• USD 378.65
  • EUR 430.07
  • RUB 6
  • CNY 55.1
26 Тамыз, 09:12:09
Қорықшылардың материалдық-техникалық базасы күшейтіледі

16 Маусым, 2017 NEWS

Қорлық көрген келіншек: Келін болып түскен күннен бастап өмірім тозаққа айналды

Енесі мен қайын жұртынан қысым көрген қырғызстандық келіннің оқиғасын

Енесі мен қайын жұртынан қысым көрген қырғызстандық келіннің оқиғасын Қамшы ақпараттық агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды.

«Келін болып барғаннан қорлық көріп, тозақта өмір сүрдім. Енем мені жақтырмады, кір жусам да, нан пісірсем де қасымда тұрып алады. Отырсам опақ, тұрсам сопақ болдым... Жолдасымның анасы мені көргенде жыны елетін болды», - деп бастады әңгімесін келіншек.

Ал күйеуімен сөйлесіп жүріп бас қосқандығын айтып өтті. Алты жыл бойы бірге тұрған бұл жұптың екі баласы бар. Келін болып барғаннан кейін біраз уақыт өткен соң Тазагүлдің денсаулығы нашарлап, жақсы күтімді қажет етеді. Дәрігерлер ауыр жұмыстар жасамауын ескерткен. Алайда, сонан соң енесі одан сайын ашулана түскендігін айтады.

«Бір гектар жерлері бар. Күніге картоп пен жүгері шабасың. Балаға да қараймын, жеріне де қараймын, бірақ не істесем де, жақтырмайды. Мамыр айында келін болып түскеннен соң тамыз айында соқыр ішек болып қалдым. Ауруханадан келген күні қамыр илеп, нан жап деді. Ішім ауырып жатқанын айтсам да, құлақ аспады. Жерге түсіп қалған алмаларды тасып, жинап алатынбыз. Жарты шелектеп тасып жатсам, «Өлгенде бітесің бе?» деп екі шелектеп тасытқызды. Кейіннен соқыр ішегім қайта ашылып, ауруханаға жатып қалдым. Без шығып, төрт рет ота жасаттым. Осы Бішкекте жатып емделдім. Ал, қызым ол кезде нәресте еді, енді бес ай болған. «Тезірек емделіп, жазылғыңыз келсе, күн сәулесіне көп шыға бермеңіз» деген дәрігерлердің ескертуін айтсам, «Онда сенің неге керегің бар, жоғал» деді. Баласына осы аурумен ажырас деп қоймады», - дейді ашынған Тазагүл.

Оның айтуынша, күйеуі бұл сұмдықтың барлығын біле тұра, еш үн қатпайды екен. Кейін күйеуі Ресейге жұмыс істеуге кеткен соң, енесі келіні мен баласын ажырастырудың жолын ойлайды. Оны бір ұлының көмегі арқылы іске асырмақ болды.

«2 қараша күні қайын інім келді үйге. Мен балаларыммен ұйықтап жатқанмын, ол кішкене қызып алған еді. Бір баланы ұстап алыпты. Шықсам «Бұл баланы танисыз ба? Сіз осы балаға тиейін деп жүр екенсіз ғой, жүреді екенсіздер» деді. Менің ауызым ашылып қалды. Жанағы баладан менің тұрмысымды бұзғалы келдің бе десем, қайын ініме бір қарап, маған бір қарап, үн қатпады. Сонан соң қайын енем мені көк ала қойдай етіп сабады».

Тазагүлдің қайын енесі мен күйеуімен байланысу мүмкін болмады. Ал, оның Манас есімді қайын інісімен сөйлесіп, оқиғаның мән-жайын анықтап айтып беруді сұрағанда, ол барлығын да жоққа шығарды.

Осылай отбасы бұзылып, екі баласынан тірідей айырылған Тазагүл ата-анасының үйіне қайтып баруға мәжбұр болады. Бірақ ол жақта да көп тұрақтамады. Өзбекстанның Ферғана облысы, Маржанток ауылында тұратын ата-анасы оны қайтадан Баткенге тұрмысқа береді. Бұл жолы ешкім де оның пікірімен санаспады.

«Мені тағы да тұрмысқа берді. «Ол үйленетін болса, сен отыра бересің бе, тиесің» деп беріп жіберді. Мен оны көрген емеспін. Мені алып барып берген күні бір-ақ көрдім. Қазір менің қолымда түк жоқ. Өзбекстанға кіре алмаймын. Құжатым жоқ, туу туралы куәлікті Қырғызстанда алғанмын. Ата-анамның құжаты Өзбекстандікі болған соң бермейді екен. Ал маған Өзбекстаннан куәлік жоқ», - дейді ол.

Тағдыры қатал келіншек қазір Бішкек қаласында. Емделем деп жүрген Тазагүл қазір алысырақ туыстарының үйінде паналап жүр.

Қайын жұртында қалған екі баласын ойлап, құса болған ол балаларына қалай жетерін білмей отыр. Ауылдан алшақ шығып көрмеген келін қазір қайырымды жандардың көмегіне мұқтаж. Қазір өзі қайда және кімге барарын білмей отыр. Баткенге де, өз үйіне де қайтуға жүрегі дауаламайды.

Шолушы: Назерке Лабихан

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Баннер

Пікір қалдыру

пікір