыттың құрылысы - біз үшін стратегиялық жоба. Сондықтан, қазір жан-жақты экономикалық салымдарды қарастырып, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына пайда әкелетін, жалпы, өзін-өзі ақтайтын зауытқа айналдырғымыз келеді. Зауыттың құрылысы Қазақстан мен Канаданың атом саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығарып, стратегиялық әріптестігімізге жаңа серпін береді деп үміттенеміз», - деді ол іскерлік кеңестегі баяндамасында. Журналистердің сұрағына жауап бере келе, А.Жұмағалиев зауыттың құны мен құрылыс кезеңі техникалық-экономикалық негіздемесі дайын болған соң белгілі болатынын айтты.

«Әрине, техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап жатырмыз. Осы құжат дайын болған соң зауыттың құрылысы басталады. Қазақстанда осындай зауыт болғанын қалаймыз, экономикалық тиімділігі де маңызды. Зауыт Өскеменде салынады. Өздеріңіз білетіндей, Өскемендегі Үлбі зауыты біздің атом өнеркәсібінің үлкен жасағы», - деді А.Жұмағалиев. Естеріңізге сала кетейік, Канада Сыртқы істер министрінің 2013 жылы Қазақстанға жасаған сапары кезінде екі тарап атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы келісімге қол қойған болатын.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір